Халықтың тарихы мен тағдыры – тілінде

Қазақ қазақ болғалы пайда болып қалыптасқан білім мен пайымның жинақталған энергиясы ана тілімізде ғана болса керек. Тілдің арқасында ғана ата- бабамыздың өсиеттері, ырым-тыйымдары, салт-санасы бүгінге дейін сақталды.

Еліміз егемендігін алған сәттен бастап, тіл мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мемлекеттік тілді дамыту аясында бірқатар іс-шаралар атқарылып, тіл саясаты бойынша тұжырымдамалар қабылданды. Мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде. Жас ұрпақтың тілі өз ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алу­ына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік бар.

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен та­рихпен ғана емес, бүгін мен болашақты бай­ланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан баста­лады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» деген Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәселесін қашанда назардан тыс қалдырған емес.

Өткен наурыз айында Атырауда ұйымдастырылған Ұлттық құрылтайда Пре­зидент қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын атап өтті.

«Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне ай­нала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық», – деді ол өз сөзінде.

Заман ағымына қарай, қазіргі ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың саны арта түскенін және соңғы кезде аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылардың көп екенін айтты.

«Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деді ол. Өскелең ұрпақты кітап оқуға баулудың маңызына тоқталып, Алматы мен Аста­нада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана ғимараты салынатынын да жеткізді.

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға ба­улуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», – деді Президент.

Алматыда кейбір кітапханалар заман та­лабына сай жаңғыртылып, жастардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасалғанын айтып, облыс әкімдеріне осы тәжірибені жалғастыруды тапсырды. Бұдан бөлек ол «Ұлттық кітап» күнін бекітуді қолдайтынын айтты.

«Мысалы, көптеген мемлекет «Ұлттық кітап» күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу ту­ралы ұсынысын қолдаймын», – деді Прези­дент.

Қазақстан Республикасында тіл саяса­тын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Мәселен, алдағы уақытта «Siri» мен «Алиса» сынды дауыстық көмекшілердің қазақстандық баламасы – «Айсана» атты робот шықпақ. Ол қазақ тілінде сөйлеп, жауап беретін болады.

Сонымен қатар, казіргі таңда мемлекеттік қызметке тұру барысында қазақ тілін білу тест тапсыру заңнамалық тұрғыда міндеттелмеген.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді.

Он сегіз мың ғаламда қаншама тіл бар?! Әр тілдің артында адамзаттың мәдениеті, тарихы, өнері, ән-жыры, ауыз әдебиеті, ақыл-ойы, еркіндігі секілді баға жетпес құндылықтары жатыр. Миллиондаған, тіпті миллиард адам сөйлейтін ірі тілдермен қатар санаулы жан­дар ғана өзара қатынас жасайтын тайпалық деңгейде қолданылатын тілдер де бар. Алайда, мәселе тілдің үлкен-кішілігінде емес, әр адам баласы үшін ана тілі – өзінше құнды. Біз үшін әлемдегі мыңдаған тілдің бір бөлшегі әрі елеулі өкілі, ол – біздің қазақ тіліміз.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521