Ж.Ахметов,аудан әкімі: «Сіздерді соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!»

Құрметті оқушылар, мектеп түлектері!

Қадірменді ұстаздар мен ата-аналар!

Бүгін – мектеп қабырғасындағы әрбір оқушы, ұстаз және әрбір ата-ана үшін ерекше салтанатты күн.

Игі дәстүрмен қасиетті Махамбет өлкесінің ашық аспаны астында, ауданымызда тағы бір жаңа толқынның ер жетіп, есейген сәті деуге болады. Баршаңызды осынау салтанатты күнмен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бүгінгі шәкірттер – ертеңгі Қазақстанның жарқын болашағы. Білім – жетістікке жетудің жолы, әрі экономиканы дамытудың басты құралы. "Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті", - деген талаптар жүктегені белгілі.

Расында да бүгінгідей сауатты ұрпақ тәрбиелеу кешегі ата-бабаның сан ғасырлық аңсары еді. Енді міне, біздің ұрпақ үшін бұл – тағдырдың берген бағасыз мүмкіндігі, тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебелі міндеті. Сондықтан, бүгінгі заман «баланы қайда оқытамын деген арманнан» емес, «қайда оқытамын деген таңдаудан» тұрады. Міне, осының өзі мемлекетіміздің білім саласында жасалып жатырған іргелі істердің жемісі деп білеміз.

Биылғы оқу жылын әлемдегі пандемияға қатысты республика бойынша қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы аяқтадық. Осы ретте, төзімділік танытқан әрбір оқушыға, табандылық дарытқан әрбір ұстазға, қарымды қайрат қылған әрбір ата-анаға шексіз ризашылығымды білдіремін.

Сіздер көрсеткен бұл жетістік – өздеріңізден кейінгі іні-қарындастарыңыздың ынтасын оятып, «оқушы» деген сезіміне серпін беретін үлкен үлгі, мақтан тұтар өнеге. Десе де, зайырлы өмір үздіксіз талап, талпыныс пен ұмтылыстан, үйрену мен ізденуден, жаңару мен жаңғырудан тұрады. Бұл - әрбіріңіз үнемі есте ұстайтын ұранды ақиқат.

Осындай сын мезеттерге қарамастан аудан бойынша 12 түлек «Алтын белгіге», 5 оқушы «Ерекше аттестатқа» үміткерлер. Мектеп қабырғасын 244 түлек бітіргелі отырса, олардың 222-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өз бақтарын сынайтын болады.

Қымбатты түлектер!

Сіздер әлемнің озық көшінен қалмай, уақыттың талабынан талмай, талай табыстың биігінен көрінетіндеріңе кәміл сенім білдіремін. Өйткені, Сіздердің бойларыңызда Махамбет бабамыздың асқақ рухы мен жүректеріңізде Тәуелсіздік жаққан жалын бар. Осыны естен шығармаңыздар.

Олай болса, осынау қуанышты күні баршаңызға тек сәттілік тілеймін. Өмір жолдарыңыз жарық болғай!

Ж.Ахметов,

аудан әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT