Онлайн-байқауға қатысқан ауданымыздың өнерлі өрендері ерекше қабілетімен көзге түсті.
«Мереке» балалар мен жасөспірімдер өнер орталығы ағымдағы жылдың 15 маусым – 5 шілде аралығында X республикалық «Жаз мереке» атты онлайн байқау ұйымдастырған болатын. Жасөспірімдер мен ұстаздар арасында өткен аталмыш байқауға Махамбет аудандық З.Ещанова атындағы өнер мектебінің қобызшылары қатысып, бақ сынады.
Қашықтықтан болғанына қарамастан өнерлі өрендеріміз өздерінің қобыз тартудағы ерекше қабілетін, техникасын көрсетіп, Асылай Талғат, Халида Ержанова жүлделі 1 орынды иеленсе, Ақтоты Қуанышқызы 2 орынды қанжығасына байлады.
Қыздарды қобызға баулып, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген ұстазы Гульзия Магзумова: -Оқушыларымның әрбір жетістігі мен үшін зор мақтаныш. Талантты шәкірттерімнің талабына нұр жаусын,- деп ақжарма тілегін арнады.
А.САТАЕВА