Кәсіпкерлікті қолдау – ел дамуының өзегі

ЕЛІМІЗДЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУ­ЫНДА БЕЛГІЛЕНГЕН МІНДЕТТЕР АЯСЫНДА ҮКІМЕТ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМДІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІКТІ АРТТЫРУҒА ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КЕШЕНДІ ШАРАЛАРДЫ ҚАРҚЫНДЫ ІСКЕ АСЫ­РЫП КЕЛЕДІ. СОНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА ЕЛ ЭКОНОМИКА­СЫ ТҰРАҚТЫ ӨСІМГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗІП ОТЫР.

«КЕҢ ДАЛА» БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

2023 жылы пандемиядан кейінгі кезеңнің алғашқы экономикалық серпіні байқалып, Үкімет жаңа жобалар мен бағдарламаларды белсенді түрде қолға алды. Сол жылы ауыл шаруашылығын дамы­ту мен көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы іске қосылып, 140 миллиард теңге бөлінді. Бұл бағдарлама фермер­лерге жеңілдетілген несие алып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік берді.

Ал 2024 жылы оның ауқымы кеңейіп, 321,5 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Биыл яғни 2025 жылы бағдарламаның қаржыландыру көлемі 500 миллиард теңгеден асып отыр. Бұл – ауыл шаруашылығын қолдауға деген мемлекеттің айқын ниеті мен нақты істерінің дәлелі. «Кең дала» жобасы арқылы фер­мерлер егіс маусымына ерте дай­ындалып, өнім сапасы мен көлемін арттыруға мүмкіндік алып отыр.

Осы жылдары «Аграрлық несие корпорациясы» да белсенді жұмыс жүргізуде. Тек биылдың өзінде облыстық филиал арқылы 23 несие алушыға 319,9 млн. теңге қаржы берілген. Оның ішінде «Агро­бизнес» бағдарламасымен – 124,9 млн. теңге, «Бизнес-Аймақ» жо­басы бойынша – 162,8 млн. теңге, ал «Еңбек» бағдарламасы арқылы 32,2 млн. теңге несие бөлінді. Бұл бағыттың басты мақсаты – ауылдық кәсіпкерлікті дамыту, өнім өндірушілерге қолдау көрсету және өңірлердің әлеуетін арттыру.

ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 13,5 ПАЙЫЗҒА ҰЛҒАЙДЫ

Жалпы ел көлемінде де оң үрдіс байқалады. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 6,3 пайызды құрады. Бұл – жыл басындағы деңгейден 2,3 пайыздық тармаққа жоғары көрсеткіш. Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштері көлік, құрылыс, сауда және өнеркәсіп салалары болып отыр. Үкіметтің мәліметінше, көлік және қоймалау қызметтері 21,2 пайызға, құрылыс 14,9 пайызға, сауда 8,8 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібі 6,2 пайызға артқан.

Инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде. Биылғы қаңтар- қыркүйек аралығында инвестиция көлемі 13,5 пайызға ұлғайған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 30,7 пайызға өсті. Мұндай серпін инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуымен, екінші деңгейлі банктердің не­сие көлемін арттыруымен және «Тарифті инвестицияға айыр­бастау», «Келешек мектептері» сияқты бастамалардың жүзеге асуымен тығыз байланысты.

БИЗНЕСКЕ БЕТ БҰРҒАНДАР САНЫ АРТУДА

Кәсіпкерлікті қолдау экономикалық саясаттың басым бағыты болып қала береді. Қазіргі таңда елде 2,17 миллионнан астам кәсіпорын тіркелген. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 38,6 пайызға жетіп, өнім шығару көлемі 18,7 триллион теңгені құрап отыр. Мемлекеттік қолдау шараларының бірі – «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы. Ол кәсіпкерлерге не­сиеге субсидия алу, кепіл жетпеген жағдайда мемлекеттік кепілдікпен қаржы тарту, жаңа бизнес- идеяларға грант алу, сондай-ақ оқыту мен кеңес қызметтерін пай­далану мүмкіндігін береді.

– Махамбет ауданында есепті кезеңде 1906 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, олардың 93,9 пайызы белсенді жұмыс істеп тұр. Салада 1315 адам еңбек етуде, был­тыр 19 жаңа нысан ашылса, осы жылдың екінші жартысында тағы 3 кәсіпкерлік нысан іске қосылды,- дейді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы О.Мырзабаев.

Биылдан бастап 29 қазан ресми түрде Кәсіпкерлер күні болып аталып өтеді. Бұл дата 2015 жылы қабылданған «Кәсіпкерлік кодексіне» орай таңдалған. Осы мереке аясында мемлекет та­рапынан жаңа қолдау тетіктері қарастырылуда. Жыл басынан бері 288 миллиард теңгеге 2 мыңнан астам жоба субсидия­ланып, 737 жобаға 61 миллиард теңге көлемінде кепілдік берілген. 12,6 пайыздық мөлшерлемемен несие беру бағдарламасы да іске қосылып, 400-ге жуық жоба қаржыландырылған.

ЕРЕКШЕ ЖАНДАР ДА ҚОЛДАУДАН КЕНДЕ ЕМЕС

Махамбет ауданындағы ерекше жобалардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек ететін «Ара» атты ағаш өңдеу цехы. Бұл цех биыл NCOC компаниясының әлеуметтік жобалар бағдарламасы аясында жаңа құрал-жабдықпен толықты. Жиек қаптау, фрезерлеу- нақыштау, тегістеу және тігін жабдықтары алынғаннан кейін цех шеберлерінің жұмысы кәсіби деңгейге көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Мұндағы ба­сты мақсат – ерекше жандарды қолдап, оларды еңбекке баулу, қоғам өміріне белсенді қатыстыру және кәсіби тұрғыда дамуына жағдай жасау.

«Бұл бастама – мүгедектігі бар адамдарды қолдап, оларды жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды қадам. NCOC компани­ясы осындай нақты істер арқылы қоғамдық инклюзияны дамытуға үлес қосуда. Шын мәнінде жалпыға ортақ жанашырлық пен тең мүмкіндік ұсыну – тек сөзбен емес, осындай іспен жүзеге асса керек», – дейді “Ақжол-Махамбет мүгедектер қоғамы” төрағасы Қайдарбек Құрмашев.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекке тарту тек әлеуметтік баста­ма емес, ол қоғамның өркениетті дамуының көрінісі. Өйткені, әр азаматтың әлеуетін ашу – ел эко­номикасына қосылған үлес.

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ – ЖАҢА БАСТАМАҒА СЕРПІН

Сонымен қатар Атырау об­лысында кәсіпкерлерге арналған қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдау да басталды. Бұл мақсатта бюджеттен 106 миллион теңге бөлу жоспарланған. Өтінімдер 10–14 қараша аралығында kezekte. kz сайты арқылы қабылданады. Грантқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері қатыса алады. Өткен жылы осын­дай қолдауға 16 кәсіпкер ие болған.

«Мемлекет тарапынан ұсынылған қайтарымсыз грант – жаңа бастамаға серпін беретін нақты мүмкіндік. Әсіресе, ауылдық жердегі әйелдер мен жас кәсіпкерлер үшін бұл үлкен демеу. Себебі, көпшілігі бизнес ашуға идеясы болғанымен, бастапқы капиталдың жоқтығынан қиналады. Ал бұл грант сол кедергіні жойып, өз кәсібін бастауға жол ашады», – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Перизат Таңатова.

Қорыта айтқанда соңғы үш жылда қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларының нәтижесінде ел экономикасы тұрақты өсімге қол жеткізді. Кәсіпкерлікке бағытталған қаржы көлемі артып, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында жаңа жобалар іске асуда. Ал әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, ерекше жандарды еңбекке тарту және гранттық қолдаулар ұсыну – мемлекеттің «ешкімді шеттетпей, бәріне мүмкіндік беру» қағидатын нақты іске асырып отырғанының айғағы.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT