Аудан орталығындағы З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің негізі 1973 жылы тамыз айында қаланған еді.
Жарты ғасырға жуықтаған жылдар жылнамасында қарашаңырақ талай таланттарды қияға қанаттандырып, тынысын ашты. Солардың ізін жалғап, бүгінде шоқтығы биік жұлдыздай жанып келе жатқан өнерлі өрендердің қатары аз емес. Мұнда бүгінде 14 үйірме бойынша барлығы 403 оқушы білім алуда. Соның ішінде домбыра үйірмесінің 3 сынып оқушысы Гүлден Дәукенбай туралы айтатын боламыз.
Махамбет ауылының тумасы он екі жасар Гүлденнің домбыраға деген қызығушылығы бастауыш сыныптан басталған. Анасының айтуынша, барған үйінде домбыра көрсе, қызығып қолына алады екен.
- Қызымның домбыраға деген қызығушылығын байқап, 3 сынып оқып жүргенде аудандық өнер мектебіне алып бардым. Дәл сол уақытта қабылдаудың аяқталғанын естіп, көңіл-күйіміз түсіп кеткен еді. Бірақ, қызымның бағына қарай, жетекшісі Айгүл Нұрмұханова Гүлденді дайындық сыныбына қабылдай алатынын айтқанда қуанышымызда шек болмады. Сөйтіп, дайындық сыныбында жүріп-ақ, ноталарды жаттап, үйреніп алды. Асыра мақтағаным емес, дайындық сыныбының бағдарламасын толықтай меңгеріп, 1 сыныптың тапсырмаларын да орындап жүрді. Қазіргі таңда өнер мектебінің 3 сыныбында оқыса да, 4 сыныптың бағдарламасын меңгеріп жатыр. Тіпті бірде жетекшісі А.Нұрмұханова: «ноталарды шемішкідей шағады, тіпті не тапсырма берерімді білмеймін» деген болатын. Ол үнемі Гүлденді басқаларға үлгі етіп отырады. Осындай дәрежеге жетуіне себепкер болған ұстазына мың алғыс айтамыз. Марқұм әкесі де қызының тартқан күйлерін тыңдап, «менің қызым талантты» деп мақтанып, риза болып отырушы еді, - дейді анасы Әлия Танатарова.
«Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді, ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып, сая да бола алмайды, жеміс те бермейді» - деп Бауыржан Момышұлы ағамыз қазақтың ән, музыка өнерін, олардың адам өмірінен алатын орнын керемет суреттеп берген еді.
Домбыраны қаршадайынан жанына серік еткен Гүлденді ұстазы музыкалық қабілеті жоғары, зерек оқушылардың бірі дейді. Аудандық, облыстық, республикалық сайыстарда бақ сынап жүрген ол жүлделі орындарды иеленіп келеді. Атап айтсақ, «Жас музыкант» фестиваль-байқауында І орынды, республикалық «Музыка» блицтурнирінде және ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың, «Парасат» орденінің иегері Қ.Ахмедияровтың 75 жылдығына орай «Күй ғұмыры» байқауында ІІ орынды иеленсе, өткен жылы ІХ республикалық «Жадыра, жас дарын!» фестивальконкурсында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Өскелең өрендердің шығармашылығын шыңдауда талмай еңбек етіп келе жатқан домбыра үйірмесінің жетекшісі Айгүл Нұрмұханованың тәрбиелеген шәкірттерінің қай-қайсысы да осал емес.
- Алғашында Алға ауылында өнер мектебінің филиалы ашылып, онда бес жылдай еңбек еттім. 2011 жылы аудан орталығындағы З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебіне ауыстым. Он жылдан бері осы оқу орнында шәкірт тәрбиелеп келемін. Алдыңа келген әр баланың талантын аша білу – тікелей мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Домбыраны үйренумен қатар түрлі байқауларда бақ сынап, топ жарған шәкірттерімнің қатарында Бердеш Ғани, Қисмет Алтынай, Ермекқалиева Айкөркем, Қайса Бейбарыс, Ибрайым Данабекпен қатар Дәукенбай Гүлденді атап өтуге болады. Халқымыздың қасиетті қара домбырасын жан серігіне айналдырған жас өрендеріміздің болашағынан зор үміт күтеміз, - дейді Айгүл Нұрмұханова. Көзқарасы жаңаша, білімді жеке тұлға тәрбиелеуді мақсат еткен талантты ұстаздары бар білім ордасын болашақта тек үлкен жетістіктер күтіп тұрғаны анық.
Б.САПАРОВА