12 ТАМЫЗ – БҮКІЛ ӘЛЕМДЕ ЖАС БУЫННЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫНА, ОЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ МЕН ӘЛЕУЕТІНЕ НАЗАР АУДАРАТЫН МАҢЫЗДЫ ДАТА РЕТІНДЕ АТАЛЫП ӨТЕДІ. «МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР САЯСАТЫ» БҮГІНДЕ ЕЛІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ АЙМАҒЫНДА, СОНЫҢ ІШІНДЕ МАХАМБЕТ АУДАНЫНДА ДА СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП КЕЛЕДІ.
БАҒДАРЛАМАЛАР МЕН ЖОБАЛАР – НАҚТЫ ҚОЛДАУ ТЕТІГІ
Бүгінде аудандағы 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны – 8653. Бұл – аудан халқының айтарлықтай бөлігі. Жастар ресурстық орталығының мәліметіне сүйенсек, жұмыссыз ретінде тіркелген жастар саны – 367. Осы санды азайту, жастарды әлеуметтендіру және қоғамдық өмірге тарту бағытында жүйелі жұмыстар жасалуда.
«Жастар» жылы мен «Волонтерлер» жылы шеңберінде басталған бастамалар бүгінде тұрақты үрдіске айналып, жыл сайын жаңа серпінмен жалғасын тауып келеді. Әсіресе, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, кәсіпкерлікке тарту, патриоттықа тәрбиелеу, құқықтық сауаттылығын көтеру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағыттарында көптеген жоба жүзеге асуда. Аудан көлемінде жастарды қолдау бағытында «Жасыл ел», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға» сынды бағдарламалар сәтті іске асырылып келеді.
– Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 120 жас маусымдық жұмысқа тартылуда. Бұл тек еңбекке баулу емес, сонымен қатар табиғатты қорғау мен экологиялық тәрбиеге үн қосу. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 15 жас маманға көтерме жәрдемақы (369 200 теңге) мен тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік кредит (9 230 000 теңге) беру жоспарлануда. Бұл – ауылды көркейту мен кадр тапшылығын жоюға бағытталған нақты қадам,- дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаев.
Сондай-ақ жоғары оқу орнын «қызыл дипломмен» бітірген түлектер конкурстан тыс мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігіне ие. Бұл – жастарға берілген сенімнің айқын көрінісі.
ҚОҒАМДЫҚ ӨМІРГЕ ТАРТУ – БЕЛСЕНДІЛІККЕ ЖОЛ
Ауыл жастарын қолдауға бағытталған «Talaptan Makhambet» жобасы, оның аясындағы «We Talk» консультациялық алаңы арқылы округ жастарына кең ауқымды ақпараттық және мотивациялық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл алаңдарда жастар қаржылық сауаттылық, жеке кәсіп бастау, діни қауіпсіздік, құқықтық мәдениет, ерте жүктіліктің алдын алу, зиянды әдеттерден сақтану сынды тақырыптарда білікті мамандаран кеңес алуға мүмкіндік алды.
– Жастарды жай ғана шараға қатысушы ретінде емес, қоғамның белсенді мүшесі ретінде қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз. Біз олардың идеяларын, ұсыныстарын тыңдаймыз, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік беруге тырысамыз. Әсіресе, ауыл жастарының арасында әлеуеті жоғары, бірақ қолдауға зәру жігіттер мен қыздар бар. Соларды жігерлендіру үшін бізге ортақ қолдау мен сенім қажет, – дейді А.Қонысбаев.
ІЗГІ ІСТЕР МЕН ИГІ БАСТАМАЛАР – ТӘРБИЕ МЕКТЕБІ
Жастар арасында рухани тәрбие мен дінге қатысты түсінікті қалыптастыру – қазіргі заман талабы. Осыған орай, ауданда теолог мамандар мен құқық қорғау органдарының қатысуымен «Дін және жастар», «Заң және тәртіп», «Жат ағымдардан сақтану» тақырыптарында кездесулер мен ашық сабақтар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
«Сенім» жастар орталығы да мектеп оқушылары арасында ерте жүктілік, жыныстық тәрбие, тәуекелді ойындар, нашақорлық, дұрыс тамақтану сынды тақырыптарды көтеріп, өзекті мәселелерді жас ерекшеліктеріне сай талқылап жүр.
Наурызнама онкүндігі аясында аудан жастары қайырымдылық шараларына, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға, экологиялық сенбіліктерге, ағаш отырғызуға, спорттық жарыстарға, тазалық акцияларына белсене қатысты. Сондай-ақ «Ардагерді ардақтайық», «Жақсылық жаса», «Таза Қазақстан» сынды волонтерлік жобалар жастар арасында кеңінен қолдау тапты.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы Жеңіс – ұрпақтан тағзым» атты ән және көркем сөз байқауына округтерден жастар қатысып, өздерінің өнері арқылы тарихқа құрмет көрсетті. Сонымен қатар Боздақтар ескерткішіне гүл қою, «Жеңіс ленталарын» тарату, ардагерлермен кездесулер – жастар бойына патриоттық рух сіңірудің айқын мысалы.
ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫ – ЖАСТАРДЫҢ ЕКІНШІ ҮЙІ
Бүгінгі таңда аудандық Жастар ресурстық орталығы көптеген жобаны үйлестіріп отыр. Дегенмен, мекеменің қазіргі ғимараты заман талабына сай емес, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл туралы Ақжол Қонысбаев:
«Ғимараттың ескі екені рас. Бірақ бұл бізге кедергі емес. Жоба-сметалық құжаттары дай¬ындалып жатыр. Қаржы бөлінсе, келесі жылы жөндеуден өткізіп, жастарға заманауи, жайлы орта қалыптастыруға ниеттіміз», – дейді.
Жастар – бүгіннің ертеңі ғана емес, бүгіннің де шешуші тұлғасы. Олар қоғамда серпін беріп, тың өзгерістердің бастамашысы болып келеді. Ендеше, жастарға қолдау көрсету – елдің стратегиялық бағытына үлес қосу деген сөз.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ