Бағдарламаның жүзеге асуы – бақылауда

Өткен аптада бекітілген жоспарға сәйкес «Аmanat» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы талқыланып, партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың 8 ай қорытындысымен аудандық мекеме, бөлім басшыларының есебі тыңдалды.

Жолдаудың үшінші тармағында игерілмей бос жатқан, заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу мәселесін мұқият қарау міндеттелген болатын. Бұл мәселе ауданымызға да тікелей қатысты. Аталған тапсырмаға сәйкес баяндама жасаған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Салиев ауданда 2022 жылдан күні бүгінге дейін ауыл шаруашылығы мақсатында берілген, бірақ пайда­ланылмай отырған жалпы көлемі 42 820 гектар болатын 166 жер учаскесі мемлекетке кері қайтарылғанын мәлімдеді Сондай-ақ 3000 гектар ауыл шаруашылығы жерлері конкурс арқылы жаңа ісін бастап жатқан ша­руа қожалықтарына берілген.

Автокөлік жолдарын салу немесе жөндеу, жүк тасымалдарын басқару, су инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді жаңа цифрлық тех­нологиялар көмегі арқылы шешу – Жолдау жүктеген негізгі міндеттердің бірі.

Жалпы, жол-көлік инфрақұрылымы- ның сапасы елдің экономикалық даму қарқынына тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда ауданымызда жол саласын­да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолда­ры бөлімінің бас маманы Қ.Каримұлы тоқталып өтті.

– Ауданда жол жөндеу және жаңарту жұмыстары бойынша бірқатар жұмыс жүргізілуде. Махам­бет ауылы бойынша 8,2 шақырым ауылішілік жол құрылысының 1 кезең жобасы жұмыстарының 95 пайызы орындалса, 2 кезең жобасы бойынша 11,3 шақырым ауылішілік жолдарын салу жұмыстары толықтай аяқталды. Жобаның 3 кезеңі бойынша 18,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы бар ауылішілік автомобиль жолда­рын күрделі жөндеуге 500 000,0 мың теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда негізгі қабаты төселуде. Ақтоғай кірмежолын жөндеу жұмыстары аяқталғанымен, жаз мезгілінде ас­фальт жабындысының қайта бүлінгені анықталды. Аталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемеге ескер­ту берілді, жыл соңына дейін ретке келтіретін болады. Сол сияқты тасқын су салдарынан жарамсыз күйге түскен Талдыкөл ауылының кірмежолы бой­ынша жобаға түзетулер енгізіліп, жұмыстар ресайклинг әдісімен жүргізілуде. Яғни, ескі асфальт жа­бындысын арнайы техникамен өңдеп, қайтадан жол құрылысына пайдалану арқылы. Алға,Таңдай, Ортақшыл, Ес­бол, Сарайшық, Жалғансай ауылішілік жолдары бойынша жұмыстар баста­лып жүргізілуде, - деген бас маман Қ.Каримұлы ауылдардағы су тазарту қондырғыларының жаңғыртылуы, елді мекендерге жүргізілген су желісінің құрылысы жөнінде де мәлімет берді. Сөз соңында тұрғын үймен қамту мәселесіне тоқталып, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту бағытында биыл 100 тұрғын үй кілтін тапсыру көзделіп отырғанын жеткізді.

Заман талабына сай мектептер салу, апатты және үш ауысымды білім ордаларының мәселесін шешу – күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдаудың жетінші тармағында білім беру са­ласына қатысты бірқатар маңызды мәселелер мен бастамаларды көтерді. Аталған тақырып аясында сөз кезегін алған аудандық білім бөлімінің басшы­сы В.Қабышева аудандағы апатты мек­теп пен балабақша мәселесін ерекше атап өтті.

– Бақсай ауылдық округіне қарасты Қ.Ахмедияров мектебінің «Апат алдындағы мектеп» деп таны­луына байланысты қазіргі таңда жаңа 300 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы демеушілік арқылы жасалып жатыр. Жыл аяғына дейін мемлекеттік сарап­тамадан өтсе, қаржысына сұраныс беретін боламыз. Алға ауылында 1979 жылы салынған 320 орындық мектептің бастауыш ғимараты «Апатты» деп та­нылды. Ондағы шағын орталықтан бастап 4 сыныпқа дейінгі бастауыш сынып оқушылары негзігі мектеп ғимаратына көшірілгендіктен орын тапшылығы туындауда. Кабинеттердің жетіспеушілігі, акт, спорт залдардың, кітапхананың стандартқа сәйкессіздігі қиындық туғызып отыр. Осыған орай, Алға ауылына жаңа 600 орындық мектеп салу жоспарланды. Мұндай жағдайлар бөбекжай-бақшаларда да бар. Өздеріңізге белгілі, жыл басын­да Ақжайық ауылындағы балабақша жұмысын тоқтатты. Оның орнына 160 орындық жаңа бөбекжай-бақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы құрылыс басқармасы арқылы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сол секілді Сарайшық ауылының «Бүлдіршін» бөбекжай-бақшасының жағдайы да алаңдатып отыр. Ол туралы «Amanat» партиясының облыстық филиалының төрағасына хат жолдаған болатын­мын. Облыс басшыларының назары­на ұсынған мәселеміз жабулы күйінде қалмай, оң шешімін табады деп үміттенеміз.

Барлық мектептерді «Келе­шек» мектептерінің жобасына сай материалдық-техникалық базасын жақсартып, жаңғырту бойынша тап­сырма берілген болатын. Қазіргі таңда ауданымыздың білім бөліміне қарасты мектептерді кезең-кезеңімен модер­низациядан, реновациядан өткізу жо­спары жасалды. Мектептерді бірыңғай дизайн-кодқа көшіру жұмыстары да қолға алынуда. Биыл Қызылүй және Қ.Қарашаұлы мектептері ренова­циядан өтуде. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табады, - деді білім бөлімінің басшысы.

Денсаулық сақтау жүйесін нығайту және еліміздің әрбір тұрғынына медициналық көмекті замана­уи әрі қолжетімді ету бағытында жүктелген тапсырмаларға тоқталып өткен аудандық аурухана басшы­сы С.Сандыбаев 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде денсаулық сала­сы бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті. Ол бағдарлама аясында ау­данда 4 медициналық қызмет көрсету нысанын салу жоспарланғанын, қазіргі таңда Таңдай ауылдық фельдшерлік- акушерлік пункті, Көздіқара және Еңбекшіл ауылдарындағы медициналық пункт жұмыс жасап тұрғанын және жуырда Аққайың фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылатынын мәлімдеді.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы На­зым Саменова «Аmanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауал­ды бағдарламасы аясында бұқаралық спортты дамыту бағыты бойынша ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

– Сайлауалды бағдарлама аясында ауданда бірқатар спорт және мәдениет нысандарын салу көзделген болатын. Қазіргі таңда Сарайшық, Ортақшыл, Талдыкөл ауылдарына 200 орындық және Махамет ауылынан 400 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, аяқталды. Мемлекеттік сараптамадан өтуде. Алға ауылдық 200 орындық мәдениет үйінің жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржысына сұраныс берілді. Биыл мамыр айында аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауданда барлығы 71 спорттық нысан бар. Барлық спорт кешенде ересектер мен ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен айналысуы үшін жағдай жа­салуда. Ақтоғай, Таңдай, Талдыкөл, Есбол, Жалғансай ауылдарына жасан­ды төсеніші бар ашық спорт алаңдары мен Ортақшыл ауылынан 160 орындық дене шынықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Бейбарыс, Ақтоғай ауылдарында модульді жылдам құрастырмалы спорттық нысандар құрылысының жұмыстары басталса, Сарайшық ауылы бойынша жобалық- сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Қаржысы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады, - деді Н.Саменова.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT