Сарайшықтың ғасырлар қойнауындағы даңқты тарихын жаңғыртып, оның әлемдік мәдениеттегі айрықша орнын баршаға паш етуді мақсат еткен «Шығыс пен Батыс тоғысқан Сарайшық: Ұлы даладағы тарих және мәдениет» атты халықаралық ғылыми симпозиум екі күнге жалғасты.
Ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған келелі жиынның екінші күні халықаралық және отандық ғалымдар Сарайшыққа келіп тарих тұнған мекеннің археологиялық қазба жұмыстарының барысымен және музей қорығындағы көне жәдігерлермен танысты.
Жалпы Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды көршілес елдердің музейлерімен өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Бүгінгі симпозиум мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықтың артуына зор септігін тигізері сөзсіз.
Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ә.Мұқтар өз сөзінде алдағы уақытта шетелдік әріптестермен байланысты одан әрі дамытып, әлемдік деңгейдегі ғылыми басылымдарда өлке зерттеулерін тұрақты жариялауды ұйымдастыру, жаңадан анықталған Күліш керуен-сарайы орнында қазба жұмыстарын жүргізу, Сарайшық цитаделі аумағын зерттеу, далалық экспедицияларға шығу сынды жоспарлары барын айтып өтті.

