Орманды қорғау өзімізден басталсын!

Орман – ол оттегі, ылғал мен азайып бара жатқан тұщы судың қайта қалпына келуіндегі кепілдігі. Орман - ол әртүрлі жануарлар мен құстардың өмір сүру ортасы. Халқымыз «Табиғат – адамзаттың өмір нәрі, қажетінің табылар содан бәрі» - деп бекер айтпаған.

Орманның алғашқы жауы – өрт қаупі. Орман өрттері құрғақ ауа райы мен жел кездерінде айтарлықтай үлкен аумаққа таралып кетеді. Ауа райының ыстық кездерінде, егер жауын-шашын болмаса, ормандар құрғап, кез келген абайсыз жанған оттың әсерінен өрт тез таралып кетуі мүмкін. Ең өртке қауіпті орман өсімдіктеріне қарағайлы, жапырақты ағаштар жатады. Ормандардағы түскен жапырақтар, бұталар және құрғақ шөптер мен ну қамыстар қауіпті өрт тудырады. Олар үлкен зардап шектіреді.

Дегенмен бес саусақтың бәрі бірдей емес. Кейбір демалушылар орманның таза ауасымен тынығып, сұлулығын тамашалап жүріп от жағады, тұрмыстық қалдықтарды тастап кетеді, ағаш бұталарын сындырып, зиянын тигізеді. Ал, босаған пластик ыдыстар, әйнектер, темекі қалдығы, дұрыс сөнбеген от ошақтары орманға апат алып елуі мүмкін.

Осы ретте аудандық орман шаруашылығының мекемесі ор­ман өртінің алдын алу шараларын естеріңізге салады:

- Орманға демалуға барар кезде рұқсат қағаз алып, арнайы демала­тын орындарға бару керек;

- Қайтар кезде отырған орынды жинап, от ошағына су құйып неме­се топырақпен көміп сөндіру қажет. Әйнек, қағаз қалдықтарын жинап кету керек;

- Агрегаттар мен көліктер өрт сөндірудің бастапқы құралдарымен қамтылуы керек. Олар: күрек, сыпырғыш, өрт сөндіргіш, т.б.

Орман өрті – үлкен апат. Ол орманға ғана емес, қоршаған ортаға да үлкен зиян келтіреді. Сондықтан ауыл адамдарын, келген қонақтар мен демалушыларды табиғат ана сыйлаған асыл мұра - орманымызды сақтауға шақырамыз.

Өңіріміздің ең үлкен табиғи – байлығы орманды жасыл-же­лек ресурстарын дұрыс ұқыпты пайдалануға бүгінгі ғана емес, болашақ ұрпақ алдында жауаптымыз. Бабамыз «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Табиғатқа зиян келтірмес үшін Махамбет орман шаруашылығы қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерін атқара бермек.

Тамира АМАНЖОЛОВА,

«Махамбет орман және жану­арлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме» КММ эколог маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT