Жайық өзеніне 10 мың балық шабағы жіберілді

Махамбет ауданы бойынша 18 көл болатын болса, тек 7 көлде ғана су бар, қалғаны құрғап қалған. 

Екі өкпесі қабынып, тынысы тарылған адамға оттегі аппараты қандай қажет болса, дәл солай өзеннен бөлінген көл айдындарындағы балық шабақтары да оттегіге зәру. Әсіресе, құйқаңды шымырлататын шілденің шіліңгір ыстығы – балық шабақтары үшін өте қауіпті кезең. Осы орайда жылдағы дәстүрге сай Махамбет ауданының балық қорғаушылары өндірістік кооператив қызметкерлерімен бірлескен шабақ қорғау шарасын бастады.

ОН СЕГІЗ КӨЛДІҢ ОН БІРІ ҚҰРҒАП ҚАЛҒАН

Аптап ыстық көл айдындарының тартылып, таязданып, оттегі жетіспеушілігінен, шабақтардың қырылып қалу қауіптілігін жоғарылатады. Қазіргі таңда аудан бойынша 18 көл болатын болса, тек 7 көлде ғана су бар, қалғаны құрғап қалған. Ал биыл көктемгі өр суының көтерілуі кезінде тек Қоржын, Қызылжар, 8 және 15 ауыл көлдеріне ғана су келіпті. Бұл алаңдатарлық жағдай.

shabak2475

Инспекция қызметкерлері үшін қызу жұмыс енді басталды. Олар шағын көлдерді жағалай сүзіп шығып, құтқарылған шабақтарды Жайық айдынына жібереді. Бүгінгі біз келген Еңбекшіл ауылы тұсындағы «15 ауыл» шағын көліне жауапты – «Кенжеғалиев» жеке кәсіпкерлігі. Бұдан бөлек тағы екі көлдің тазалығын, балықтардың құтқарылуын өз бақылауына алған мекеме қызметкерлері өздерінің «Уаз», «Hilux» автокөліктері, үрлемелі қайық, бөшкелерімен келіп, жұмысқа кірісіп кетті. Жалпы шабақ құтқарудағы қажетті негізгі құрал – тар көзді ау. Сол ауды екі жағынан ұстап, ақырын жүріп отырып, шабақтарды жағаға әкеліп, қолмен тасымалдау арқылы таза су толы шелекке аударады. Кейін оны бөшкеге толтырып, Жайықтың тереңдеу жеріне сүңгітіп, «еркіндікке» жібереді. Шабақ құтқару шарасына 4 техника, 15 адам жұмылдырылып, жалпы көлемі 10 мыңның үстінде балық шабақтары құтқарылды.

s

- Көктемгі өр суымен бірге көлдерге сазан, көксерке, табан, мөңке секілді балықтар келіп, толықтай уылдырықтарын шашты. Су қайтқан мезгілде уылдырық шашқан балықтар Жайыққа оралып, көлдер үлкен су айдынынан үзіледі. Содан кейін шабақ балықтарын құтқару жұмыстарына кезек келеді. Бұрындары шабақ құтқару жұмыстарына «Теңізшевройл» компаниясының қызметкерлерінен құралған «Ынтымақ» үкіметтік емес ұйымының, сондай-ақ ауданның еріктелері көмекке келетін. Өкінішке орай, елдегі карантин мерзімінің ұзартылуы талаптарды ескеріп, тәртіпке бағынуға мәжбүр етті,- дейді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Махамбет аудандық бөлімінің басшысы Азамат Кабдугалиев.

s

ШАБАҚТАРДЫ ҚҰТҚАРУ ҚЫСТА ДА ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Ал инспекцияның ихтиологиялық мониторинг жұмыстарына жауапты Тілекші Есмұханованың айтуынша, балықтардың оттегі жетпей тұншығу қауіптілігінің алдын алу жұмыстары тек жазда емес, қыс мезгілінде де жүргізіледі екен.

- Қыс айларында мұз бетіндегі қар жамылғысы су асты балықтары мен шабақтарының қырылу қаупі төнеді. Бұл бағытта балықтарға оттегін жеткізу үшін үкі ойылады. Сондай- ақ балықтардың уылдырық шашу науқанын, қандай балықтардың жүріп жатқанын әрдайым бақылауда ұстап отырамыз. Биылғы көктемгі өр суының аз деңгейде көтерілгеніне қарамастан балықтың келуі, уылдырық шашуы жақсы болды. Кейін шілде айында шабақтарды құтқару жұмыстарын уақыт оздырмай бастап кетеміз. Егер бұл балықтарды құтқармай, осы жерде өсіп жетіле бергізсек, ғұмыры ұзаққа бармайды. Себебі, аптап ыстық, көл айдының кішіреюі, оттегі жетіспеушілік, мұның бәрі әсер етеді. Суасты балықтарының қырылуына жол бермеу – біздің негізгі жұмысымыз,- дейді ихтиолог-маман.

s

450 КГ БАЛЫҚ ТӘРКІЛЕНІП, 80 АЗАМАТҚА АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН

Жалпы Махамбет инспекция бөлімінде мемлекеттік қызметкерлер, инспектор-мамандар, ихтиолог және басқа да азаматтық қызметкерлерді қосқанда 19 адам еңбек етеді. Бөлімнің балансында 3 автокөлік, 1 КС «Күзетші-021» өзен кемесі және моторлы қайық бар. Ел байлығын қорғауды азаматтық парызы санайтын балық қорғаушылар броконьерлердің жолын кесу, Жайық жағалауының санитарлық тазалығын сақтау, әуесқой балықшылардың заңдылықтарын тексеруді бірінші кезекке қойып келеді. Көктем айында өткізілетін «Бекіре», «Таза жағалау» акциялары – соның көрінісі. Жыл басынан балық, орман, аңшылық қорғау заңнамаларын бұзған 80 азаматқа айыппұл салынып, оның 71-інен 1 070 053 теңге айыппұл өндірілген. Жайық өзенінен 128 дана иесіз құрылған ау құралдары жиналып, бөлім қоймасына орналастырылса, тәркіленген 450 кг балық Атырау қаласындағы «Надежда-1», «Тілекші» ЖШС-теріне тапсырылды.

shabak2474

Шабақ қорғау жұмыстары енді ғана басталды. Алдағы уақытта басқа көлдерді сүзіп, шабақтарын өзенге жіберіп, «өмір сыйлау» жұмыстары жалғасатын болады. Бір кездері «балығы тайдай тулаған» Жайықтың ірілі-ұсақты балығының көп болуын қалаймыз, әрине. Бірақ оған заңсыз балық аулаушылардың негізсіз әрекеттері кесірін тигізіп жүргені де белгілі. Жаңадан келген басшы жұмысты тыңғылықты ұйымдастырып, броконьерлердің санын азайтып, балық санын көбейтуге айтарлықтай үлесін қосады деген сенімдеміз.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521