Қадірменді жерлестер!
Сіздерді Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Өткен жыл ауданымыздың әлеуметтікэкономикалық дамуында бірқатар жағымды жаңалықтарымен есте қалып, тарих қойнауына еніп барады. Әлеуметтік салада да тұшымды жетістіктерге қол жеткіздік.
Сонымен қатар халықтың осал топтар санатындағыларға тұрғын үйлерді беру, ауыл шаруашылығында өнім өндіру, орта және шағын кәсіпкерлік салаларында өңіріміздің даму қорытындыларын сипаттайтын көрсеткіштер бойынша да жақсы нәтижелерге қол жеткізілді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси сабақтастықты жалғастыруымен халықтың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарды салу, инфрақұрылымдармен қамту, жол жөндеу мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Әсіресе, жастарының білімге, жаңашылдыққа деген құштарлығы қуантады. Биылғы 244 мектеп түлектерінің 84-і мемлекеттік гранттардың иегерлері атанды.
Қымбатты аудан тұрғындары!
Ауданымыздың жетістіктері – киелі Махамбет өлкесінің өсуі мен дамуына үлес қосып келе жатқан Сіздердің әрбіріңіздің еңбектеріңіздің нәтижесі. Өткен жылды лайықты табыстарымыз үшін баршаңызға ризашылығымызды білдіріп, келер жылға берекелі бірлік тілеймін.
Жаңа жыл Сіздерге игілік пен ізгілік, отбасыларыңызға амандық, құт-береке әкелсін!
Ж.АХМЕТОВ,
аудан әкімі