Заңсыз жұмыстан босатылған ветеринар қызметіне қайта кірісті

Талап қоюшы бос жүрген күндеріне жалақы мен 1 000 000 теңге моральдық зиян өндіруді сұрады.

Махамбет аудандық сотына талап қоюшы И. «Махамбет аудандық ветеринариялық стансасы» КМК-не еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тану, бұрынғы жұмысқа қайта қабылдау және лажсыз бос жүрген уақытына еңбек ақы өндіру туралы талап қою арызымен жүгінді.

Азаматтық іс материалдарына сәйкес, аталған мекемеде талап қоюшы 2014 жылдың сәуірінен бастап бас маман - ветеринар қызметін атқарған. 2020 жылы талап қоюшы атқарып отырған жұмысынан босатылып, еңбек шарты тоқтатылған. Сол себепті талап қоюшы 2020 жылғы 13 ақпандағы және 27 ақпандағы №20,23 бұйрықтарды заңсыз деп танып, күшін жоюды, бұрынғы жұмысына қайта орналастыруды, амалсыз бос жүрген күндеріне жалақы өндіруді, 1 000 000 теңге моральдық зиян өндіруді сұрады.

Сот талқылауы барысында, жауапкермен ҚР-ның ЕК-нің 50-бабының 1-тармағына сай белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өтуіне байланысты тоқтатылған. Алайда, талап қоюшы және жауапкер арасында 2019 жылғы 2 тамыз №24 санымен жасақталған еңбек шартының мерзімі бітпеген, сондықтан жауапкер талап қоюшыны негізсіз жұмыстан босатқан.

Сот іс материалдарын зерттеп, «қызметкер жұмыстан заңсыз шығарылды» деген тұжырымға келіп, бұрынғы жұмысына қайта орналастырды. Талап қоюшының пайдасына лажсыздан бос жүрген уақыты үшін жалақысы және 40 000 теңге моральдық зиян өндірілді.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Махамбет аудандық сотының баспасөз қызметі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT