ҚОРДА 200 ТОННА КАРТОП БАР

Еліміздің қала-аудан, ауылдарында картоп бағасының күрт өсуі ішкі нарықтағы бағаның экспорттық бағаға тәуелді екенін көрсетті. Сала мамандары оның себебін көрші елдерге Өзбекстан тарапынан сұраныс артуымен, экспорттық баға жоғары болуымен байланыстырып отыр. Картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға өскен. Сауда комитеті төраға орынба­сары Е.Жәутіков «біз картопты сыртқа көп саттық. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық. 2023 жылы 400 мың тонна экспорт­талса, өткен жылы бұл көрсеткіш 600 мың тоннаға жетті» деген еді.

Сауда және интеграция ми- нистрлігінің аумақтық органдары монополияға қарсы аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, жағдайға күшейтілген қадағалау жүргізілетінін айтып, сауда қызметі мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы бұзған жағдайда олар нарыққа қатысушыларға шұғыл ықпал ету ша­раларын қабылдағаны мәлім. Со­нымен қатар «Ішкі нарықтағы кар­топ бағасын тұрақтандыру үшін 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Са­уда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия оты­рысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу ту­ралы шешім қабылданды. Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды. Алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере оты­рып, 2025 жылдың 16 қаңтарынан экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды»-делінген Үкімет хабар­ламасында. Ал картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол берме­уге, нарыққа қатынастар тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бер­меуге бағытталып отыр.

ҚР АШМ деректері бойынша бүгінгі таңда қолда бар қорлар биылғы ерте егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттілікті толық жабу үшін жеткілікті. Картоп өсірушілер қауымдастығы бойынша 600 мың тонна, тұрақтандыру қорларындағы 68 мың тонна, жеке қосалқы шағын шаруашылықтағы жертөлелерде 200 мың тоннадан астам өнім бар.

Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ мәліметінше тұрақтандыру қорынан шығарылып, сатылып жатқан картоп басқа дүкендермен салыстырғанда әлдеқайда арзан, картоптың бір келісі -180 теңге. Көкөністі арзан бағамен алып, оны үстеме бағамен сатуға жол бермеу үшін осындай шешім қабылданған. Атырау әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы АҚ Азық- түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Қ.Құрманғалиев : «Бір адамға 3 кг-нан ғана сатылады. Бұл азаматтардың төмен бағада көп мөлшерде картоп алып, оның үстеме баға қосып сатуларына жол берілмейді. Яғни алыпсатарлық әрекетті болдырмау мақсатында ғана. Қазір тұрақтандыру қорында картоп жеткілікті. 200 тоннадай қор бар» дейді.

Атырау облысының 2024-2025 жылдарға арналған тұрақтандыру қоры бойынша бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Соған сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстау мақсатында жергілікті ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге айналым қаржысын толықтыру үшін қайтарымды қаражат беріледі. «Тұрақтылық қорында 5667 тонна көкөніс бар. Өнімдер 11 супермаркет, 3 базарда, 6 сауда павильонында сатылады. Картоп тапшылығы жоқ. Қорда 200 тонна кар­топ жинаулы. Бұл қор ақпан айының соңына дейін жетеді» - дейді сала ма­мандары. Кәсіпкерлік корпораци­ясы көктемгі кезеңге де 680 тонна ауылшаруашылық тауарларын алуды жоспарлауда. Сол мақсатта жергілікті кәсіпкерлер тауар өндірушілермен қосымша шарт жасап қойған.

Ал ауданымызда картоптың бағасы қандай? Ол жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қасымхан Ұзақбайұлы былай дейді.

- Ауданымыздағы 2025 жылғы 7 ақпан күнгі мәлімет бойынша картоптың бір келісінің орташа бағасы -330 теңге. Бүгінде аудандағы тұрақтандыру қорында 63,1 тонна картоп бар. Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауарға картоп та жатады. Көп шаруашылықтар жері өткен жылғы тасқын суға кетуіне бай­ланысты өнімдері азайды. Аудан дүкендерінде сәбіз 226,6 теңгеден сатылуда, тұрақтандыру қорында 92,8 тонна сәбіз өнімі бар. Пияздың келісі 200 теңге тұрса, әлеуметтік қорда пияздың 124 тоннасы тұр. Қырыққабат 220 теңгеден сатылып жатыр, қорда 59 тонна қырыққабат бар. Ауданымызда нанның орташа бағасы 130 теңге тұрса, астық (1 сортты ұн) 300 теңге. Тұрақтандыру қорында 24, 6 тонна 1 сортты ұн бар.

Жұма сайын өтетін жәрмеңкеге «Дастан» ШҚ, «Отбасы» ШҚ, «Орал өнімдері», махамбеттік, округтер­ден кәсіпкерлер келіп, өнімдерін тұрғындарға қолжетімді бағамен са­туда. Атап айтсақ, жәрмеңкеде «От­басы» ШҚ картопты-290 теңгеден, жу­аны-170 теңгеден, қырыққабатты-190 теңгеден сатуда. Махамбеттік кәсіпкер А.Қожантаев жылыжайынан қиярлар әкеліп, тұтынушыларға ұсынды. «Жұмағалиева» ШҚ жылыжайының тек бір блогы жұмыс істеуде, ал қалғандарында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта шаруашылық бақша өнімдеріне 4 га жер қосуды жоспарлап отыр. Ауылдық округтердің берген алдын ала болжамы бойынша егін, бау-бақша өнімдерінен «Дастан» ШҚ картоп-25 га, көкөніс-45 га, бақшаны 50 га жерге егуді жоспарлап отыр. Сарайшықтағы «Дибдиева» ШҚ картоп егуді қолға алмақшы. Округтерден алдын ала берілген бұл мәліметтер әлі де өзгеруі мүмкін»-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Қ. Ұзақбайұлы.

Жоғарыда атап өткендей, аудандағы тұрақтандыру қорында 63,1 тонна картоп бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын негізсіз өсіруді қадағалау мақсатында жұмыс жүргізетін ұйымдар мони­торинг жүргізіп, оның ішінде кар­топ бағасының қымбаттауына жол бермейді деп сенеміз.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT