Махамбет ауданын электр энергиясымен қамтып отырған мекемедегі бір күн

БІЗДІҢ ҮЙІМІЗДЕГІ ЖАРЫҚТЫҢ БОЛУЫ ЭНЕРГЕТИКТЕРДІҢ КӘСІБИЛІГІ МЕН ЖҰМЫСҚА ДЕГЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНАН. МАХАМБЕТ АУДАНДЫҚ ЭЛЕКТР ЖҮЙЕСІ — ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРҒА, ІРІ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ ЭЛЕКТР ҚУАТЫН ӘУЕ ЖЕЛІСІ АРҚЫЛЫ ТАРАТАТЫН БІРДЕН-БІР МЕКЕМЕ. АУА РАЙЫНЫҢ ДҮЛЕЙ ҚАРЛЫ БОРАНЫ, ҚАТТЫ ЖЕЛІ, ЖАУЫН-ШАШЫНЫ, МҰЗДАҒЫ МЕН ҚЫРАУЫНА ҚАРАМАЙ, ТҰТЫНУШЫЛАРДЫ ТҰРАҚТЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫП КЕЛЕДІ. МЕКЕМЕ БҮКІЛ АУДАНДЫ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫМЕН ЖАБДЫҚТАУДЫ ЖӘНЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН УАҚЫТЫЛЫ ӨТКІЗІП, ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ТҰТЫНУШЫҒА КЕЛІСІМШАРТПЕН ЖЕТКІЗУДЕ ӨЗ МІНДЕТТЕРІН ОРЫНДАП ОТЫР.

КЕЗЕКШІ-ДИСПЕТЧЕР ДАМЫЛ ТАППАЙДЫ

Электриктің негізгі міндеті – жабдықтың максималды беріктігі мен тиімділігіне қол жеткізу. Бұл кәсіп Н.Тесланың өнертабысының арқасында пайда болды. Әрине, технологияның дамуымен электриктің міндеттері айтарлықтай кеңейіп, оның білімі жанжақты болды. Сонымен қатар, маманға қойылатын талаптар да күшейтілді. Қазіргі уақытта электриктердің санаттары белгіленген арнайы ережелер бар. Мамандар арнайы оқудан, білімнен өтеді, үнемі біліктілігін арттырып отырады. Халықты электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында біркісідей еңбек етіп келе жатқан ұжым – «Атырау-Жарық» АҚ аудандық электр жүйелері мекемесі халыққа жарық сыйлаумен қатар апаттық жағдайлардың алдын алу, бола қалған жағдайда шұғыл әрекет етумен айналысады. 22 желтоқсан – Энергетиктер күніне орай мекеменің қызметінде күні-түні еңбек етіп жүрген, еліміздің экономикасының флагманы болып табылатын сала мамандарының жұмысының кішкене бөлігін ғана жарияламақпыз. Таңғы сағат 8:30-да басшылықтың нұсқауымен күн тәртібі бекітіліп, ұжым іске кіріседі. Апаттық жағдайлар ең алдымен ретке келтіріледі. Кейін жоспарлы жұмыстар жасалады. Сағат 17:30-да жұмыс уақыты аяқталғанымен, кезекші-диспетчерлер ауысыммен жұмыс жасайды. Олар 12 сағат күндізгі, 12 сағат түнгі ауысымнан кейін екі тәулік демалып, қайта жұмысқа кіріседі. Аяқ астынан шұғыл хабарлама келген уақытта сол күні кезекшілікке түскен слесарь, монтерлар жарықтың өшу себебін анықтап, қайта іске қосуға әрекет етеді.

27e58b25-7e16-426c-ba55-ea1052cdec9e

1991 жылы алғашқы еңбек жолын электрослесарьлықтан бастап, кейін реленің жұмысына жауапты маманнан кезекшілікке ауысып, содан бері табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан кезекшідиспетчер Талғат Үмбеталиевтың айтуынша, бүгінгі күні жарықтың өшкендігі туралы хабарламалар сирек түседі. Кезекші-диспетчермен бірге тоқты жан-жаққа бөліп тұратын сыртқы орнатуға арналған толық тарату құрылғылары (КРУН) орналасқан нысанның ішіне кіріп, жұмыс барысымен таныстық.

– Келіп тұрған жоғары кернеулі тоқ әр аумаққа кабель арқылы бөлінеді. Жарық өшіп, сым үзілген жағдайда КРУН-дағы ұяшықта «өшірілді» деген белгі қосылып, диспетчерге сигнал келеді. Содан әрекетке көшеміз. Алғашында қайта қосып көреміз. Қосылмаған жағдайда бригада шығаруға тура келеді. Шара қолданардың алдында міндетті түрде жауапты қызметкерлерге және Атыраудағы орталықтандырылған диспетчерлік қызметке хабарлап, мән-жайды түсіндіреміз. Содан кейін жұмыстар жасалады. Бригадалардың қауіпсіз жұмыс жасауы үшін желілерді өшіріп, жерге қосу (заземление) жүргізіп, бірлесе қызмет етеміз. Ауа райының желді, жауын-шашынды күндері жарықтың өшуі жиілейтіні белгілі. Бұрын жарықтың өшуі қайталана беретін. Қазір бағаналар жаңартылып, сымдар ауыстырылғаннан кейін жағдай тұрақталып келеді,дейді кезекші-диспетчер Т.Тыныштықұлы.

7e2c2759-e8ac-4152-ac69-4fb100800cab

МОНТЕР МЕН СЛЕСАРЬҒА ҚАТЕЛЕСУГЕ БОЛМАЙДЫ

Жұмыстың барлығы диспетчер арқылы жасалатындығына көз жеткізгеннен кейін слесарьлардың жұмысын бағамдау мақсатында аудан орталығына шықтық. Электрослесарьлардың жұмысына жауапты шебер Құрманғазы Карешов, слесарьлар Талғат Мұқанов, Аслан Сұлтановпен бірлесіп, трансформатордағы тоқтың кернеулігін, толық күшін тексеру жұмыстары атқарылды. Ал электромонтерлардың жұмысы ертемен басталып кеткен екен. Біз барған уақытта Бақсай ауылдық округіне қарасты Көздіқара елді мекеніндегі бағаналардағы сым желілерінің байланымдарын жаңалау, оқшаулағышты алмастыру немесе тазалау жұмыстарын жүргізуде. Олардың жұмысына жауапты, әуе желілерінің шебері Сүлеймен Ғазизовтың сөзінше, қысқа дайындық жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі.

– Алғаш жұмысқа орналасқандарды немесе практикаға келгендерге бағанаға шығудың мәнісін, тоқтарды жалғаудың тәртібін үйретеміз. Өзім де монтер болып жұмыс жасадым. Апаттық жағдайлардың, өрттің алдын алу мақсатында сымдар байланған изоляторларды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Қысқа дайындық жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Бұл ұжымдағы әрбір маман өзінің қызметіне аса жауапкершілікпен қарайды. Жауапкершілікпен қатар бұл мамандық күн сайын ізденуді талап етеді. Өйткені электр энергиясы саласындағы өзгерістер күн сайын қарқын алуда,-дейді әуе желілерінің шебері С.Ғазизов.

Қазіргі таңда «Атырау-Жарық» АҚ аудандық электр жүйелері мекемесінде 10 электромонтер, 5 слесарь және 11 көлік жүргізушісі қызмет етеді. Электромонтер – электрмен жабдықтау және электр қауіпсіздігі бойынша білімі бар маман.

83c3cb36-c132-46ad-a7a7-9b2da462cef2

ЖҰМЫСҚА ЫНТАЛЫ ЖАСТАР АРТЫП КЕЛЕДІ

Электр энергиясын тұрақты қамтамасыз ету процесін жүзеге асырушы электромонтер кәсібін игерген Сүлеймен Ғазизов, Абзал Актурин секілді тісқаққан мамандардың шекпенінен шыққандардың бірі – Марсель Қаби. Мектепті тәмамдағаннан кейін О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжіне түсіп, электрик мамандығын алып шығады. Қолына дипломын алып «Атырау-Жарық» АҚ-ның Махамбет аудандық электр жүйесіне қызметке орналасады.

– Алған білімім бойынша еңбек етуді көздеп, осында жұмысқа орналастым. Осы жұмысқа орналасқаныма қуаныштымын. Алғаш келген кезде бағанаға көтерілу, тоқтарды жалғау секілді жұмыстарға тәлімгерлерім үйретті. Оқуда теориямен үйретсе, бұл жерде нағыз маман болу үшін практика жүзінде жүргізіледі. Қызметке жаңадан орналасқандықтан үйренгенімнен үйренерім көп. Маған өзімнің ұжымым да, жұмысым да ұнайды. Бұл жерде жастарға өте жақсы қарайды, қолдау көрсетіп, қолдан келмей жатқан нәрсеге көмек береді,-дейді жас маман.

Электрик жұмысы, сондай-ақ барлық «электрлік» кәсіп өкілдерінің қызметі өте қауіпті. Өйткені, маман күн сайын электр тогының соғу қаупіне ұшырап қана қоймайды, сонымен қатар өз міндеттерін өте қолайсыз және тар жағдайларда жиі орындайды. Сондықтан бұл мамандарға қойылатын талап өте жоғары. Атап айтқанда, электрик физикалық тұрғыдан күшті, төзімді және жеке қасиеттерге ие болуы керек. Жайлылық қана емес, өміріміздің қауіпсіздігі де көп жағдайда электриктерге байланысты болғандықтан мамандарға да жоғары кәсіби талаптар қойылады.

80e32437-89e5-49eb-820e-24b8395a8e41

Айта кету керек, аудандағы трансформаторлар жаңартылып, қуаттылығы да арттырылуда. Жаңғыртудың нәтижесінде халық электр жарығымен үздіксіз және сапалы қамтамасыз етіледі. Қазір өзегі мүжіліп, қуыс сырнайға айналып, уақыт сынына әзер төтеп беріп тұрған бағаналарды кездестірмейміз. Бәрі ақырындап сапалы бетон бағаналарға ауыстырылуда. Өз ісіне адал жандар – өңірдің энергетиктері кәсіби біліктіліктерін шыңдап, станциялар мен энергетикалық кешеннің жұмысын тұрақты түрде жүргізуге әзір.

P.S. Ел Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған салтанатты шарада өмірлерін энергетикамен байланыстырған жандарды құрметтеп, осы салада атқарған жұмыстарын бағалап, сала ардагері Михаил Константинович пен «Атырау-Жарық» АҚ аудандық электр желісінің аға шебері Сәкен Сағидоллаұлына «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісін тақты. Бұл – еліміздің энергетикалық кешенін құруға және қызмет көрсетуге өз өмірін арнағандардың атқарған жұмыстарына деген жоғары баға.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT