Өзгерістер өзімізден басталады

Алтыншы қазанда «Amanat» партиясының кезектен тыс ХХІV съезді  өтеді.  Осы съезде партияның жаңа саяси тұғырнамасы бекітіледі.  Бұл тұғырнама - осыған дейін атауын өзгертіп, өз ішінде трансформация жасаған партияның затын да өзгертетін басты құжаты болмақ.

«Біздің басты байлығымыз - адам», «Азаматтық қоғам – дамудың кепілі», «Мемлекет және біз», «Өзгерістер бізден басталады» деген 4 тараудан тұратын тұғырнамада  партияның саяси ұстанымы, мақсаты мен міндеті айқын баяндалады.

«Amanat» партиясының алдында саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыру, сол арқылы демократиялық қағаидаларға негізделген жаңа Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр. Себебі мемлекеттің дербестігі, ұлттың азаттығы, қоғамның еркіндігі – ешқашан, еш нәрсеге айырбасталмайтын ұлы құндылық.  Партия еңбектеген баладан еңкейген  кәріге дейін тар жол тайғақ кешуден өтіп жеткен Тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, бағалауға шақырады.

Сонау өткен жылдарда қараңғы қазақтың көгіне күн болып шығып, қазақ балаларының оқып-тоқығанын , қазақтың өз алдына дербес ел болғанын, көзі ашық көкірегі ояу қазақтардың көбейгенін қалаған және сол жолда аянбай тер төгіп еңбектенген Абай, Шоқан, Ыбырайлар мен Әлихан бастаған Алаш арыстары болатын.  «Amanat» партиясы осы тұлғалардың  ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтады.  Бұл - оны халықтың үніне құлақ асып, сайлаушылардың талаптарын бұлжытпай іске асыратын партияға айналдырады.

Тәуелсіз қазақ еліндегі әрбір адам лайықты білім мен медициналық көмек алуға, әр адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, құқықтары қорғалуға тиісті.  Отан – отбасынан басталатынын ескерсек,  еліміздегі әр баланың  алаңсыз өсіп, болашаққа сеніммен қарауына жағдай жасау - мемлекеттің міндеті. Ал, партия осы міндеттің лайықты жүзеге асырылуына, отбасы институтының беделін көтеруге барынша күш салады.

Қазіргі қоғамдағы ең басты мәселе - көптеген жұмысшылардың жалақысының аздығы болып отыр. Партия жұмыссыздықтың нақты статистикасын жүргізіп, онымен күреседі, жалақы аздығы мәселесін шешуге атсалысатын болады.

Жаңа тұғырнама сонымен қатар азаматтық қоғамның дамуы, ұлттар арасындағы ынтымақ пен бірліктің нығаюына, әлеуметтік әділдіктің орнауына, ұлттық құндылықтарымыздың жаңа көзқарастармен біте қайнасып қаймағын бұбай сақтауға, жастарға жағдай жасауға, ана тіліміздің мәртебелі және қатынас құралына айналуына тікелей мүдделілік танытады.  

Осылайша өзгерісті өзінен бастағалы отырған партия рухы асқақ, бірлігі бекем, мақсаты айқын халықпен бірге жаңа Қазақстанға қадам басады.

Баян СҮЙЕУОВА, Махамбет аудандық мәслихатының депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT