«ҮЗДІК АУЫЛ ЖАСТАРЫ – 2025»

12 ТАМЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІНЕ ОРАЙ АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ МЕН АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «ҮЗДІК АУЫЛ ЖАСТАРЫ-2025» АТТЫ ФЕСТИВАЛЬ-БАЙҚАУ ӨТТІ. ШАРАҒА 9 АУЫЛДЫҚ ОКРУГТІҢ 14-35 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРЫ ҚАТЫСТЫ.

Фестиваль алдымен Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаевтың құттықтау сөзімен басталды. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, жастардың шығармашылығын, өнерін, спорттық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған мұндай мәдени- көпшілік шаралардың маңыздылығын атап өтті. 
Байқау 7 кезеңнен тұрды. Алғашқысы – ауыл жастарының тыныс-тіршілігін бейнелейтін қысқа бейнеролик көрсету. Сарайшық, Ақтоғай және Талдыкөл ауылдарының таныстыру жұмыстары креативтілігімен ерекшеленді. 

«Күй ойнау» кезеңінде қатысушылар Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Н.Тілендиевтің «Аққу», Қ.Ахмедияровтың «Күткенде», Д.Шығайұлының «Көреғұлы» күйлерін орындады. Ортақшыл ауылы қыздарының күй тартысы көрермендерді ерекше әсерге бөледі. «Заманауи ән» бөлімінде заманауи хиттер мен шетелдік композициялар орындалды. Ақжайық ауылының әншісі сахнаны шынайы шоуға айналдырса, басқа қатысушылар Мирас Жүгінісовтің «Әндетемін», Мархаби Сәбидің «Ұнайды маған» және «Күйім» әндерін шырқады. Төртінші кезең – заманауи би. Көрермендер жастардың көңілді, ырғақты қойылымдарын жылы қабылдады. Спорттық сайыс – «Гір тасын көтеру» жігіттердің күш-жігерін сынады. Соңғы кезеңде командалар 3-5 минуттық әзіл қойылымдарын ұсынды. 

Әділ қазылар шешімімен «Үздік ауыл жастары-2025» атағы Ақжайық ауылының командасына бұйырды. Екінші орынды – Талдыкөл, үшінші орынды Сарытоғай командалары иеленді. Сонымен қатар, «Үздік күйші» – Гүлсезім Айболатқызы, «Үздік әнші» – Ардақ Нұролла, «Үздік би тобы» – сарайшықтық «Тұмар», «Үздік спортшы» Эльдар Сейітқали атанды. Есбол, Таңдай, Ортақшыл, Ақтоғай, Жалғансай, Сарайшық жастары алғыс хатпен марапатталды.


Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT