Жаңа аппараттар – медицинаның сапалы қызметіне жол

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше мән берілгені анық байқалады. Президент медицина нысандарын жаңғырту, саланы заманауи технологиялармен қамтамасыз ету және отандық фармацевтиканы дамыту – стратегиялық міндет екенін нақты атап өтті.

Жолдауда айтылғандай, елімізде ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап, мамандандырылған ауруханаларға дейін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамалар медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін. Пандемия кезеңі медицина саласының техникалық және технологиялық тұрғыдан қаншалықты дайын болуы қажет екенін айқын көрсетті.

Осы саясаттың нақты нәтижесі ретінде Махамбет аудандық ауруханасына да бірқатар жаңа медициналық аппараттардың жеткізілуін айтуға болады. Биыл аудандық аурухана рентген, маммография, компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен, сондай-ақ стационарлық бөлімге арналған мониторлар және көз ауруларына арналған арнайы құрылғылармен толықты. Бұл – аудан тұрғындары үшін сапалы диагностика мен уақытылы ем алуға берілген үлкен мүмкіндік.

Президент атап өткендей, медицина саласындағы жаңашылдық тек ғимарат салумен немесе құрал-жабдық алумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – олардың қауіпсіз әрі тиімді пайдаланылуы. Осыған байланысты қазіргі таңда жаңа аппараттарды іске қосу үшін арнайы талаптарға сай бөлмелер жасақталуда. Себебі мұндай құрылғылардан бөлінетін сәулелердің адам ағзасына әсері болуы мүмкін, сондықтан барлық санитарлық және техникалық нормалар қатаң сақталуы қажет. Жоспар бойынша, жаңа аппараттар алдағы ақпан айында халық игілігіне беріледі.

Алдағы 2026 жыл медицина саласы үшін жаңа реформалар мен тың өзгерістер кезеңі болмақ. Жолдауда көтерілген цифрландыру, жасанды интеллект элементтерін енгізу, отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамыту сияқты бағыттар аудандық деңгейде де өз жалғасын табады деп сенемін. Мұның барлығы медициналық қызметтің сапасын арттырып қана қоймай, халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған ұзақмерзімді нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер – медицина саласын жаңа деңгейге көтеретін нақты бағдар. Ал жаңа аппараттармен жабдықтау – сол реформалардың өмірде жүзеге асып жатқан айқын көрінісі.

Иман ПЕРНЕБЕКОВ,
Махамбет аудандық ауруханасының
директордың медициналық бөлім бойынша орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT