БҰЛБҰЛ ӘУЕЗІ

Иран бақта жарыса сайраған қос бұлбұлдай Сәуле және Алма атты екі қыз біздің бала кезімізде Сарайшықтың мақпал кештерін әнмен тербеуші еді. Сол бір ғажайып күндердің суреті әлі күнге көз алдымда тұр.

Алтын күн Қаратал жотасына иек арта еңкейетін жаздың маужыр кештерінде Сәуле мен Алманың әжесі Әйбат апамыз үлкен текеметті аулаға жайдыратын. Оған көрші әжелер жағалай жайғасып, екі қызды ортаға алдырады. Әйбат әжей: «Ал, қыздарым, баста!» дейді. Қыздар көп күттірмейді. Домбыраның құлақ күйін келтіре салып, күмбірлете жөнеледі. Сәуле әдетте өзінің ұстазы Ғарекеңнің (Ғарифолла Құрманғалиевтің) әнінен бастайды:

Шырқа дауысым, сорғала,

Шық биікке, жорғала!

Туған дала қойнында,

Ән боп туған мен бала, - деп жан- жүрегіңді үздіктіре аяқтағанда тілмен айтып жеткізу қиын бір айран-асыр күй кешер едің. Ал қарт әжелер: «Ой, көп жаса, қарақтарым!» деп ақ бата­сын беріп жататын…

Сәуле апамыз бұл күнде фәни дүние жүзінде жоқ. Өнер аспанын­да құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнді. Бірақ артында өлмес әндері, ұрпақтары қалды. Ол Алматы эстрада студиясында оқыған кезінде қазақ ән өнерінің абызы Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алды. Оның сүйікті шәкірті болды. Студия­да белгілі қаламгер, дәстүрлі әнші Алтын Иманбаевамен бірге оқыды.

Сәуленің ән айтып отырған сәтіндегі бет-жүзіндегі құбылыстарды оны ұстазы Ғарифоллаға ұқсататын. Еліктеу кімде де болады ғой. Бірақ Сәуле студиядан кейін де ізденісін тоқтатпай, өз стилін тапты. Өмірінің соңғы жылдарында Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінде жұмыс істеді.

Сәуле апамыз әнге үлкен талғаммен қарайтын. Әнді кез келген жерде айта бермейтін еді. «Әнді айтқанда жаныңды жеп айтасың. Оған үлкен дайындық керек. Жұрт оны түсіне бермейді ғой» дейтін. Ол кісіге ән айтыңыз деуге жұрт бата да алмай­тын. Жайық-Беріштің өр мінезді қызы ғой. Менің нағашым. Екеуміз шығармашылық байланыста болдық.

1993 жылы Сарайшық орта мектебіне Қазмұхамед Қарашаұлының аты берілді. Сол салтанаттан бірер ай бұрын Сәуле апа екеуміз «Алтын ұяға арнау» де­ген терме сарынындағы ән жаздық. Сәуле апа оны салтанатты жиын­да орындады. Өмірінің соңғы жыл­дарында көңілі жұмсарды ма, ән сұрағандардың тәсін қайтармайтын болды.

Сәуле апамыз өмірден өткелі де жиырма жылға таяп қалыпты. Осы жылдар ішінде мен ел ішінен оның дауысы жазылған таспаларды көп іздедім. Бұл жұмысым онша көп нәтиже бермей, бір-екі ғана әнін тапқан едім. Енді міне, таяу күндері үлкен олжаға тап болып отырмын. Интернеттен оның 1978 жылы қазақ телевизиясына жазылған бірнеше әнін таптым. Дәл осы хабарды бала кезімізде, қысқы каникул кезінде теледидардан көріп едік.

Бүгінде Сәуле апамыздың өнерін оның сіңлісі, менің досым Алма Тапақова жалғастырып келеді. Ол – Сарайшық мәдениет үйінің басшы­сы.

Осы күні Сәуле апамыздың біздің Сарайшықтағы үйімізбен қабырғалас қара шаңырағында бауырлары тұрып жатыр. Сонау бала кезден бастап әлі күнге көршіміз. Көмейіне бұлбұл ұя салған Сәуле апамыз әрқашан жүрегімізде тұрады.

Т.НАУРЫЗӘЛІ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT