Жаңа заң аясындағы өзгерістер

Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың шілде айында жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Соның негізінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Бұл кодекс жеке тұлғалардың салық салу жүйесіне, салықтарды төлеу ережелеріне және берешекті өндіріп алу шараларына ауқымды өзгерістер енгізбек. Жаңа кодекстің жаңалығы қандай? Табыс салығын растау кімдерге тиімді және көлеңкелі экономиканы жоюда қандай жұмыстар атқарылады? Осы және өзге де өзекті сауалдарға жауап беру үшін ауданда Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен, сала мамандарымен арнайы кездесу өтті.

Оған Мемлекеттік кірістер депар- таменті басшысының орынбасары Б.Шанаев жетекшілік етіп, «Атаме­кен» кәсіпкерлер палатасының бас­шысы Н.Сүйінбаев және басқада жауапты мамандар қатысты. Салық кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша жиынға кәсіпкерлер, шаруашылық басшылары, аудандық мәслихат аппаратының төрағасы Қ.Мәжиев, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары қатысты.

Кездесу барысында салықтық берешектерді өтеу тәртібі, лицензиялық алымдарды төлеу ерекшеліктері шағын және орта биз­неске арналған арнайы салықтық режим – жеңілдетілген деклара­ция (СНР «упрощёнка») бойынша есеп жүргізу мен қолдану тәртібі, кәсіпкерлер үшін қолдау шарала­ры бойынша баяндамалар оқылып, түсінік жұмыстары жүргізілді.

ЖАҢА ЗАҢ ЖЕҢІЛДІКТІ КӨЗДЕЙДІ

Спикерлер арасынан алғашқы бо­лып сөз алған Бекен Шанаев жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерге қысқаша тоқталып өтті.

- Елімізде қабылданып, күшіне енгелі отырған жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инве­стицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды. Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пай­ыз болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді: 2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан – 10 пайыз. Бұл ретте Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтер, Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды ем­деу, сондай-ақ баспа түріндегі кітап шығару, археологиялық жұмыс жүргізу қызметтері ҚҚС-тан босаты­лады. Мерзімді баспа басылымдарды өткізу бойынша 10 пайыз деңгейінде төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленеді. ҚҚС бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (40 миллион теңге) төмендетіледі, - деді ол.

№2 қашықтық мониторинг бөлімі- нің басшысы Серіккерей Қуанов корпоративтік табыс салығына тоқталып өтті.

- Кірістер мен шегерімдердің түрлерін нақтылау мақсатында КТС тарауының құрылымы өзгертілді. Бұл қызметтің нақты түрі мен шегерімдердің түрі бойынша тиісті нормаларды қолдануға мүмкіндік береді. КТС төлемейтіндердің қатарынан мемлекеттік орта білім беретін оқу орындары алынып та­сталды. Мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарына салық салу жөніндегі жеке бап пайда болды. КТС әртүрлі ставкаларын қолдану және бөлек есепке алуды жүргізу кезінде жеке салық салынатын кірістерді анықтау бойынша міндеттеме енгізілді. Декла­рация тапсырылғанға дейін аванстық төлемдер бойынша есеп алынып тасталды. тоқсандағы аванстық төлемдерді есептеуді мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асырады,- деді мониторинг бөлімінің маманы.

Сонымен қатар көпті мазалап жүрген ҚҚС (қосымша құн салығы) жөнінде жиында біраз пайдалы мәлімет айтылды.

Жалпы елімізде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айналымдар мен импортқа ҚҚС 16 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салынбақ. 1 қаңтардан бастап күшіне енетін өзгерістің бірі – тұрғын үй- жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босату жой­ылады. ҚҚС бойынша деклараци­яны ұсынуға кезең шектелді – ол күнтізбелік тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен ерте емес және күнтізбелік тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмейтін уақытты құрайды. Мысалы, 1-тоқсанның де­кларациясын 15 сәуірден ерте емес және 15 мамырдан кешіктірмей тап­сыру керек.

КӨЛІГІ БАРЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ САЛЫҚ

Жаңа заңдағы жағымды жаңалықтың бірі көлік құралдарына салынатын салық қысқаруы. Пай­далану мерзімі 10 жылдан асатын жеңіл автомобильдер бойынша көлік салығын есептеу тәртібі өзгертіліп, оларға түзету коэффициенті – 0,7, пайдалану мерзімі 20 жылдан асқандарға түзету коэффициенті – 0,5 қолданылады. Әсіресе, қозғалтқышының көлемі үлкен көліктер үшін бұл өте қолайлы болмақ. Шаруа қожалықтары бір пикап көлігі бойынша көлік салығын төлеуден босатылды. Көлік құралының түріне қарай көлік құралдарының санатта­рына жатқызу бойынша норма алы­нып тасталды (пикаптар, джиптер, лимузиндер, фургондар). Енді көлік құралын басқару құқығы санатына қарай (А.В.С.D) көлік құралдарының санатын айқындау қарастырылған. 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстанда өндірілген (дайындалған немесе жиналған) немесе Қазақстанның аумағына әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше сан­тиметрден асатын жеңіл автомобиль­дер үшін мөлшерлемелер алынып тасталды. Заңды тұлғалар үшін көлік құралдарына салынатын салық бой­ынша ағымдағы төлемдердің есебін (салық есептілігі) ұсыну бойынша міндеттеме алынып тасталды, салық төлеуші тек жыл қорытындысы бой­ынша декларацияны табыс етеді және тиісінше төлемді жүргізеді.

САЛЫҚ ЕСЕПТІЛІГІ ҚЫСҚАРДЫ

Салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарады. Жаңа Салық кодексі шеңберінде қолданыстағы 39 салық есептілігінен 12 салық есептілігі (30%) жойылады.

Сонымен қатар жиын барысында мамандар жалпы белгіленген режим­ге ауысудың да артықшылықтарын атап өтті. Аталмыш режимге ауысқан кәсіпкерлер үшін барлық шығындар шегеріледі. Алынған заттың құнынан бастап, оның жеткізу қызметі, жол шығыны, коммуналдық төлемдер мен жалақы да есептеледі. Сол кезде тапқан таза табыстың ғана салығын төлеуге мүмкіндік беріледі. «Әйткенмен бұл тақырыпта әлі де болса ашықтық пен заңның қаталдығы жетіспей жатыр»,- дейді жергілікті кәсіпкерлер. Солардың бірі – бейбарыстық кәсіпкер Әсел Есениязова мәселенің барлығы ауылдағы шағын кәсіп иелерінде емес, қара базардағы көтерме са­тушылар мен фирмаларда болып тұрғанын айтты:

- Мәселен, біз айына 50 фирма­дан тауар алсақ, соның 40-ы бізге счет фактура беруден бас тарта­ды. Заңсыздық осы жерден ту­ындап отыр. Әлбетте біз жалпы белгіленген режимге ауысып, барлық шығынымыз үшін салықты шегер­туге қуана келісеміз. Бірақ бізге қажетті есеп-қисапты бермей қояды. Заңдылығын тексеруді сондай жер­лерден бастасаңыздар,-деді кәсіпкер келген мамандарға өз ұсынысын білдіріп.

Бұл ретте кірістер басқармасы басшысының орынбасары Б.Шанаев кәсіпкердің сауалына қатысты өз жауабын беріп, көлеңкелі экономиканың көрсеткішін ұлғайтып отырған фактілер ескеру- сіз қалмайтынын жеткізді.

Тоқсан ауыз сөзден тобықтай түйгеніміз, жаңа Салық кодексіне енгізілетін ең негізгі өзгерістер мы­надай:

Сараланған салық ставкалары енгізілді, ҚҚС реформаланды, «Сән- салтанат салығы» енгізілді, арнайы салық режимдері өзгерді, салық жеңілдіктерін алудың ашық және нақты ережелері әзірленді, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру қарастырылған, сервистік модельге көшу жүргізіледі.

Жиын барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшы­сы Н.Сүйінбаев қатысушыларға қосымша сұрақ қойып, жаңа кодекстің талаптарымен толығырақ танысып алуға кеңес берді. Со­нымен қатар 2026 жылдан бастап күшіне енетін заңның аясында әлі де 100-ден астам нормативтік акті қабылданатынын және салық төлеушілерге оңтайлы болуы үшін бұқараның пікірі мен ұсынысы маңызды екенін атап өтті.

Жаңа заң жеңілдіктерді ғана қарастырмай, талаптар­ды да тиянақтап жатыр. Бастысы заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын ескерген жөн. Мемлекет салықты артық табы­стан ғана шегереді, ал табысты рас­тап жүру кәсіптің де ашықтығын білдіреді.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT