Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды стратегиялық құжат.
Бұл Жолдауда жасанды интеллект, цифрландыру және заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы қоғамның өмір сүру сапасын арттыру негізгі бағыт ретінде ұсынылды. Президент елдің болашағы білімге, инновацияға және цифрлық жаңғыруға тікелей байланысты екенін нақты атап өтті.
Жолдауда көтерілген басты мәселелердің бірі – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды экономиканың барлық саласына енгізу. Бұл қадам мемлекеттік басқаруды жеңілдетіп қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, білім беру жүйесін жаңғырту, жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру және отандық IT-мамандарды даярлау мәселелері де ерекше назарда болды. Президенттің айтуынша, түбегейлі цифрлық жаңғыру халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын нақты жол. Бұл – уақыт талабына сай, алға ұмтылған мемлекеттің айқын бағыты.
Жолдау Қазақстанның болашағына бағытталған нақты әрі мазмұнды бағдарлама деуге болады. Цифрлық даму мен жасанды интеллектті тиімді пайдалану елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Әрбір азамат осы бастамаларды қолдап, білімін жетілдіріп, заман талабына сай әрекет етсе, Қазақстанның жарқын болашағына бірге қадам басамыз.
Д.СӘДУАҚАС


