«Жайық жастары» еріктілері: «Шын мұқтаждың алғысынан артық не бар?»

Бес күндік жалған дүниеде жаны жабырқаған жандарға жақсылық жасап, олардың алғысын арқалағанға не жетсін? Халқымызда «кең болсаң – кем болмайсың» деген әдемі сөз бар. Адамзаттың асылы, екі дүние сардары Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» деп өзінен бұрын өзгеге жәрдем етуге шақырады.

Қазіргі таңда қайырымдылық бағытында құрылған топтар жайлы көп естиміз. Солардың бірі өзіміздің аудан жастарының бастамасымен құрылған «Жайық жастары» тобын айтпай кетуге болмас.

Әнші, биші, күйші, асаба бір сөзбен айтқанда өнерпаз жандардан тұратын еріктілер тобының құрылғанына көп болған жоқ. 2017 жылдың мамыр айында аудан орталығында алғашқы концертін өткізсе, күні бүгінге дейін қайырымдылық бағытта он беске жуық тегін концерт ұйымдастырған.

-  Алланың адамзат баласына берген екі үлкен нығыметтерінің бірі – денсаулық, екіншісі – уақыт. Сол алтын уақытымызды текке өткізгенше, сауапты іспен айналысуды жөн көріп, осы топты құрдық.Тобымызда күні бүгін 14-45 жас аралығында 18 адам бар. Он сегізінің әрбіріне жүктелген өз міндеті бар. Ауданға қарасты елді-мекендерді аралап, көмекке мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше көмектесіп келеміз. Сарайшық, Чкалов, Ақтоғай, Талдыкөл, Бейбарыс, Есбол т.б. ауылдарында ұйымдастырған қайырымдылық концертіміздің барлығы да өз дәрежесінде өткізілді. Жақында ғана өздеріңіз білетіндей, І топ мүгедегі А.Чечинге қол арба алу мақсатында концерт өткізіп, жиналған қаржыны өзіне табыстадық, - дейді Ақжайық ауылының тумасы, топ жетекшісі Алтынбек Құбылбай. Аталған шарадан соң еріктілер тобы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аруевтың алғыс хатымен марапатталды.

Күнделікті күйбең тірліктің қамытын бәр сәт ысырып қойып, сауапты іске жұмылған жандардың алға қойған мақсаттары көп. «Алға қарай көршілес аудандарға барып, өнер көрсету ойда бар. Жан-жақта жүрген топ мүшелерінің басын қосып, концертке дайындалуларына мүмкіндік беретін орталығымыз болса және бастамамызға қолдау көрсетем деген демеушілер табылса тіптен керемет болар еді деп ойлаймын», - дейді Алтынбек Аралұлы. «Жігітке жеті өнерде аз» демекші, топ жетекшісі Алтынбек асаба әрі әнші, музыкалық аспаптарда ойнайтын қыры да бар.

Елбасы жастар жылының ашылуында: «...Халықаралық бағалау бойынша әлемнің ең ірі үш жүз компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын жұмыс уақытының 1 сағатына жуығын волонтерлік қызметке жұмсайды» деген болатын. Бұл жүйе біздің елімізде енгізілмесе де, арамыздан осындай еріктілер суырылып шығып, өзінің емес, ең алдымен өзгенің бақыты үшін еңбектенуде. Жақсылыққа жаны құмар жастарымыздың сауапты істері еселене берсін. Расында шын мұқтаждың алғысын алғаннан артық не бар?

Б.САПАРОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521