Жайыққа аққулар қонды

Жайыққа аққу қонды

Жайықтың жағалауын құс еркесі аққулар махаббат думанына бөлеп жатыр. Махамбет ауданы тұсындағы Жайық өзеніне аққулар келіп қонуда.

Бұл көріністі алғаш байқап, бейнетаспаға түсіріп алған ауыл тұрғыны, каратэден жаттықтырушы Айгерім Айшуақованың сөзінше, бастапқы алты аққу келіп қонса, ертесіне олардың саны көбейген.

-26 наурыз күні кешкісін Жайық жақтан құстардың дауысы шықты. Аулада жүрген жолдасым қаздардың қонып жатқанын айтты. Бірақ, мен ерекше әрі таныс дауысты естігеннен кейін үйде отыра алмадым. Телефонымды алып, Жайық жаққа асықтым. Біздің үйдің дәл тұсында, өзеннің арғы жағалауына жақын жерге 6 аққудың келіп, қонғанын көрдім.

Өзім Ақтаудың тумасы болғандықтан маған бұл киелі құстар әрқашан ыстық. Қысқы мезгілде Каспийге келіп қонған аққуларды тамақтандыруға, суретке түсіруге үнемі шығатынбыз. Аққудың түр-түрі келетін, содан есімде қалыпты. Бүгінгі көрініске де көзіміз тоймай, қарадық. Түнімен айдынның бетінде қиқулап жүрді,- дейді Айгерім Айшуақова.

Аққу тыныш әрі қауіпсіз жерге келетіндіктен, мұны махамбеттіктер жақсылыққа балап отыр. Бұл құс қасиетті саналғандықтан қа­зақ әлімсақтан тиіспейді. Ауыл іргесі жайлы болса, келер жылы бірнешеуі қайта ұшып келуі мүмкін.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT