ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ЕЖЕЛДЕН «ЖЫЛДЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ» ДЕП, ӘР КЕЗЕҢНІҢ ӨЗ НЕСІБЕСІ, ӨЗ ЫРЫСЫ БОЛАТЫНЫН АЙТҚАН. РАСЫНДА ДА, УАҚЫТТЫҢ ӘР БЕЛЕСІНІҢ ӨЗІНДІК СЫНАҒЫ МЕН СЫЙЫ БАР. ДЕГЕНМЕН, МЕН ҮШІН ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНЫҢ ОРНЫ АЙРЫҚША. ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ «ЖАҢА ЖЫЛ – ЖАРЫЛҚА, ЕСКІ ЖЫЛ – ЕСІРКЕ» ДЕГЕН ТӘМСІЛІ ДЕ СОНЫҢ ДӘЛЕЛІ.
Әр адамның жадында өтіп бара жатқан жылдың тек жақсы сәттері сақталады. Сол себепті жылан жылына да өкпе артпаймын. Әр жыл өзімен бірге тәлім мен тәжірибе, сабыр мен үміт әкеледі.
Өзім жылқы жылы туғандықтан, алдағы жылды еліміз үшін құтты, берекелі жыл болады деп сенемін. Қуаныштар жыл сайын еселеніп, жақсылықтар көбейіп келеді. Негізінен, жылдардың бірінен-бірін бөліп-жарып қараудың қажеті жоқ. Ең бастысы – жылқы жылының берер игілігі мол болып, адамдардың пейілі кеңейсе, бақытты сәттер де арта түсері анық.
Есік қаққалы тұрған Жылқы жылынан әрбір жан жақсы жаңалықтар күтеді. Жаңа жыл барлық ісіміз бен бастамаларымызға ақ жол ашып, мол табыс пен береке әкелсін. Кең-байтақ елімізге тыныштық пен молшылық, халқымызға игілік тілейміз. Әрбір шаңырақта құт-береке орнап, шаттық пен қуаныш салтанат құрсын.
Серік ҚОЙБАҚОВ,
Қ.Ахмедияров атындағы орта мектеп директоры


