"Жасыл белдеудің" бүгінгі жайы кім-кімді де алаңдатып жүргені рас. Бұл жерде талай белгілі тұлғалардың қолтаңбасы қалған, халықтың маңдай тері төгілген.
Бір кездері көгілдір отынның орнына ағаштарын шауып алып кеткендер орнына ең болмағанда бір талды егіп кетпегені қалай?! Иә, көше беттегі келбеті жайқалып тұрғанымен, жасыл белдеуді айналып өтсеңіз, кесілген ағаштарды ғана көресіз. Тіпті кәрі ағаштар кесуге де үлгертпей, тамырынан жұлына құлап жатыр. Шөлге шыдамды қара ағаштардың өзі, су жетіспегеннен қурап, жапырағынан жалаңаштануда. Қысқасы қараусыз қалдырсақ, бірер жылда жасыл белдеудің заты емес, аты ғана қалатын секілді.
Бұл аумақ Махамбет ауылдық округінің коммуналдық меншігінде болғандықтан, округ әкімі Басерат Мыңбаев:
- Биылғы жылы ауыл ішін көгалдандыру жұмыстарына 6 млн 250 мың теңге қаражат бөлініп, жұмыстар жасалып жатыр. Тендерді ұтып алушы ЖК «Дарын» 2 айдан бері ауыл ішіндегі саябақтарды суарып, жас көшеттерді отырғызумен айналысуда. Әзірге жұмыстың басым бөлігі орталық саябақтарда жүзеге асып жатыр-, деп жауап берді.
Ал, тендерді ұтып алушы ЖК-ның жұмысын атқарып жатқан топтың бригадирі Нұролла Мусин:
- Жасыл белдеуге де кезек келеді. Алайда, аумағы үлкен болғандықтан бәрін бірден игеру қиындық туғызуда. Ол аумаққа ағаш егу үшін тұрғындардың да жауапкершілігі қажет. Себебі, шеткі аумақ былай тұрсын, орталықтағы саябақтардың есігін күнара сындырып кетеді,-дейді.
Сайып келгенде, таяқтың бір ұшы осылай өзімізге тиеді. Себебі табиғатқа жасалып жатқан қатігездік те адам қолымен екен рас.
А.САТАЕВА