САН ҒАСЫРЛАРДАН БЕРІ ҚАЗАҚЫ САЛТ-САНАДА НАУРЫЗ КҮН МЕН ТҮН ТЕҢЕЛЕТІН, ЖАҢА ЖЫЛ, ЖАҢА КҮН БАСТАЛАТЫН, ЖЕР БЕТІ ЖІБСІП ЖАҢА ТІРШІЛІК ОЯНАТЫН АЙ САНАЛАДЫ. НАУРЫЗДА ТЕК ТАБИҒАТТЫҢ ҒАНА ЕМЕС АДАМНЫҢ ДА ОЙ-САНАСЫ ЖАҢАРЫП, ЖАҚСЫЛЫҚҚА, ТАТУЛЫҚҚА, БАУЫРМАЛДЫҚҚА БЕТ БҰРАДЫ. САНАУЛЫ КҮНДЕРДЕ ЕСІК ҚАҒАТЫН АМАЛ МЕРЕКЕСІ СОНЫҢ БІР ДӘЛЕЛІ.
Ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран құшақтасып көрісіп, бір-біріне ақтарыла ізгі тілек айтып, ілтипатын білдіреді. Адам мен табиғаттың мейірімін төгіп, күн шуағындай жылуын шашатын айында қайырымды істердің басы-қасында жүретін жандар мен жастар туралы жазғымыз келеді. Әлеуметтік желінің көмегімен бүгінде көптеген мұқтаж жандарға қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Көп түкірсе көл демекші, халықтың асарымен талай адам армандаған баспанаға қол жеткізіп, талайы ауруына шипа іздеп шетел асуда. Олардың
ішінде біздің ауылдастарымыз да бар. Өмір үшін күрескен кішкентай сәби жалғансайлық Көзайымның еміне аудан жастары қомақты қаражат жинаған еді. Әттең, көмектесе алмадық. Бірақ,сол шараны ұйымдастыру барысында ауылдың жас-кәрісі жұмылып, Атырау қаласынан, басқа облыстардан көмекке ұмтылғандар көп болды. Соның нәтежиесінде Аудандық жастар ресурстық орталығының жастары ұйымдастырған түрлі шаралардың, спорттық жарыстар мен жәрмеңкелердің, кәсіпкерлер мен мекеме қызметкерлерінің бірлігінің күшімен бір аптаның ішінде 3 млн-ға жуық қаржы жиналған-ды.
БІЗГЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҰЙЫМЫ ҚАЖЕТ
Аталмыш шаралардың өтуіне өзіндік үлесін қосқан жастардың бірі аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Ақжол Қонысбаевтың айтуынша, көмекке мұқтаж жандар арамазыда жетерлік. Олармен ашық сөйлесіп, жағдайы мен жанайқайын тиісті орындарға, халыққа жеткізіп отыратын қоғамдық ұйым құрсам, сол ұйымға белсенді, ерікті жастарды жұмылдырсам дейі.
-Бұндай қоғамдық жұмыстар жастардың белсенділігін, ұйымшылдығын қажет етеді. Көзайымға жиналған қомақты қаржыдан кейін де бірлі-жарым қайырымдылық шараларына ат салысып келеміз. Бірақ, бастаған істі аяғына дейін апаратын жастар бізге әлі де керек. Анығын айтқанда, еріктілер. Жуырда ғана ескі үйі апатты жағдайда қалып, отбасында қос бірдей жақынынан айырылған Ержан есімді бауырымыздың баспанасының аяқсыз қалған жұмыстарына деп жинақ аштық. 1 айға жетпейтін уақытта 1 млн қаржы жиналып, қалған құрылыс материалдары алынды. Осы орайда мешіт жамағаты үлкен қолдау көрсетіп, құрылыс жұмыстарын тегін жасап беріп жатқанын да атап өткіміз келеді, - дейді ол.
Әлеуметтік желі арқылы жинақ ашып, ақшаны қалтаға басып, жоғалып кететін алаяқтар да көбейіп кеткені жасырын емес. Сондайлардың арандатуына ілігіп қалмас үшін Ақжол сынды белсенді, қайырымды жастардан тұратын қоғамдық ұйым құрылса нұр үсітне нұр болар еді. Еріктілер мен қоса заң мамандары да жұмыс жасап, қайрымдылық үшін жиналған әр тиынның есебін беріп отырса, халықтың да сенімі, қолдауы күшейе түсер еді.
АЛҒА ЖАСТАРЫ АУЫЗБІРШІЛІКТЕ
Ұзақ уақытқа созылған карантиндік шаралардың салдарынан жастардың атсалысуымен іске асатын қоғамдық жұмыстар да азайып кетті. Алайда, өзара ауызбіршіліктің арқасында Алға жастары біраз игі іске мұрындық болып, халықтың алғысына бөленіпті. Ауыл жастарының осындай ынтымағы мен татулығына ауылдық округ әкімі Расул Мусин дән риза. -Мен қашанда бастамашыл, ұйымшыл жастарға қолдау көрсетуге тырысамын. Әсіресе, ауылымыздың белсенді жастарының қай іске де бел буып кірісіп, жауапкершілікпен қарайтынын мақтанышпен айта аламын. Қайырымдылық шаралары, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек беру, науқас балалардың еміне қаражат жинау, аз қамтылған, жартылай жетім отбасыларды қолдау мақсатында түрлі жұмыстарды өздері ұйымшылдықпен атқарып келеді. Ауылдың көркеюіне де өзіндік үлестерін қосып жүрген олар, балалар ойнасын деп футбол алаңын да салып берді. Жұмыла көтерсе, жүк жеңіл демекші, осындай бір-біріне қамқор, бауырмал, қоғамға мейірімді, қайырымды жастарымыз көп болғанына қуанамыз,-дейді Алға аулының әкімі Р.Мусин.
КӘСІПКЕРДІҢ ДЕ ҚОЛДАУЫ МАҢЫЗДЫ!
Ауданымыз кәсіпкерлік саласының дамуында қашанда көш ілгері келеді. Мемлекет пен халықтың қолдауын көріп отырған кәсіпкерлер де қайырымдылық шараларына белсенді түрде араласып, қомақты үлес қосып жүр. Солардың бірі GURYЕV өндірістік мекемесінің басшысы Бекбарысов Жеңіс Бағытжанұлы. Құрылғанына аз уақыт болса да өндіріс мекемесі осы уақыт аралығында бірнеше отбасыға қаржылай да, заттай да көмек көрсетті. Жуырда ғана мекеме атынан Махамбет ауылының тұрғынына Нұр-Сұлтан қаласына барып ем алып келуге қаржылай көмек көрсетілген. Қатаң карантиндік шаралар кезінде де GURYEV мекемесінің атынан респиратор мен қорғаныш құралдары тегін таратылды. Мекеме басшысы, мұндай қайырымдылық шараларына қашанда ат салысуға дайын екендігін жеткізді.
Иә, құт-берекеге толы Наурыз айы, қазақша жыл басы осындай жағымды жаңалықтармен басталып жатыр. Қазақ халқы қашанда жаттан жақын болып, бір-біріне демеу көрсетіп, барын бөлісіп, жоғын тауып беріп отыратын жомарт емес пе? Сол мәрттігімізден, кең жүректі, ізгі ниетті қалпымыздан таңбайықшы. Әз-Наурызда бір-бірімізбен тек жақсылық жасап жарысайық!
А.САТАЕВА