ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ – ЕЛДІҢ ЕГЕМЕНДІГІ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН МАҢЫЗДЫ ҚҰРЫЛЫМ. 1992 ЖЫЛЫ 7 МАМЫРДА ҚҰРЫЛҒАН БҰЛ ӘСКЕРИ ЖҮЙЕ БҮГІНДЕ ӨЗ ӘЛЕУЕТІН ҮНЕМІ ЖАҢАРТЫП, ЗАМАНАУИ ТАЛАПТАРҒА САЙ ДАМЫП КЕЛЕДІ. ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ ҚҰРАМЫНА ҚҰРЛЫҚ ӘСКЕРЛЕРІ, ӘУЕ ҚОРҒАНЫСЫ ЖӘНЕ ӘСКЕРИ-ТЕҢІЗ КҮШТЕРІ КІРЕДІ. СОНЫМЕН БІРГЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕГЕ СҮЙЕНЕ ОТЫРЫП, АРНАЙЫ ЖӘНЕ АУМАҚТЫҚ ӘСКЕРЛЕРДІҢ ОРНАЛАСУ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛДІ.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕН БІТІМГЕРЛІК МИССИЯЛАР
Соңғы бір жылда еліміздің әскери құрылымдары 850-ден астам іс-шара өткізіп, оның ішінде 30-дан астам халықаралық оқу-жаттығулар мен жарыстар ұйымдастырды. Әсіресе, қорғаныс саласында шетелдік әріптестермен бірлескен жаттығулар көбейіп, халықаралық байланыстар нығая түсті.
2024 жылы Қазақстан 15 маңызды халықаралық шартқа қол қойды. Сол жылы Армения, Қытай, Тәжікстан, Словакия, Сербия және Түркияның Қорғаныс министрлері елімізге ресми сапармен келсе, біздің министр Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Ресей, Түркия және Сербияға сапар шекті. Бұл кездесулерде әскердің дамуы, кадр даярлау, әскери білім беру және техника саласындағы әріптестік басты тақырыпқа айналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанның бітімгерлік әлеуеті де кеңейіп келеді. 2024 жылдан бастап біздің әскери қызметшілер Біріккен Ұлттар Ұйымының алты бірдей миссиясына қатысып жүр. Ливанда үш штаб офицері, Таяу Шығыста екі әскери бақылаушы, Батыс Сахарада алты бақылаушы, Орталық Африка Республикасында екі штаб офицері және Конго Демократиялық Республикасында екі бақылаушы бейбітшілікті сақтау жолында қызмет атқаруда. Бұл – Қазақстан әскерінің халықаралық аренадағы беделін арттырып, әлемдік қауымдастық алдындағы жауапкершілігін дәлелдейтін көрсеткіш.
ӘСКЕРДІҢ ӘЛЕУЕТІ – ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМҚОРЛЫҚТА
Қарулы Күштердің дамуы тек техника мен тактика деңгейінде емес, әлеуметтік бағытта да айқын көрініс табуда. Қорғаныс министрлігінде жуырда әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету және «Әскери баспана» жеңілдетілген ипотекалық несиелеу бағдарламасын қайта жандандыру мәселесіне арналған кеңес өтті.
Жиынға министр, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қатысты. Кездесуде министр әскери қызметшілердің әлеуметтік әл-ауқаты Қорғаныс министрлігі жұмысының басты басымдығы екенін атап өтіп, «Баспана.kz» сайтындағы жаңа талаптардың әскери адамдар үшін қосымша қиындықтар туғызатынын айтты.
– Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелерге нақты қолжетімділік маңызды. Қазіргі уақытта ондай мүмкіндік жоқ, ал тұрғын үй бағасының өсуінен бастапқы жарна жинау іс жүзінде мүмкін емес,-деді министр Д.Қосанов.
Оның айтуынша, соңғы жылдары 15 мыңнан астам әскери отбасы тұрғын үй төлемдері мен ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған. Министр екінші деңгейлі нарықтан пәтер сатып алу мүмкіндігін қайта енгізу қажеттігін де атап өтті. Көптеген әскери қызметшілер жөндеуден өткен, инфрақұрылымы бар, қызмет орнына жақын үйлерді таңдайды. Кездесу соңында тараптар тұрғын үй мәселелерін бірлесе шешуге дайын екендерін растады.
ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢАРУ ЖӘНЕ КӘСІБИ ДАЯРЛЫҚ
2025 жыл армиямыз үшін жаңа белеске айналды. Қорғаныс министрлігі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударып, автоматтандырылған басқару жүйелері мен спутниктік байланыс кешендерін енгізуде. Радио және деректер алмасу технологиялары жаңартылып, әскери бөлімдердің жедел өзара әрекет ету қабілеті күшейді.
Каспий өңірінде 200-ден аса жас сарбаз елге адал қызмет етуге ант беріп, әскери өмірдің алғашқы сатысына қадам басты. Бұл дәстүр жастарды патриотизм мен жауапкершілік рухында тәрбиелеудің жарқын үлгісі. Бүгінде әскери оқу орындарында соғыс тактикасы мен заманауи технологияларды меңгеру, киберқауіпсіздік, логистика және стратегиялық басқару пәндері жаңартылған бағдарламамен оқытылады. Заманауи сарбаз — тек қару ұстаушы емес, аналитикалық ойлайтын, техниканы жетік меңгерген маман.
Қарулы Күштер мен қоғам арасындағы ашық байланыс жыл сайын нығайып келеді. Әскери жаңалықтар мен жетістіктер бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып отыр. Бұл – халықтың армияға деген сенімін арттырып, жастардың әскерге деген ынтасын күшейтеді.
Жалпы алғанда, Қазақстан Қарулы күштері бүгінде тек әскери құрылым ғана емес, ол – мемлекеттіліктің айнасы, ұлттық рухтың тірегі. Тәуелсіз елдің тыныштығы мен бейбіт өмірі осы жүйелі дамып келе жатқан әскердің айбынды күшімен тікелей байланысты. Заманауи техника мен жоғары рух ұштасқан, интеллектуалды әлеуеті зор әскер – Қазақстанның ертеңгі қауіпсіздігі мен тұрақтылығының басты кепілі.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

