АШЫҚТЫҚ ПЕН ҚОЛЖЕТІМДІЛІК – БАСТЫ МАҚСАТ

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану маңызды міндеттердің бірі саналады. Осы орайда мемлекеттік сатып алу жүйесі қоғамдағы ашықтықты, әділеттілікті және тиімділікті қамтамасыз ететін маңызды құрал. Керекті тауарды жеткізу, белгілі қызметті атқару, сондай-ақ, құрылыс нысандарын салу және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тапсырыс беруші де, қызметті ұсынушы да өз келісімдерін мемлекеттік сатып алу аясында жүргізеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алу туралы заңды реформалау міндетін 2022 жылдың қыркүйегінде қойған болатын. Ол: «Мемлекеттік сатып алулардың сапалы жаңа жүйесін құру міндеті тұр. Ең төменгі баға емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасы басымдықта болуға тиіс. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алу­ларын бірыңғай тұғырнамаға көшіру қажет»,- деді. Соған орай елімізде 1 қаңтардан бастап жаңартылған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы күшіне енді.

Аталған құжат мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапа­сын арттыруға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға бағытталып отыр.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, жаңа заң аясында айтарлықтай көрсеткіштер орын алуда. «Рәсімдердің мерзімін азайту арқылы 8,4 трлн теңге сомасына келісім шарттар жасалған. Бұл жүйенің тиімділігі мен тиісті процестердің ашықтықтығы артқанын көрсетіп отыр.Отандық та­уар өндірушілермен жалпы сомасы 381 млрд теңгеге 127 159 келісім шарт жасалған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда көлемі жағынан 33%-ға және қаражат бойынша 120%-ға артық. Бұған қоса шағымдарды қарау тәртібі толығымен қайта қаралды. Енді оларды сатып алуды ұйымдастырған тұлғаның өзі қарайды. Сотқа жүгінген жағдайда тиісті процесс тоқтатылмайды. Бұл әдіс шағымдарды 25%-ға азайтуға мүмкіндік берді» ,- дейді министрлік өкілдері.

Сонымен қатар, конкурстарды өткізу мерзімі 10 күнтізбелік күнге дейін қысқартылып, рейтингті-балдық жүйенің көмегімен ұйымдастырылатын байқау 5 жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияның қатысуынсыз авто­матты түрде өтеді. Кез келген жо­баны іске асыруда мердігердің толық жауапкершілігін қарастыратын «кілтпен тапсыру» келісім шарт тетігі енгізілді. Қосымша жекелеген компаниялардың монополиясының алдын алуға және мердігерлердің жауапкершілігін күшейтетін крите­рийлер енгізілді. Өңірлердегі бизнесті қолдау үшін құрылыс компанияларына бонустық ұпай беріледі (2%), ал қосалқы мердігерлік жұмыстардың үлесі 50%- дан 30%-ға дейін төмендетілді. Сол секілді байқаудағы баға ұсынысына әсер ететін өлшем ретінде конкурста ескерілетін жылына 3 нысаннан аспай­тын лимит белгіленді. Аталған әдіс саладағы тәртіпті күшейтіп, сатыпа­лымды біркелкі бөлуге әсер етеді.

Халықаралық ұйымдардың зерттеуіне сүйенсек, еліміз сатып алу жүйесінде ашықтық пен қолжетімділік көрсеткіші жағынан әлемде аалдыңғы үштіктің қатарында көш бастап тұрғанын ай­тады. Қазір мемлекеттік сатып алудың барлық процесі жоспарлаудан ба­стап төлемге дейін www.goszakup.gov. kz веб-портал арқылы электронды форматта жүзеге асырылып келеді. Сатып алуды жүргізу, келісім шарт­тар жасау және тіркеу, электронды банк кепілдіктерін пайдалану, тауар­ларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету актілерін рәсімдеу, электронды шот-фактуралар және төлем шоттарының барлығы элек­тронды түрде рәсімделеді.

Веб-порталдың мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелерімен ауқымды интеграциясы әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына сәйкестігін, салық және сот берешегінің бар-жоқтығын, сондай-ақ жосықсыз өнім берушілер тізімінен автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Бұл жүйедегі ашықтықты айтарлықтай арт­тырып, адами фактордың алдын алуға септігін тигізуде.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT