АШЫҚ ҚОҒАМ ҚҰРУҒА ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ

ЕЛІМІЗДЕГІ САЙЛАУ ЖӘНЕ САЙЛАНУ ҚҰҚЫҚТАРЫ 1995 ЖЫЛҒЫ ҚЫРКҮЙЕКТЕ ҚАБЫЛДАНҒАН «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ САЙЛАУ ТУРАЛЫ» КОНСТИТУЦИЯ- ЛЫҚ ЗАҢЫМЕН АЙҚЫНДАЛАДЫ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ САЙЛАУ ҮДЕРІСІНЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢНАМАНЫҢ ЖАҢАРУЫ ЖӨНІНДЕ БІЗ АУДАНДЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ РЫМБЕК ТҰРДАҒАЛИ ЖАУҚАШҰЛЫМЕН СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК.

- Рымбек Жауқашұлы, алды­мен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрылымы жайлы айтып берсеңіз.

- Махамбет аудандық аумақтық сай­лау комиссиясы тұрақты негізде 2019 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Комиссия жеті мүшеден тұрады. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, төрағаның орынбасары және хатшы тұрақты негізде жұмыс жасайды. Қалған төрт мүше сайлау науқанында жұмысқа қосылады.

2024 жылдың қаңтар айынан ба­стап Махамбет аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы болып, қызмет етіп келемін. Жалпы сайлау жүйесінде жиырма жылдан аса тәжірибем бар. Учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары болған кезімде Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент Мәжілісінің, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының сайлаулары өтті.

- 2025 жылға арналған жұмыс жо­спарына сәйкес атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтсеңіз?

- Ағымдағы жылдың аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жұмыс жоспарында мерзімі аяқталған Ақжайық ауылдық округі әкімінің сайлауы бар болатын. Округ әкімін сайлау жоспарға сәйкес шілде айында өткізілді. Сонымен қатар жоспардан тыс босап қалған аудандық мәслихат депутатының сайлауы №1 сайлау округі бойынша наурыз айында өтті. Одан бөлек, 6 ақпан Дүниежүзі сайлау күніне арналған шараларымызды өткізіп келеміз.

- Учаскелік және округтік сайлау комиссияларының жұмысына тоқталып өтсеңіз?

- Президент және Парламент мәжілісінің сайлауы кезінде аудан бой­ынша барлық он сегіз сайлау учаскелері және қажетіне қарай үш округтік сайлау комиссиялары өз жұмысына кірісетін болады. Яғни, аудан бойынша 18 учаскелік сайлау комиссиясы, №1, №2, №3 округтік сайлау комиссиялары жұмыс жасайды.

Ал ауылдық округ әкімінің сайлауы өтетін болса, онда сол ауылдық округ шекарасына сәйкес учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс жасайды. Ма­хамбет ауылдық округі әкімін сайлау үшін 6 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс жасайды. Сол секілді аудандық, облыстық мәслихат депутаттарының сайлауында да олардың сайланатын округтеріне байланысты сайлау комис­сиялары ғана жұмыс жасайды.

Әрбір саяси науқан комиссия мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Учаскелік және округтік сайлау комиссияларының мүшелері қызмет ауыстыруға, мекенжай өзгертуге, тағы басқа да себептермен комиссия құрамы жаңартылып оты­рады. Сайлаушылар саны мыңға дейін болса, комиссия құрамының саны 5-еу болады. Ал, одан жоғары болса, 7 мүшеден болады.

- Сайлау жүйесіне енген үлкен өзгерістің бірі - ауыл әкімдерін сайлау жүйесі туралы айтып берсеңіз?

- Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы 2021 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жергілікті халық өз әкімдерін дау­ыс беру арқылы таңдап сайлайды. Бұл өзгеріске халық дағдыланып, белсенділігі байқалуда. Бұрын аудан әкімдері облыс әкімінің бұйрығымен, жергілікті мәслихаттың келісімімен тағайындалса, ағымдағы жылдан ба­стап қолданыстағы сайлау туралы заңға өзгерістер енгізіліп, аудан әкімінің сайлауы өткізілетін болды. Осыған дейін облысымыз бойынша пилоттық режимде Қызылқоға және Исатай аудандарында аудан әкімінің сайла­уы өткен болатын. Алдағы уақытта аудан әкімімің сайлауын біз алғашқы рет өткізетін боламыз. Өту мерзімі нақтыланғанда хабарланатын болады. Түптеп келгенде, бұл өзгерістер ашық қоғам құруға жасалған нақты қадам.

- Биыл сайлау жүйесіне енгізілген заңнамалық өзгерістер бар ма?

- Жоғарыда атап өткенімдей, қолданыстағы заңға аудан әкімдерінің сайлауын өткізу бойынша өзгеріс енгізілген болатын. Алдағы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жолда­уына сәйкес, референдум өткізіп, халықтың келісіміне сәйкес қос Пала­таны таратып, бір палаталы парламент құру жоспарлануда. Осыған байланы­сты қолданыстағы сайлау туралы заңға үлкен өзгеріс енгізіледі деп күтілуде.

- Сайлау комиссиялары орналасқан ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалған ба?

- Аудан бойынша барлық учаскелік сайлау комиссияларында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сайлау науқанында барлық жағдайлар жасалады. Барлық сайлау комиссия­лары ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Сайлау кезінде арнайы бағыттамалар, тактильді ленталар, ар­найы бұрылыстар, хабарлама тақталар, қоңыраулар және тағы да басқа қажетті жағдайлардың барлығы жасалады. Бұл жұмыстар – қызметіміздің негізгі бөліктерінің бірі.

- Аудан тұрғындарының сайлауға қатысудағы белсенділігін қалай бағалар едіңіз?

- Жергілікті халықтың ел тарихында болып жатқан саяси өзгерістерге үн қосуы республикалық сайлауларда анық байқалады. Ауылдық әкімдер мен аудандық мәслихат депутаттарының сайлауларына да халық белсенді қатысып келеді. Тіпті саяси науқан кезінде денсаулығына байланысты жасы үлкен адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандардан учаскеге келмей- ақ үйден дауыс беруге өтініштер көптеп түсіп жатады. Осыдан-ақ аудан тұрғындарының сайлауға қатысудағы белсенділігінің жоғары екендігін аңғаруға болады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT