Өмірдің құны – уақыттың күші

Соңғы жылдарда елімізде жастар арасындағы суицид мәселесі жиі айтылып жүр. Біреулер үшін бұл – психологиялық қысымның салдары, біреулер үшін – жалғыздықтың және түсінбеушіліктің нәтижесі.  Суицид – бір сәттік шешім, бірақ оның салдары мәңгі. Психологиялық денсаулық – физикалық денсаулық сияқты маңызды.

 Мұндай келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында аудан көлемінде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, мектептерде психолог мамандардың қызметі күшейтіліп, оқушылармен және ата-аналармен тұрақты кездесулер ұйымдастырылады.  Сондай – ақ, аудандық жастар ресурстық орталығы тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын өткізіп, психологиялық қолдау көрсетіледі.  Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің психологы Ерғалиева Қорлан өз сөзінде былай дейді :

 “Суицидтің әрбір оқиғасы – қоғам үшін орны толмас қасірет. Сондықтан біз барлық мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтудеміз. Бұл тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігін қажет ететін күрделі әлеуметтік мәселе.  Психолог ретінде менің пайымдауымша, суицидке итермелейтін негізгі себептердің қатарында отбасындағы түсініспеушілік, достық қарым-қатынастағы қиындықтар және өз-өзіне деген сенімнің төмендігі секілді факторлар бар.  Мұндай жағдайлардың алдын-алу үшін ең бастысы – әр баланың ішкі жан дүниесіне назар аударып, оған қолдау көрсету.

  Әрбір бала – біздің болашағымыз. Сондықтан оның өміріне, психологиялық жағдайына бейжай қарауға болмайды. Суицидтің алдын алудың ең тиімді жолы – түсіністік, қолдау және мейірім. Өмір – ең қымбат құндылық, ал қиындықтардың бәрі уақытша екенін әр жасөспірімнің санасына сіңіру – біздің ортақ борышымыз.

 Менің негізгі міндетім – оқушылардың психологиялоық саулығын қамтамасыз ету және суицидтің алдын алу бағытында жүйелі жұмыцс жасау болып табылады.  Осы мақсатта мектебімізде жыл бойына түрлі профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.  Ең алдымен, оқушылар арасында психологиялық тренингтер мен семинарлан өткізіледі. Сан түрлі тақырыптарда тренингтер балалардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға және өз-өзіне сенімділігін арттыруға бағытталған.  Сонымен қатар, жеке және топтық кеңес беру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл шаралар оқушылардың ішкі күйін анықтауға, эмоционалды тұрақтылығын сақтауға және қажет болған жағдайда ата-аналармен, сынып жетекшілерімен бірлесе әрекет етуге мүмкіндік береді. Мектепте “Сенім жәшігі” жұмыс істейді. Мұнда оқушылар өз ойларын, уайымдарын жасырын түрде жеткізе алады. Жалпы алғанда, атқарылып жатқан барлық шаралардың басты мақсаты – балалардың өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру, психологиялық тепе-теңдігін сақтау және өмірдің бағасын түсіндіру болып табылады.”

 Суицид мәселесін шешу – тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әр адам өз орнында біреуге үміт сыйлай алса, қоғам мейірімді бола түседі. Өмірдің ең үлкен күші – үміт пен қолдау.

Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT