Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының соңғы сауалнамасы қазақстандықтардың басым бөлігі елдің даму бағытын оң бағалайтынын көрсетті. Бұл халықтың мемлекетке деген сенімі нығайып келе жатқанын аңғартады.
Махамбет ауданында да тұрғындар осы үрдісті қуаттайды. Соңғы жылдары ауданда әлеуметтік нысандар бой көтеріп, мектептер мен балабақшалар жаңарып, ауылішілік жолдар жөнделуде. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобалар жүзеге асып, жастар кәсіпкерлікке бет бұра бастады. Осындай нақты өзгерістер халықтың өмір сапасын арттырып, әлеуметтік оптимизмді күшейтуде.
Аудан тұрғындары үшін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, әлеуметтік әмиян мен отбасының цифрлық картасы сияқты бастамалардың игілігі айқын сезіледі. Бұл – ауыл мен қала арасындағы алшақтықты қысқартуға ықпал ететін маңызды қадамдар.
Жастардың да көзқарасы ерекше. Олар елдің дамуын жаңа мүмкіндіктермен байланыстырады. Білім, спорт, кәсіпкерлік саласында жасалып жатқан қолдаулар олардың ертеңгі күнге сенімін арттыруда.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік оптимизм – халықтың мемлекетке деген сенімінің айғағы. Аудан тұрғындары да осы сенімді бөлісіп, елдің өркендеуіне өз еңбегімен үлес қосып келеді.
Қ.МӘЖИЕВ,
Махамбет аудандық мәслихат төрағасы