Таңдай ауылындағы «Бақсай» мәдениет үйінде «Асыл сөз бен арынды жырдың иелері – Атырау ақын-жазушылары Таңдай топырағында» атты әдеби кеш өтті. Шара Қазақстанның Құрметті жазушысы, белгілі айтыскер ақын Жәниба Қарасаеваның «Ымырттағы ықшам ой» атты жаңа кітабының тұсаукесеріне арналды. Кешке белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар, қаламгерлер, ақынның замандастары, шәкірттері, ауылдастары жиналды.
Алдымен меймандар ауыл кітапханасынан Атырау ақын- жазушыларының кітаптарынан жасақталған көрмемен танысты. Іс-шара Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептегі ақын, жазушы Ж.Қарасаеваның музейінің салтанатты түрде ашылуынан басталды. Шағын музейде Жәниба ақынның портретінен бастап, республикалық айтыстарда киген көгілдір шапаны, кітаптары, алған марапаттары, тұтынған тұрмыстық бұйымдары бар. Мәдениет үйіндегі іс-шараның шымылдығын ашқан Жәниба апай ақынын іздеп келген аға-інілеріне, замандастарына, шәкірттеріне, барша халық пен ақын-жазушыларға ризашылығын білдіріп, бір өлеңін мәнерлеп оқыды.
Аудандық мәслихат аппаратының төрағасы Қ.Мәжиев Жәниба ақынды жаңа кітабының тұсаукесерімен құттықтап, Таңдайдың қасиетті топырағынан талай қайраткерлер, ақын-жазушылар, белгілі ғалымдар, академиктер шыққанын еске салды. Өмірзақ есімді ел ағасы сөз алып, сонау 1980 жылдары республикалық ақындар айтысына қатысқан Жәнибаның уытты жырларына, сөз саптауына қатты риза болғанын айта келіп, арқалы ақынға камзол кигізсе, жолдасы Амангелді ағаның иығына шапан жапты. Қазақстан халық жазушысы Төлеген Жаңабаев:
– Жәниба – сөзге жауап беретін, арқасы бар ақын. Екі ғасырдың тоғысында туған өр рухты өнер иесі. Бұл туынды – оның толғаулы ойының бір белесі. Атырау жұрты осындай талантты тұлғасын әрқашан бағалайды, – деп, ақынның шығармашылығына жоғары баға беріп, өз тарапынан бірнеше кітабын тарту етті.
Белгілі жазушы Жұмабай Доспанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет, Бақсай ауылдық округінің әкімі Ермұрат Сұлтанов және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, қаламгерді құттықтады. Әкім ақынға Алғыс хат табыстап, камзол кигізді. Кеште Жансая Құлманова орындаған «Мынау біздің ауыл» және «Туған жерге сәлем» әндері көпшілік көңілінен шықса, домбырашы Наурызбек Жұмағалиев Қ.Ахмедияровтың «Таңдайлық қыз Жәниба» күйін орындады.
Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының басшысы Әлия Даулетбаева ақынның еңбегіне ризашылығын білдіріп, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хатын тапсырды. Ақпарат саласының ардагерлері Светлана Қайырғалиева, Сәулеш Шатенова, жазушы, ақын Бақытгүл Бабаш құттықтау тілектерін жеткізсе, ақын Гүлзада Ниетқалиева өз өлеңін оқыды. Белгілі ел ағалары Мұрат Бектенов, Сайпеден Мырзағалиевтар де жылы лебіздерін білдіріп, кітаптарын ұсынды. Сонымен қатар айтыс өнерінің ардагерлері, журналистер, ақын-жазушылар мен Жәниба Қарасаеваның замандастары да ақжарма тілектерін арнады. Шара соңында Жәниба Қарасаева «Жастық өтіп барады» әнін орындап, «Ымырттағы ықшам ой» атты жаңа кітабының лентасын Өмірзақ аға мен Мұрат Бектенов кесті.
А.ТЕКЕБАЙ

