Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!

Қазақ тілі — қазақ халқының басты рухани байлығы. Әр халық үшін тіл – маңызды құндылық. Біздің ата-бабамыздан қалған баға жетпес мұра. Тілден құдіретті, бағалы қасиет жоқ. Тіл – отбасылық қарым-қатынас қана емес, ол қоғамдық дамудың маңызды сатысы.

Ұлттың болашағы – оның ана тілінде. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – өз ана тілімізде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Тіл –әрбір ұлттың мақтанышы, жан- дүниесінің айнасы. Оны жасаушы халықтың тарихы, шежіресі, бүкіл өмірінің жаңғырығы мен ізі, арманы мен алдағы үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні болатын болса, осы құндылықтардың бәрін заманнан заманға, адамнан адамға жеткізуші — ұрпақ.

Бүгінгі таңда отбасындағы ұрпақ тәрбиесі – қоғамның бар саласына қатысты мәселе. Өйткені, бүгінгі шағын отбасы – ертеңгі үлкен мемлекет. Мемлекеттің тізгіні сенімді адамның қолында болу үшін ұрпаққа саналы білім қажет. Адам көп тіл білгеннен зиян көрмейді. Керісінше оның талабы да, талғамы да артады. Бірақ ең ба­стысы тұғырда өз ана тілі тұруы керек. Адамның ой-өрісі өз тілінде дамып жетілгенде ғана құндылығы артады. Тіл — әр адамның болмысы. Егер тіл жойылса, адам болмысы да жойылады. Сенің қазақ екеніңді айғақтайтын таптырмас дәлел ол – ана тілің.

Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы ана тіліміз өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ, ертеңгі болашағы да – қазақ ұрпағы. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған ама­наты, бүгінгі күннің мәртебесі, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу – қазақ баласының бірден-бір міндеті болып табылады.

Тіл – еліміздің іргетасы, өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем, асыл ойдың бұлағы. Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін,өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.

Тілге жан бітіретін де, тілге қуат беретін де, тілдің мәңгілік жасауына себепші де өзіміз. Тіл арқылы еңсеміз көтеріліп, тұғырымыз биіктей бермек.

Қазақстанда өмір сүретін әр азамат елін ой­ласа, ұлтының рухын ойласа, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосуы қажет. Қазақта «тіл тас жа­рады, тас жармаса, бас жарады» деген керемет нақыл сөзде айтылғандай, тілдің құдіретін бүгінгі жас ұрпақ ерте сезінуі керек. Алға қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана Мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды. Олай болса, ата-бабаларымыз салған сара жолдан таймайық, елдігіміз бен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін!

Қазақстанның болашағы қазақ тілінде! Тіл тағдыры ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық!

К.ТУЛЕНОВА,

аудандық сот әкімшісінің бас маманы,

сот отырысының хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT