Өзекті мәселелер сөз болды

ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Қ.Нұрлыбаевтың Бейбарыс ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі өтті. Аудан басшысы сөз алып, биылғы 9 айда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Бейбарыс ауылындағы ауыз толтырып айтар жаңалықтың бірі – жаңа әкімшілік ғимаратының ашылуы. Б.Хисмеденова көшесіне темір бетон бағанасы орнатылып, электр желісін жүргізу жұмыстары жүргізілді. Ауылдағы балалар ойын алаңына, ескерткішке жай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Талдыкөл ауылының көшелерін жарықтандыруға техни- калық қызмет көрсетілді. Аққайың ауылына электр желісін жүргізу үшін темір бетон бағанасы орна­тылды. Су тазарту қондырғысының аумағы қоршалды. Бейбарыс ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін орынды қоршау жұмыстары жүргізілді,- деді Қ.Нұрлыбаев өз сөзінде.

Кездесу одан әрі сұрақ-жауапқа ұласты. Бейбарыс ауылдық округі ар­дагерлер кеңесі төрағасы С.Мұқашев өзін толғандырған біраз мәселені қозғады.

– Бұзылған ескі мектептің орнынан шыққан күл-қоқыс төгілмей қалған. Соны полигонға апарып төкпесе, ауыл балалары оның үстіне шығып, ойнап жүр. Тездетіп қауіпсіздік шараларын алыңыздар. Жаңа жерлерге, ауылдың кірберісіне үйлер салынып, халық қоныстанып жатқандықтан сол жаққа жол, су, газ, жарық қосылса екен. Ауылда жаңа салынып жатқан спорт кешеніне тек мектеп оқушылары ғана емес, ауыл жастары да бос уақытын өткізсе деген ұсынысым бар,- деді С.Мұқашев.

«Махамбет-су» мекемесінің басшы­сы Жанболат Амантұрлы атқарылып жатқан су желілерін жөндеу жұмыстары туралы ақпарат беріп, уақытша қиындық жұмыстың орында­луына байланысты екенін айтты. Ау­дан әкімі техникалық қамтамасыз ету және су тасымалдайтын көлік жөнінде түсініктеме беріп, жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталатынын жеткізді.

Аудан басшысы экологиялық талаптарды ескере отырып, Жайық жағалауына немесе өзге рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастауға болмайтынын, бұл үшін айыппұл қарастырылғанын атап өтті. Ауыл әкімі мектеп орнының тазартылаты­нын, тиісті техниканың тартылаты­нын айтты. Ауыл тұрғыны Жасұлан Кушалиев көшелердегі жарықтандыру мен интернет жылдамдығы туралы сұрақ қойды. Аудан әкімі электр желісі жобасы толық аяқталғанын, жарық тұрақты берілетінін, ал байланыс мәселесі бойынша операторлармен келісіліп жатқанын жеткізді.

Ауыл тұрғыны Мейрамгүл Тулеева иесіз қалған ескі ғимараттардың тұрғындарға қауіп төндіріп тұрғанын айтты. Аудан әкімі ғимарат иесіне қатысты айыппұл салу және заң талаптарын орындау жолдары қарастырылатынын айтты. Қоғамдық кеңес мүшесі Асқар Бегімбаев А.Иманов көшесіне асфальт төсеу, бейнебақылау камераларын орнату және қаңғыбас иттер мәселесін көтерді. Бұл ретте аудан басшысы аталмыш мәселелер қаржы көлеміне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін, қаңғыбас жануарларды аулау облыстық деңгейде жүргізілетінін түсіндірді. Кездесуді аудандық мәслихат төрағасы Қ.Мәжиев қорытындылады. Жиын соңында ау­дан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT