«Тәуекел етуден қорықпаймын»

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ЕЖЕЛДЕН ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫН ЖҰТСЫЗ, ҚҰТ- БЕРЕКЕГЕ ТОЛЫ, СӘТТІ ЖЫЛДАРДЫҢ ҚАТАРЫНА ҚОСҚАН. ХАЛЫҚТЫҢ АРҒЫ-БЕРГІ АҢЫЗДАРЫ МЕН ЕРТЕГІ-АҢЫЗ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕ БҰЛ ЖЫЛҒА ҚАТЫСТЫ ЖАЙСЫЗ СИПАТТАМА КЕЗДЕСПЕЙДІ. КЕРІСІНШЕ, ЖЫЛҚЫ ЕРКІНДІКТІҢ, ТӨЗІМДІЛІКТІҢ, АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ СИМВОЛЫ РЕТІНДЕ БАҒАЛАНҒАН. АЛ ЫРЫМ БОЙЫНША БҰЛ ЖЫЛЫ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ЖАНДАР ЖЫЛҚЫ БАУЫЗДАМАЙТЫНЫ ДА КӨПКЕ БЕЛГІЛІ.

Мен 1978 жылы, яғни Жылқы жылында дүниеге келдім. Өмір жолыма көз жүгіртсем, дәл осы жылдарда жауапты қызметтер атқарғанымды аңғардым. Мәселен, 2002 жылғы жылқы жылында «Группа-4» ЖШС-де күзетші болып еңбек еттім. Ал 2014 жылы Атырау қаласындағы «PSNKaZStroy» АҚ қауіпсіздік қызметінің өкілі, сондай-ақ Махам¬бет аудандық Батыс аэроқұтқару жедел жасағының басшысы қызметтерін атқардым. 2020 жылдың 13 қазанынан бері Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып, еңбек етіп келемін. 

Өз басым жылқы жылын ең жақсы жылдардың бірі деп есептеймін. Жылқы – қиындыққа төзімді, күш- қуаты мол, еңбекқор әрі еркіндікті сүйетін жануар. Бұл жыл адал еңбек еткен адамның жолы болатынын меңзейді. Жылқы жылы туған адамдардың көбі табысқа жету үшін тынымсыз еңбектенеді. Ал жомарт жылдың өз несібесін беретіні айтпаса да түсінікті. 

Кезінде жылқыны өз жылының патшасы деп санаған. Жылқы жылы – сәттіліктерге, жақсы жаңалықтарға, соңы игілікпен аяқталатын мүмкіндіктерге толы жыл. Бұл жылы туған жандар жетістікке маңдай терімен, табанды еңбегімен жетеді. Нағыз жұмысқа жегілетін аттай еңбекқор, ерінбей-жалықпай қызмет ететін жандар – осы жыл иелері. 

Жылқы жылы туған адамдар қандай істі де өз қабілетімен жарқырата алады. Өзгелерді тани білетін, ортада көшбасшылық қасиетімен дараланатын мұндай жандар белсенді, бастаған ісін соңына дейін жеткізбей тынбайды. Алға ұмтылған жігерінің арқасында олар кез келген қиындықты еңсеріп, болашаққа зор сеніммен қарайды. Дербес шешім қабылдауға бейім, еркіндікті жоғары қоятын, тәуекелден қорықпайтын мінез де – осы жыл иелеріне тән қасиет. 
Өткен жылға өкпем жоқ. Әр адам әр жылдан жақсылық күтеді. Менің де алдағы 2026 жылдан күтерім мол. Жағымды жаңалықтар мен тың өзгерістер болса, нұр үстіне нұр. Өйткені, 2026 жыл – белсенділік, еркіндік пен жаңғыру уақыты. Жылқы жылы құтты болсын! 


Бекбол ҚЫДЫРОВ, 
Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT