Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Атаулы күннің құрметіне орай Махамбет ауданының төтенше жағдайлар бөліміне берілген жаңа ғимаратты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы таныстыру жұмыстары жүргізілді.
АРНАЙЫ ТЕХНИКАМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛГЕН
Жаңа нысан төтенше жағдайлар саласындағы қызметкерлер үшін үлкен қолдау болып отыр. Ғимарат толықтай заманауи талаптарға сай салынған. Мұнда қызметкерлердің кәсіби дайындығын арттыруға, спортпен шұғылдануға, білімін жетілдіруіне және демалуына қажетті барлық жағдай жасалған. Ішкі инфрақұрылымында спорт кешені, фитнес клуб, оқу кабинеттері, жатын бөлмелер бар. Мұның барлығы құтқарушылардың қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Жаңа ғимараттың ашылуы – тек қызметкерлер үшін ғана емес, жалпы аудан халқы үшін де маңызды оқиға. Өйткені төтенше жағдайға дайын әрі заманауи құралдармен жабдықталған бөлім халыққа жедел әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Махамбет ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бақтыбек Төлегенов БАҚ өкілдеріне жаңа нысан туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда бөлімінде 32 қызметкер еңбек етеді.
– Бөлімнің қарамағында өрт сөндіруге арналған 5 техника және авариялық-құтқару жұмыстарына арналған 3 арнайы көлік бар. Әсіресе жол талғамайтын 2 «Toyoto Hilux» көлігі мен «Tricol» маркалы техника аудан аумағында кез келген жерге жедел жетіп, қиын жағдайда халыққа көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Техникалық базаның толығуы өңірдегі төтенше жағдай қызметінің жұмысын жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз,-деді Б.Төлегенов.
ТАНЫСТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ
Іс-шара барысында өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары бастығының орынбасары Нұрлыбек Қатапов ғимараттың ішін аралатып көрсетті. Ол қызметкерлердің қайда оқитынын, бос уақытында немен айналысатынын, спортпен шұғылдану үшін жасалған жағдайларды және көліктерге арналған арнайы орындарды таныстырды. Сонымен қатар жаңа нысанда қызметкерлердің жатын бөлмелері, демалыс орындары да бар. Бұл – тәулік бойы кезекшілік атқаратын құтқарушылар үшін үлкен қолдау.
ҚҰТҚАРУШЫ ИТТЕРДІҢ КӨРСЕТІЛІМІ
Шара барысында ерекше назар аудартқан сәттердің бірі – арнайы дайындықтан өткен иттердің таныстырылымы болды. Қолға үйретілген екі құтқарушы итті жедел құтқару жасағының кинология бөлімшесінің бас құтқарушысы Руслан Нұров көрсетті. Бұл иттер арнайы жаттығудан өтіп, төтенше жағдай кезінде жоғалған адамдарды іздеуге, қирандылар астынан зардап шеккендерді табуға машықтандырылған.
Махамбет ауданында ашылған жаңа төтенше жағдайлар ғимараты – тек бір мекеменің ғана емес, тұтас өңірдің қауіпсіздігін күшейтетін маңызды нысан. Заманауи техникамен, спорттық және оқу базасымен жабдықталған жаңа ғимарат құтқарушылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік береді. Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы қарсаңында ашылған бұл нысан-мемлекетіміздің азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға әрқашан басымдық беретінін көрсетеді. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, халыққа адал қызмет ету.
А.АСҚАРҚЫЗЫ