«Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде Махамбет, Алға ауылдарында Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл екі жоба 2021 жылы басталған еді.
ЖАЛПЫ ЖҰМЫСТЫҢ 45 ПАЙЫЗЫ АТҚАРЫЛДЫ
«Махамбет ауылындағы Жайық өзенінің 4,5 шақырымындағы жағалауды бекіту жұмыстары» жобасын жүзеге асыру қатты су тасқыны кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, рекреациялық аймақ жасауға да мүмкіндік береді. Ол жерде жалпы ұзындығы 4,7 км жағалау абаттандырылып, жарықтандырылады, ауыл тұрғындары демалып, қыдыратын үш балалар алаңы мен үш спорт алаңы жасалады. Жаңа жағалау салу ауылда шағын және орта бизнестің дамуына да оң ықпал етеді.
Жаға бекіту жұмыстарын өткен жылдың шілде айында аяқтау жоспарланған. Жобаға толықтырулар енгізілуіне байланысты жұмыстар тоқтатылыпты. Қазіргі таңда құжаттарды түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сырымбет Кенжебаевтың сөзінше, жалпы жұмыстың 45 пайызы атқарылды.
– Қаржы игеруімен салыстырмалы күйде қарасақ, қаражаттың көбі материалға төленген. Соған сәйкес материалдары келіп тұр. Күні бүгін облыстық бюджеттен 765 587,0 мың теңге қаралып, келісімшарт жолданды. Жұмыстар қазір габион салумен жалғасуда. Бағаналарды қағу және орналастыру, темір шпунт қағу, тасты қабатты орналастыру жұмыстары толықтай аяқталса, монолитті ростверкті құю 85 пайызға, темір сыммен тоқу 95 пайызға, кері сүзу фильтрін қалыптастыру 97 пайызға орындалады,- дейді бөлім басшысы.
Тордан жасалған, тастарға толтырылған үлкен көлемді құрылым топырақты тұрақтандырып, құлама жар мен еңіс жерді бекітеді. Габионның бетон тіреуден айырмашылығы – экологиялық таза, ұзақ мерзімді, созылымды және әдемі. Бұл жағалауға жақын орналасқан үйлерді көшірмеуге де мүмкіндік берді. Айта кетейік, жаға бекіту жұмыстарының бастапқы құны – 10 886 212,2 мың теңге. Қазіргі таңда жоба түзетуден өтіп, құны 17 875,187 млн. теңгеге бағаланды.
ҚОРҒАНЫС БӨГЕТТЕРІ ҚАТЕРДІ СЕЙІЛТТІ
Естеріңізде болса, 2018 жылы ортағасырлық Сарайшық қалашығы аумағында жағалауды бекіту жұмысы жүргізілген болатын. Бұл шара тарихи орынды Жайық суының шайып кетуінен қорғап қалды. Екі жылда құрылысшылар биіктігі 3,6 м, ұзындығы 1,5 км қорғаныс бөгетін салды.
Жайық өзенінің көктемгі су тасу кезінде Махамбет ауылының аумағын басып кету қаупі жоғары болып отыр. Жыл сайын Жайықтың жағалық сызбасы ауылға қарай жылжып келеді. Соңғы 15 жылда өзен арнасы мен жағалық сызығы батыс бағытта 4-10 метрге жылжыды. Апаттың айтып келмейтінін ескерсек, «тілсіз жаудың» қатерін сейілтетін қорғаныс бөгеттері екендігі белгілі.
Бастапқыда «Tokyo Rope» жапон компаниясы жүзеге асыратын жоба мемлекет-жекешелік әріптестік аясында қолға алынғалы жатқан-ды. Алайда кейін бұл жұмысты атқару «ПавлодарӨзенПорты» компаниясына берілді. Алматы қаласына Есентай өзені жағалауын 2 шақырым учаскеде ауыр габиондар қолдана отырып, өзен арнасын бекіткен болатын. Тәжірибелі компанияға сенім болмады ма, әлде отандастарымызды қолдайық деді ме, ол жағы белгісіз. Жауаптылар да бұл сұрағымызға жауап бермеді.
Жағалау сызығына жақын үй салған кейбір тұрғындар «жағалауды бекіту жұмыстары қажет пе» деген сауал қойғаны есімізде. Мұндай сауал қоюға себеп те жоқ емес еді. Өзен суы соңғы жылдары біршама таяздап кетті. Сол кездегі облыс әкімі «Жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізудің қажеттілігі жоқ» деген пікірмен келіспейтінін айтқан еді. 1993-94 жылдары орын алған су тасқынын еске алып, өзен суының көтерілмейтініне кепілдік жоғын жеткізді. Расында, Жайық жыл сайын жағалаудың жаңа учаскесін «жеп келді».
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЖОЛДАНДЫ
Алға ауылындағы ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын жаға бекіту жұмыстарына жалпы 7 191 797,7 мың теңге бөлінді.
– Бүгінде бірінші және екінші арнаның қазба жұмыстары жүргізіліп, ӘЖ-10 желісін ауыстыру жұмыстары толықтай аяқталды. ПК0-ден ПК8-ге 800 метр бағана қағу, геошпунтын қағу жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы жұмыстың 15 пайызы атқарылды. Мамыр айында аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта облыстық бюджеттен 275 528,0 мың теңге қаралып, жұмыстар монолитті ростверк құюмен жалғасуда,- дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сырымбет Кенжебаев.
Жайық өзені жағалауының табиғи ағыспен құлауы салдарынан Алға ауылына зор қатер төніп тұр. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев республика Премьер-министріне депутаттық сауал да жолдаған болатын.
– Шынында, қазір Алға ауылының жағадағы үйлеріне дейін өзен арнасы небәрі 60-70 метр қалған. Жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде 15-20 метрге дейін арақашықтық қысқарып барады. Ол үшін өзен жағасын бекіту қажет. 3,2 километрге созылатын бұл аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізу мәселесі Үкімет тарапынан қолдау тауып, 2021 жылы жұмыс басталғанымен, қаржыландырудың кешеуілдеуінен жұмыс тағы тоқтағалы тұр. 2024 жылы жаға бекіту жұмыстарын толық аяқтау үшін 3 миллиард теңгеден астам қаржы бюджетте қаралмаған. Олай болса, бұған дейінгі жасалған жұмыс зая кетпек. Табиғи өр суы толық аяқталған арнаның қазба жұмысы, электр желісін ауыстыру, енді ғана басталған қада қағу жұмыстарын шайып кетері сөзсіз. Өкініштісі, жағадағы тұрғын үйлерге қауіп туғызуда,- депті депутат сауалында.
Ал, бұған экс-Премьер-Министр 2021-2023 жылдары бюджеттен бөлінген 4,1 миллиард теңгеге жоспарлы жұмыстар жасалғанын көрсеткен. Неге екені белгісіз, Сенат депутаты көтеріп отырған негізгі проблемаға мән берместен, өз хатында су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарланғанын ғана атап өтіпті.
ТҮЙІН
«Екі жылда аяқталып, халық игілігін көруге тиісті жобаның жұмысы, белгіленген уақытта 45 пайызға ғана орындалып, үшінші жылды орталаса да әлі мәресіне жетпеуінің себебі неде?» деген сауалымызға жауапты бөлімнің басшысы осылай жауап берді. Өйткені, жобаға өзгеріс енгізіліп жатыр. Десек те, жұмыстың өз уақытында аяқталмауының негізгі себебі, жұмыс күші мен техниканың тапшылығынан, мердігер компания тарапынан жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауынан болып отыр. Ендігі жерде түзетуден өтіп, құны 17 875,187 млн. теңгеге қайта бағаланған игілікті істің аяқсыз қалмауы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Сонда ғана жағаның жыры бітетін күнге жетеріміз анық.