Зайырлылық принциптері түсіндірілді

Махамбет аудандық ақпараттық түсіндіру тобының 1 тоқсандық жұмыс жоспарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің баптарын түсіндіру мақсатында «Зайырлылық принциптері мен мемлекеттің дін саясатын айшықтап түсіндіру» тақырыбында кездесу өтті. Ақтоғай ауылдық мәдениет үйінде өткен жиынға ақпараттық топ мүшелері мен ауыл тұрғындары, мектеп мұғалімдері және жоғары сынып оқушылары да қатысты.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас­шысы, топ жетекшісі Нұрғали Ару­ев кездесудің мақсатын түсін- діріп, еліміздің демократиялық, зайырлы мемлекет аталуының өзінде үлкен мән барын жастарға айтып жеткізді.

Біздің еліміз зайырлы мемлекет деп айтамыз. Бірақ осы зайырлы сөзінің мағынасын өскелең ұрпақ толық түсініп жүр ме? Әсіресе, зайырлы қоғамның да өз заңдылықтары барын, тәртіп пен тәрбиеге бағынған жерде ғана елдің тыныштығына нұқсан келмейтінін ескеруіміз керек. Дін тұлғаның өмір сүру қағидалары мен даму векторын анықтайды.Қазіргі заманауи, зайырлы мемлекеттерде дін өзінің құндылығын жойған жоқ. Біздің елімізде де азаматтардың діни бостандығы мен ар-ождан құқығына нұқсан келтірмей және конфессияаралық келісімді нығайту қағидаттары жолға қойылған. Зайырлы қоғамда мемле­кет діннің ісіне араласпайды, ал діни институттар мемлекеттік басқаруға араласа алмайды. Әйтсе де өсіп келе жатқан жас ұрпақты жат ағымдардың жетегінен сақтандыру, еліміздің Кон­ституциясында көрсетілген заңды құқықтарымен, дәстүрлі дініміздегі қағидаттармен таныстыру – біздің негізгі мақсатымыз,-деді топ жетекшісі Н.Аруев.

Жалпы «зайырлылық» сөзі қазақ тіліндегі «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. Зайырлылық ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық – мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен бейтараптылығы және ар-ождан бостандығын білдіреді. Зайырлылық дін де, атеизм де емес, тіптен идеология да емес. Ол діни бостандық ұстанымы деуге келеді. Әлемде 113 мемлекет өзін зайыр­лы ел деп жариялаған болса, соның бірі – Қазақстан. Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республика­сы өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратыны көрініс тапқан. Сонымен бірге Ата Заңымыз әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады. Ал жер бетіндегі 75 мемлекетте дін республиканың ресми бөлігі болып табылады. Әйтседе, саясаткерлер за­йырлы мемлекет деп дін саласын бос жіберіп қоюға болмайтынын айтады. Себебі, діни ахуалдың тұрақтылығы – елдегі ішкі және сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, бірлік пен татулықтың, бейбітшіліктің кепілі болмақ.

Бүгінгі күні елімізде 140-тан астам ұлт пен ұлыс мекендеген бол­са, мұсылмандар мешітке, хри­стиандар шіркеуге, өзге де дін ұстанушылар өзінің құлшылық қылатын ғибадатханаларына еш кедергісіз бара алады. Олардың өзара қарым-қатынасы – тіпті әлемнің өзге аймақтарында тұратын ұлттар мен ұлыстар үшін үлгіге айналып отыр. Бұл – Қазақстанның зайырлы қоғам ретінде қол жеткізген анық жетістігі. Елімізде осы ұлтаралық діни келісімді нығайту мақсатында 2003 жылдан бері әлемдік дін өкілдерінің дәстүрлі съезі өтіп келе жатыр. Әлемнің түкпір- түкпірінен келген түрлі дін өкілдері еліміздің зайырлы саясатын қолдап, өзара ынтымақтастықты арттыруға ат­салысады.

Алаш қайраткері Ә.Бөкейханұлы XX ғасырдың басында мемлекет құру жолында жүріп: «Біздің қазақ дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісін бөліп қойған оң болады», - деп өсиет айтқан екен. Яғни осы кезден-ақ ата-бабамыз дін мен саясаттың арасында белгілі бір межеде шектеу қойылуы керектігін меңзеп кеткендей. Бір кездері тәуелсіздіктің туы астында біріккен 130-дан астам ұлт пен ұлыстың бірлігіне күмән келтіріп, «Әлемдік ұлттар ла­бораториясы» ертеңімізді бұлыңғыр деп болжады. Бүгінде Қазақстан әлем алдында өзінің берік ұстанымын айқындап берді. Ақтоғайда өткен кезде­суде «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының теолог-маманы Нұрбек Иба­дуллаев та дін мен ұлтаралық келісім төңірегінде баяндама жасап, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, «зайырлы» сөзінің анықтамасы жазылған брошюралар таратылды.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT