ЕЛІМІЗДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ МЕН ТҰТАСТЫҒЫН ҚОРҒАУДЫҢ БЕРІК ҚАЛҚАНЫ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ. МЕМЛЕКЕТ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН САҚТАУ ЖОЛЫНДА ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТІҢ МАҢЫЗЫ АЙРЫҚША. ҚАРУЛЫ КҮШТЕР – ЕЛ ЕРТЕҢІНІҢ, ХАЛЫҚ БЕЙБІТШІЛІГІНІҢ КЕПІЛІ.
АРМАНҒА АДАЛДЫҚ ПЕН ЕРІК-ЖІГЕР
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген нақылы – ел жадында мәңгі сақталған ақиқат. Сол өнегені өмірлік ұстаным еткен жас сарбаз – Жандос Асхатов бүгінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүрген әскери қызметкер.
Жандос Асхатұлы 1999 жылы 25 сәуірде Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген. Бала кезінен тәртіп пен ұқыптылықтың үлгісі болған атасына қарап өскен ол әскери адам болуды армандады. 2005 жылы Е.Ағелеуов атындағы мектептің табалдырығын аттаған бала 2016 жылы білім ордасын жақсы аяқтап, ата-анасының қарсы болуына қарамастан өз мақсатына қарай нық қадам жасайды.
Сол жылы Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусына оқуға түсіп, 2018 жылы сәтті бітіреді. Кейін Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы 99116 әскери барлау полкінде қызмет жолын бастайды. Алғашында бөлімше командирі болса, бүгінде 1 арнайы мақсаттағы барлау ротасының топ сержанты (жауынгерлік және дене даярлық жөніндегі нұсқаушысы) болып қызмет атқарып жүр.
ҚЫЗМЕТТЕГІ ТАБЫС ПЕН МАРАПАТ
Жандос әскери өмірдің қиындығы мен қызығын қатар көріп келеді. Оның айтуынша, бұл сала ең алдымен сабыр, төзім және табандылықты талап етеді.
– Әскери қызметтің ең ауыр тұсы – отбасынан, туған-туыстан жырақ жүру. Бірақ бұл мамандық мені тәртіпке, шыдамдылыққа, батыл шешім қабылдауға үйретті. Әр тапсырма – үлкен сенім. Сол сенімді ақтау – менің басты қағидам, – дейді ол.
Кейіпкеріміз өз кәсібіне деген адалдығы мен жоғары нәтижесі үшін бірнеше мәрте марапатталған. «Birlik – 2025» бірлескен өңірлік оқу-жаттығуы кезінде көрсеткен кәсібилігі мен еңбекқорлығы үшін Қорғаныс министрінің мақтау қағазымен, сондай-ақ 99116 әскери бөлім командирінің алғыс хатымен марапатталған.
2024 жылы Сержанттар күніне орай үздік қызметі үшін алғыс грамотасына, ал бұған дейін “Сержанттар корпусына 20 жыл”, “ҚР Барлаушылар күніне 30 жыл”, “Қарулы күштерге 30 жыл” және “Ұлы Жеңістің 80 жылдығы” медальдарымен марапатталған.
«ЕЛ ҚОРҒАНЫ БОЛУ – БАСТЫ МАҚСАТ»
Жандос Асхатов болашақта да әскери жолда қызметін жалғастыруды көздейді.
– Қызметімді абыроймен атқарып, ел қорғаны болу – менің өмірлік мақсатым. Әскер – рух пен жауапкершіліктің мектебі. Бұл жолды таңдаған жастарға айтарым – ерік-жігер мен төзімділік керек. Әскери қызмет тек физикалық емес, рухани сын да, – дейді ол.
Жандос соңғы жылдары еліміздің Қарулы күштерінде заманауи цифрлық жүйелер мен жаңа техника кеңінен енгізіліп жатқанын айтты.
– Қазір әскери дайындықта түрлі симуляциялық тренажерлар қолданылады. Бұл жауынгерлердің кәсіби деңгейін арттырып, қауіпсіздік шараларын күшейтеді. Әскерилердің әлеуметтік жағдайы да жақсы жолға қойылған, – дейді жас сержант.
ЖАҢАРУ КЕЗЕҢІ ЖӘНЕ ЖАҢА ТАЛАПТАР
ҚР Қарулы күштері тәуелсіздік алған жылдардан бастап ел қауіпсіздігінің басты тірегіне айналды. Бүгінде Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы, Әскери-теңіз күштері мен Арнайы әскерлер заманауи техникалармен жабдықталып, халықаралық стандарттарға сай дайындықтан өтуде. Махамбет ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Нысаналы Нәсіпқалиев еліміздегі әскери жүйенің жаңару кезеңіне тоқталды.
Оның айтуынша, биыл әскери басқару құрылымы оңтайландырылып, әрекетті резервист жүйесі толық іске қосылған. Барлық әскерге шақыру және есепке алу процестері электрондық форматқа көшкен.
– Бұрынғы қағазбастылық жойылды. Енді барлық құжат айналымы eGov жүйесі арқылы жүреді. Бұл сарбаздардың уақытын үнемдеп, тәртіпті күшейтеді. Әскерде «Цифрлық алдын алу» және «Әскерде тәртіп пен құқық» жобалары енгізілді. Әр бөлімде психологтар жұмыс істейді. Біз үшін адам өмірі мен абыройы – ең басты құндылық, – дейді подполковник.
Биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны бойынша аудан жүктемесі 100 пайыздан жоғары орындалған. Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі, Қарулы күштер мен Ұлттық Ұланға белгіленген жоспарлар толық қамтылған. Соңғы жылдары Қазақстан армиясы сапалық тұрғыдан жаңғыру үстінде. Әскери қызметшілердің саны емес, біліктілігі мен жарақтандыру деңгейі басты өлшемге айналды. Қорғаныс өнеркәсібін дамыту мақсатында 120 миллиард теңге қаржы бөлініп, отандық техника мен ұшқышсыз жүйелер өндірісі жолға қойылуда.
2025 жылғы әскери парадта отандық бронетехника мен заманауи жүйелер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ал электрондық шақыру жүйесінің енгізілуі – әскерге шақыру процесін барынша ыңғайлы әрі ашық етті.
Қарулы Күштердің қуаты – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. «Ел іргесі берік болсын десек, әскеріміз мықты болуы тиіс» деген ұстаным ешқашан өзектілігін жоймайды. Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген Жандос Асхатов сынды айбынды азаматтар – ел ертеңінің тірегі, ерліктің символы.
Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

