Нәсіпқали Сәменов үлкен жүректі азамат еді

Бар саналы ғұмырын ел игілігі жолында сарп етіп, ерен еңбекке арнаған айтулы азаматтардың бірі, Махамбет ауданының Құрметті азаматы Нәсіпқали Сәменов туралы замандасы Мәндірғали Оразғалиұлы өзінің естеліктерімен бөлісті. Ал облыстық «Атырау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрым Ерғалиев марқұм ағасын қимастықпен еске алды.

Ол үлкенге ізетті, кішіге-қамқор, ары таза, жаны жомарт, шоқтығы биік азаматтың жайсаңы болды. Талайлармен тағдырлас, аралас, сыйлас, дәмдес бола жүріп, қатар жүрген замандастың өмірден өткен кезде орны ойсырап қалады екен. Заманы бір, өткен ғасырдың 40-шы жылдарында өмірге келген аға ұрпақтың, біздер үшін орны бөлек. Басқа қиындықтарын айтпағанда елдегі ер азаматтарды сыпыра соғысқа әкетіп, жүздеп кетіп, селдіреп қалғанын көзбен көрген жетімкөз, жаутаңкөз балалардың бірі болып өскеніміз күні кешегідей көз алдымызда.

Нәсіпқалидың да балалық шағы тағдыр тәлкегіне ұшырап, жоқшылықтың жөргегіне ілініп, жартылай жетімдіктің зардабын тартып, күйін кешті. Ол балалықтың балдай қызығына тоймай, арда көңіл болып өсті. Жоқшылықтың жолында қытымырлық кезеңнің қасіретін тартып, балалық шағында бала болып, асыр салып ойнап, жарқылдап күліп, құрбы-құрдасымен құлын-тайдай тебісіп ойнап, өткізе алмады. Колхоздың малын бақты, тракторшы болып, майға малынып, еңбек етті. Әкесі соғысқа кетіп, анасы болса сарыала таңнан қас қарайғанша колхоздың қара жұмысын істеді. Зерделі бала оқуын аяқтамастан әскерге алынып, ұшқыштар училищесін үздік бітірді. Екінші дәрежелі мамандық иесі болып, Отан алдындағы борышын абыройлы атқарып, елге оралды.Жарқылдаған жігерлі жас жігіт бірден тәртіпті талап ететін қайнаған жұмыс орнын іздеп, Гурьев қалалық ішкі істер бөлімінен бір-ақ шықты. Содан қаладағы орталық базар учаскесінде учаскелік инспектор, қалалық ішкі істер бөлімінде жедел іздестіру инспекторы т.б. жұмыстарды абыройлы атқарып, жақсы жағынан басшылардың көзіне түсті. Сенім барда, оны ақтау бар. Әр тапсырманың өзіндік ерекшелігі, жедел шешу мерзімі, тиянақты уақытында бітіру әдістемесі бар. «Сан қырлы қызмет қой. Ол жұмыстарды атқару маған оңай болған жоқ» деп есіне алатын Нәсіпқали. Бұл өмірге бір перзент болып келіп, көрген-білгендерінен адами қасиеттерге толы болмысынан ақыл-парасаты, беделі биіктей түсетін азаматтар бар. Адамның қадірі оның адамгершілік қасиеттерімен қатар тындырылған істерімен бағаланады ғой. Сәменов Нәсіпқали тындырымды істерін біреуге салық қылмаған, бірнеше жерде лауазымды жұмыс атқарғанда биік беделге ие болған, іскерлік, адамгершілік, адамға деген қамқорлық, жаны ашығыштық, бауырмалдық бір басына тоғысқан, «төрт аяғы тең жорға» сегіз қырлы, бір сырлы үлкен жүректі азамат қой. Жұмыстың қандай қиыншылығын бастан кешіріп жүрсе де бірқалыптылығын ұстам етті. Қарапайымдылығы мен көпшілдігі ұшталып жатты.

Нәсіпқали ел ағасы атанып, бірнеше жерде ұжым басқарды, көптеген мекемелерде лауазымды қызметтерде істеді. Өзінен жасы үлкендер Нәсіпжан деп арқа сүйеді, замандастары Нәке деп сыйлады. Кейінгі толқын «аға» деп ардақтады. Ұжымды сұсымен емес, ақылымен, жылы жүрекпен, адамдарға деген жанашыр қамқорлықпен басқара білді. Ешкімді шен-шекпеніне, әлеуметтік жағдайына, байлығы мен мансабына қарап, алалап көрген емес. Ешкімнің алдында кішіреймеді, бастықпын деп кеуде көтермеді. Қызмет бабында үлкенмен де, баламен де тең сөйлесті. Қарауындағылардың қамын ойлап, қайғы-қуанышын бөлісті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ауданда ақсақалдар, ардагерлер, қариялар қайтыс болғанда үнемі олардың басы-қасында жүретін. Міне, ел-жұрты, замандастары Нәсіпқалиды осындай адами қасиеттері үшін сыйлады.

«О, дүниеге де жақсы адамдар керек» дейді ғой. Сол себептен жақсының ғұмыры әрқашан қамшының сабындай қысқа. Әйткенмен, олардың екінші ғұмыры, «мәңгілік ғұмыры» өмірден өткен соң басталады екен. Нәсіпқали інімізді білген, құрметтеген талай жанның осындай лебізі ол туралы ұмытылмас ескерткіш болмақ.

Еліміздегі төтенше жағдайға қарамастан Нәкеңді жерлеуге адам көп жиналды. Ол кісінің адами қасиеті, адамгершілігі, қарапайым кісілігі туралы небір әңгімелер шертілді, естеліктер айтылды. Нәсіпқали Сәменов 79 жылдық ғұмырында жинаған бар байлығы-кісілігіне кір келтірмегендігі, азаматтығына дақ түсірмегені, тұстас замандастарына сыйлы болғандығын көрсетті.

Ол ешқашан жалпақшешей болмады, жан-жағына жалтақтамады, ешкімге беталды бас имеді. Асыл қасиеттерінің бірі-ешкімнің сыртынан ғайбаттамайтындығы. «Мынау басшы, мынау қосшы» деп бөле-жармай, үлкенді «аға» деп құрметтеп, кішіге іні, қарындас деп жол көрсетіп, қашанда қамқорлық көрсеткендігі еді. Осылайша біз білетін, ел білетін Нәкең аттылыны алаламай, бай-манапты жағаламай, пайымындағы сара жолмен жүріп, тіршіліктегі сапарын мәңгіге аяқтады. Нәсіпқали ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырып, ағайын-туыстың, құдаларының, ауылдастарының, жора-жолдастарының сый-құрметіне бөленген біртуар азамат, үлгілі отбасы иесі еді. Отағасының осындай ұлағатты да өнегелі өмір сүруіне, тұрмыс-тіршілігіне барлық жағдай жасаған жан жары Айманның да еңбегі орасан зор.

Нәкеңнің үрім-бұтағы мен немере-жиен, шөберелеріне атасының азаматтығы мен жайсаңдығын, ой-өрісінің кеңдігін, қоғам ағысындағы өзгерістерге бейімделгіш қасиетін бергей деп тілейміз. Міне, қазір Нәкең ортамызда жоқ. Иманы жолдас болып, жұмақтың төрінен орын алсын. Көре алмай кеткен қызығы Айман мен ұрпағына бұйырсын.

samenov220520

ОЛ КҮТКЕН ҚҰЖАТ...

Көптен күткен «Ардагерлер туралы» заңға қол қойылғанын естігенде, ең алдымен Нәсіпқали аға есіме түсті. Иә, күні кеше карантин кезінде кенеттен дүние салған Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі, білікті заңгер Нәсіпқали Сәменов.

Қашанда белі мықты жорық атындай сыртын бермейтін Нәсіпқали ағамызды нағыз Отанның патриоты деуге болады. Ол көпшіл, намысшыл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ақ жарқын азамат еді. Қоғамдық жұмысқа да жан-тәнімен кірісіп, белсенділік танытты. Ал, «Ардагерлер туралы» заңды қашан шығады деп асыға күткеніне замандастары куә. Астанадан мәртебелі меймандар, министрлер мен халық қалаулылары келіп, жиын өткізгенде ең бірінші болып сөз алатын Нәсіпқали ағамыз міндетті түрде өзі басқарып отырған ардагерлер ұйымының жұмысы, шешімін күткен көкейтесті мәселелер төңірегінде айта келіп, соңында: « Ардагерлер туралы заң не болып жатыр өзі?» деп жаутаңдаған баладай сұраулы жүзбен мінберде отырған жоғары мансап иелеріне жанарын тіктейтін.

Ондайда еститін жауап біреу: «Қаралып жатыр, жуырда болып қалар, ұсыныстарыңызды жазбаша беріңіздер.» Келесі күні кездескенде: «Ардагерлер туралы ұсынысымды үш бет етіп жазып, кешегі Парламент депутаттарының қолына ұстатып жібердім» деп бір үлкен шаруа бітіргендей өз ісіне қанағаттанғандық сезіммен жүретін Нәсіпқали ағаның кескін-келбеті көз алдымнан кетпейді.

Иә, сол сіз тағатсыздана күткен заң қолданыста. Бәлкім сіздің жазған ұсыныстарыңыз да кірістірілген болар. Осындай жағымды жаңалықтарға бірден үн қосып, аудандық «Жайық шұғыласына» ірі әріптермен жазылған қолжазбаңызды алып, жұрттан бұрын құстай ұшып жететін де Сіз едіңіз. Осы жолы тым-тырыс! Өмір заңы солай, қайтеміз? Жаныңыз жаннатта болсын, жақсы аға!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT