«Архив және болашақ»

Жас ұрпаққа қазақ халқының тарихын зерттеуде архив құжаттарының маңызын таныту, тарихи деректер арқылы елдің өткені мен бүгініне баға беруге үйрету мақсатында аудандық ар­хивте «Архив және болашақ ұрпақ жобасы» аясында «Ашық есік» күні өтті.

Аталған шараға О.Шонаев және Д. Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектептердің 5-6 сынып оқушылары мен ұстаздары қатысып, архив қызметімен етене танысты. Қатысушылар назарына архив қорларындағы құнды деректер, атақты жерлестеріміздің еңбегі мен өмір жолынан мәліметтер ұсынылды.

Атап айтқанда, биыл «Жұмысшылар жылы» деп аталуына орай еңбек адамдарының ерен еңбегіне арналған көрме ұйымдастырылды. Онда шопан «Социалистік Еңбек Ері» Махамбет Есембаевтың, агроном «Еңбек ардагері» Габдулғазиз Қарабалинің және ауыл шаруашылығы саласының үздігі, ауданның Құрметті азаматы Әбілхайыр Сұлтанғұлұлының жеке тектік құжаттары қойылды. Бұл материалдар жас буынға еңбек адамының мәртебесін көрсетіп, отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды құралы болды.

Шараны филиал басшысы Бота Сапиева ашып, архивтің қоғам өміріндегі рөліне тоқталды. Ал архивші Інжу Айсина оқушыларға архив қорында сақталған құжаттар жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Сонымен қатар заманауи бағыттағы жұмыстар – құжаттарды цифрландыру және электронды архив жүйесіне енгізу барысы та­ныстырылды.

Архив қызметкерлері Мейрамгүл Тасмағамбетова мен Дильбара Мағзомова оқушыларға архивтік анықтамалар беру, құжаттарды сақтап, жүйелеу жолдарын іс жүзінде көрсетіп, тәжірибелік сабақ өткізді.

Оқушылар шарадан алған әсерлерімен бөлісті. «Маған архивтегі құжаттарды көру өте қызық болды. Тарихты тек оқулықтан емес, осындай құжаттардан білген дұрыс екен»,- дейді 6-сынып оқушысы Максим Бақытым.

Балалар мен ұстаздар тарихпен бетпе-бет жүздесіп, архив құжаттарынан құнды мәлімет алды. Осындай шаралар арқылы өскелең ұрпаққа өткенін ұмытпай, болашағына сеніммен қарау идеясы насихатталуда.

А.КОКАЗОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT