АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ЖӘНЕ АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ «ЖАЙДАРМАН» КӨҢІЛДІ ТАПҚЫРЛАР ОЙЫНЫ ӨТТІ.
Кешті атыраулық белгілі әзілкеш Жасұлан Сапаров жүргізді. Додаға Махамбет ауданы мен көршілес өңірлерден келген мықты командалар қатысты. Олардың қатарында «Номад Pluse», «Байтақ», «Әжесінің балдары», «Теңіз», «Авангард», «Байғанин», «Еркінқала» және «Доссор» ойыншылары болды.
Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек қатысушыларға сәттілік тілеп, алыстан арнайы келген қонақтарға алғысын жеткізді:
– Мұндай шаралар аудан жастарының шығармашылық әлеуетін арттыруға, тапқырлық пен сахна мәдениетін дамытуға бағытталған. Мәдениет пен жастар саясатын ілгерілетудегі маңызды жобалардың бірі – Жайдарманға қош келдіңіздер. Барша командаға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Тартысты ойын нәтижесінде аудан әкімінің кубогі және 200 мың теңгелік бас жүлде Исатай ауданының «Әжесінің балдары» командасына бұйырды. 150 мың теңгелік екінші орынды Ақтөбе облысының намысын қорғап, Астанадағы жоғарғы лигада өнер көрсетіп жүрген «Байғанин» командасы жеңіп алды. Ал 100 мың теңге мен үшінші орын Махамбет ауданындағы «Номад Pluse» командасына табысталды.
Сондай-ақ, «Үздік ойыншы» атағы және 20 мың теңге көлеміндегі сыйақы «Еркінқала» командасының мүшесі Еркебұлан Құспанға берілді. Жайдарман кеші көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жастардың тапқырлығы мен сахналық өнерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ