«Жайық шұғыласы» газетінің ардагеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды⠀

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі мемлекеттік наградасымен «Жайық шұғыласы» газетінде талай жыл фототілші қызметін атқарған Қафиз Мұқтарұлы марапатталды. Марапат иесін мемлекеттік қызмет саласының ардагері Марат Батырұлымен бірге барып құттықтап, Қафиз ағамыздың батасын алдық.

Елімізге әйгілі тұлғаларды суретке түсіріп, баспасөз саласында қырық жыл еңбек еткен Қафиз Мұқтарұлы 1967 жылы аудандық партия комитетінің нұсқауымен «Жайық шұғыласы» газетінің редакциясына жұмысқа қабылданады. Фототілшілік қызметтің қызығы мен шыжығын көп көрген жан Е.Асылалиев, Қ.Сағиев, Б.Көшербай және Ж.Дүсіповтармен қоян-қолтық қатар еңбек етіп, ең жақын әріптестеріне айналды.

ac6678a7-f259-4cf1-8851-d8e72a87449f

– Редакция жұмысының өз қиыншылықтары да бар, түнімен жұмысты шамның жарығымен шығарып, таңертең редакторға жұмысымызды тапсырушы едік. 1972 жылы жазушы Сырбай Мәуленов «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тұрған кезінде маған Жазушылар Одағының төсбелгісін өңіріме тағып, Алматыға жұмысқа шақырды. Бірақ мен туған ауылымда қалуға шешім қабылдадым. Өңірімізге келген Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты да суретке түсіріп, газеттің нөміріне шығарғанымыз бар,-дейді Қафиз ағамыз өткенді еске алып.

ecd2f216-3855-45e1-a000-f8e54187bea8
«Ерен еңбегі үшін» медалімен азаматтар экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі және мемлекеттік қызметтегі жеткен табыстары үшін марапатталады. Дөңгелек пішінді медальдың ішінде «Ерен еңбегі үшін» деген жазу бедерленіп, қазақ оюымен және емен жапырағы бейнесімен айшықталған.

Айта кету керек, Президент тапсырмасымен Атырау облысына келген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты ісшараға қатысып, Президент Жарлығымен бекітілген мемлекеттік наградаларды түрлі салада ел мерейін асырып жүрген 60-қа жуық атыраулыққа тапсырған болатын.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521