Жаңашыл жас мамандар

Ауданның жас ұстаздары республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрінді. «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты республикалық педагогикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жас педагогтар жоғары нәтижеге қол жеткізіп, аудан мерейін үстем етті. Бұл білім бәйгесінің ұйымдастырылуына облыстық білім басқармасы мен Таланттарды анықтау және қолдау, орталығы мұрындық болды.

Педагогикалық олимпиаданың негізгі мақсаты – жас мамандардың әдістемелік шеберлігін жетілдіру, білім саласына инновациялық әдістерді енгізуге ынталандыру, педагогикалық мамандықтың беделін көтеру. Олим­пиада барысында қатысушылар өздерінің шығармашылық әлеуетін кеңінен көрсетіп, инновациялық және эксперименттік әдістерін кәсіби деңгейде қорғады.

Байқау үш бағыт бойынша өтті. Оған еңбек өтілі 5 жылдан аспаған жас педа­гогтар, психологтар және тәлімгерлер қатысты. Осындай бәсекелі ортада өздерінің білімі мен білігін дәлелдеген аудан ұстаздары үздік нәтиже көрсетті. «Жас педагог» номинаци­ясында Махамбет ауданы, Бейба­рыс ауылындағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің химия пәні мұғалімі Лаура Айпова үздік деп та­нылып, аудан намысын абыроймен қорғады.

– Байқауға берілген үш тақырыптың бірі – «Ұстаз болу». Осы тақырыпты таңдап, оның мәнін ашу барысында химия пәнінен QR-код арқылы зертханалық жұмыс өткізу идеясын қорғадым. Бұл әдіс оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арт­тырып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар тарапынан идеям жоғары бағаланып, жеңімпаз атан­дым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Ұстаздық жолымда жаңа қадам жа­сап жатқан маған үлкен мотивация берді. Өзімнің жетекшім Жанат Какимқызымен ақылдасып, тың иде­ялар енгізуге тырыстық. Осы орайда менің кәсіби өсуіме қолдау көрсеткен, сенім артқан жандарға алғысым шексіз, – дейді Лаура Айпова.

Лаура Айпова – білімге құштар жас маман. Ол өзі оқыған А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектепті «Алтын белгіге» тәмамдап, кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде білім алды. Университетті де қызыл дипломмен бітірген ол бүгінде туған мектебінде шәкірт тәрбиелеп, өз білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа үйретуде.

Сонымен қатар Талдыкөл орта мектебінің аға тәлімгері Нұрайым Жолдыбаева «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олим­пиадасында «Қазіргі заман талабына сай балалар ұйымы» тақырыбында жоба қорғап, жүлделі үшінші орынды иеленді.

– Бұл мектеп менің білім алуымның алғашқы баспалдағы болды, мені көп нәрсеге үйретті. Мұнда тек білім ғана емес, өмірлік ұстанымдарым да қалыптасты. Қазіргі таңда ұстаз ретіндегі басты мақсатым – оқушыларға әділ және тең мүмкіндік беру, олардың жеке қасиеттері мен қабілеттерін дамыту. Білім беру процесінде әрбір тәжірибе маңызды. Әрбір қиындық – үлкен сабақ, ол адамның кәсіби дамуына ықпал етеді. Сондықтан алдағы уақытта да ізденісімді тоқтатпай, оқушыларға сапалы білім беруге бар күшімді сала­мын, – дейді жас педагог.

Жас мамандардың жетістігі білім саласында жаңа идеялардың, жаңашылдықтың бар екенін көрсетеді. Олар тек ауданның ғана емес, өңірдің білім деңгейін көтеруге үлес қосып жүрген жандар. Біз талантты жас ұстаздарға сәттілік тілейміз! Ұстаздық жолдарыңыз жарқын, білім жолындағы алар асуларыңыз жоғары болсын!

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT