Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ Ордада «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбында халыққа жолдауын жеткізді.
Тақырыбының өзі айтып тұрғандай замана талабына сай жасанды интеллект өміріміздің маңызды бөлшегіне айналып келеді. Президент ендігі кезекте ауыл шаруашылығына басымдық бере отырып, бұл саланы да цифрландыру қажет деген тұжырымды айтып отыр.
«Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауылшаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек.»
Шаруагерлердің жұмысы әуелден-ақ жер-анамен тығыз байланысты екені белгілі. Егін, мал шаруашылығы болсын кәсіпкердің бәрі де құнарлы топырақтан өнім алуды қалайды. Алайда, соңғы жылдары жерді мақсатты пайдаланбау мәселесі жиі көтеріліп, қайтарып алу жұмыстары жалғасын табуда. Президент айтқандай «Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет». Мемлекет иелігіне қайтарылған аумақтардың иесін табуы да аса маңызды міндет. Осы орайда «Бұдан бөлек, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу керек. Оған кадастрлық мәліметтерді, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпаратты кіріктіру қажет» деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.
Әділдікті , ашықтықты қажет ететін қоғам үшін мұндай жаңа кезеңге өту шаруагерлер үшін де қолайлы болады деп санаймын.
«Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді-дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс» деген еді Президент өз жолдауында. Осыған дейін күн сәулесінен қуат алатын панельдер орнату арқылы қаншама алыс-жақын шаруашылықтардың электр көзін алу мәселесі оңтайланып келді. Сол секілді енді жасанды интеллект арқылы спутниктік мониторинг жасау бұл саладағы мамандардың жұмысын жеңілдетеді деп сенемін. Ал, маман тапшылығы мәселесіне келер болсақ, ауыл шаруашылығын жіті түсінетін, осы саланы өз қалауымен таңдап келген жастар жағы жыл санап азайып барады. Әлеумет үшін маңызды саланың әлеуетін көтеретін болашақ білікті мамандар ауылдық жерлерге де керек-ақ. «Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар.» Осы ретте Президент бұл саланы зерттеуші мамандардың тапшылығын алға тартып отыр. Ал, өңірлерде саланы жетік меңгерсем деген мамандардың тапшылығы да білініп жатады. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі мен Мемлекет басшысының жолдауы аясында ауыл шаруашылығында орын алатын өзгерістер ертеңіміз үшін маңызды қадам боларына сенемін.
О.Мырзабаев
Махамбет аудандық
кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы