Әдеп жөніндегі уәкіл – мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мен мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтауының негізгі бақылаушысы әрі кеңесшісі болып табылады. Олар мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беріп, қызметтік әдеп нормаларының бұзылуына жол бермеу үшін профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Осыған орай аудан әкімдігінде Атырау облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметованың қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға бағытталған кездесу жиыны өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек және ауылдық округ әкімдері мен аудандық дербес бөлімдердің басшылары, мемлекеттік қызметшілер қатысты. Атырау облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметова мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің негізгі қағидаттарына, қызметтен тыс уақыттағы мінез- құлық нормаларына және мүдделер қақтығысын болдырмау мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
- Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, қызметте әдеп пен парасаттылықты сақтау – мемлекеттік қызметшінің басты міндеті болып табылады. Кез келген мемлекеттік қызметші заң бұзушылықтарға жол бермей, қоғам сенімін ақтауы тиіс. Әдеп жөніндегі уәкілдер институты мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруде, әдептік нормалармен жұмыс істеуде маңызды рөл атқарады. Мақсатымыз - мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғап, адалдық пен ашықтық қағидаттарын нығайтуға бағытталған, - деді Әдеп жөніндегі уәкіл Ф.Ахметова.
Мемлекеттік қызметшілер Әдеп жөніндегі уәкілге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Бұл диалог алаңы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға бағытталған практикалық ұсыныстармен толықты.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ

