Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде аудан әкімі Қайрат Нұрлыбевтың төрағалығымен аудан кәсіпкерлері, ауыл шаруашылық құрылымдары және жаңадан кәсібін ашуға ниетті тұрғындармен келелі кездесу өтіп, көкейде жүрген көп сауалдарға жауап алынды.
Ауданға қатысты шаруагерлер мен қожалық басшылары, кәсіпкерлер қатысқан көшпелі семинардың қонақтарымен аудан әкімі таныстырып, алғашқы сөз кезегін Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау және несиелендіру бөлімінің басшысы Тлекқабыл Губайдуллинге берді.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бірнеше мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы субъектілерінің шеккен шығындарының бір бөлігін субсидиялау бағдарламаларын жүзеге асыратын бірден-бір уәкілетті орган өткен 2024 жылдың өзінде бұл бағыт бойынша 2 млрд 900 млн қаражат игерген. Оған қоса қаржы институттарынан несие алған тұлғалардың несиесінің бір бөлігінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау да бар. Бүгінде басқарманың төңірегінде 2 несиелендіру бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Біріншісі - «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы басталып, 1 млрд 504 мың қаражат игерілген. Алайда 2024 жылы министрлік тарапынан тиісті қаржы бөлінбеуіне байланысты жоба уақытша тоқтап қалды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы кідіріп қалғанымен, бүгінде қайтарым қаражаты есебінен өңірдегі өндірістік кооперативтерді несиелендіру жұмыстары жанданып келеді. «Пайыздық мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, мал шаруашылығына 7 жылға дейін, басқа да бизнес көздеріне 5 жылға дейін беріледі. Кепілге жылжымайтын мүлік алынады. Қаражаттың шегі 8 мың айлық көрсеткіш яғни 30 млн-ға дейін. Сүйемелдеуді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жүргізеді. Одан басқа 150млн-нан жоғары сома берілетін ірі жобаларға арналған бағдарламалар да бар. Ауыл шаруашылығы техникалары бойынша да өңірде өндірістік кооперативтерге басымдық беріліп отыр. Яғни 50 пайызға дейін техниканы субсидиялауға мүмкіндік бар. Ұңғымаларды қазуға да 50 пайыздан субсидиялануда»,-деді Тлекқабыл Губайдуллин өз сөзінде.
Баяндамашының ұсыныстарын нақтылау мақсатында «Шабай» ШҚ-ның басшысы Төленбай Аманбаев бөлім басшысына мынадай сауал жолдады:
– Сіз айтып отырған 2,5%-бен алынатын несиеге өткен жылы екі мәрте өтініш білдіріп, үйімізге бағалау жасатқанбыз. Әлі күнге нақты хабары жоқ, неге? Екінші сұрағым, сіз айтып отырған ұңғыма қазуға берілетін субсидияға қатысты. Осы жұмысты атқаратын мердігерлер біздің өлкеде тұщы су көзі бар-жоғын біле ме? Мәселен, Қызылқоғада, Жылыойда, жақында Мақат ауданында жер астынан тұщы су шыққанын естіп отырмыз. Соны нақты анықтап, құрылғымен, сосын жұмыс бастала ма? Әлде, мердігерлер айласын асырып, жерді қазған соң, су шықпайды деп тастап кете бере ме? Үшіншіден, айтар ұсынысым, биыл мына асыл тұқымды малдың бағасы аспандап кетті. 18 айлық бұқаның өзіне 550 мың теңге құн сұрап тұр. Ал үкіметтен берілетін субсидия бір аталық басқа – 150 мың теңге. Өткен жылы 350-ден алған бұқаларды енді 550 мыңға алуға кез келген шаруаның қалтасы көтермейді. Мемлекет шаруагердің қамы үшін бағаны тұрақтандырып, немесе субсидияны өсіру керек деп ойлаймын. Осы мәселені ұсыныс ретінде министрлікке жеткізуді сұраймын.
Кәсіпкердің сұрағына жауап берген Т.Губайдуллин:
– Өткен жылы өңірде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өтініштер қабылданды, алайда қаржы бөлінбеуіне байланысты жоба тоқтап қалды. Әйтсе де биылғы жылы жалғасады, тиісті қаражат аударылады деп күтіп отырмыз. Ал, бұрғылау жұмыстарына келсек, мен білетін мердігерлер көршілес аудандарда арнайы картаның, құрылғының көмегімен су шығады деген аумақтарда ғана жұмыс жасады. Біз ұсынған аймақтарды да тексеріп, ол жақтан тұщы су табылмайтынын айтып, қазудан бас тартты. Демек, тексеру болады,-деп жауап берді.
Сонымен қатар жиын барысында өткен жылғы тасқын су апатынан зардап шеккен шаруагерлер де өз сауалдарын тиісті мамандарға жолдап, жауабын алды. Солардың бірі «Райхан» шаруа қожалығының басшысы Рахатова Райхан: «Өткен жылы су астында қалған қора-жайлардың, техниканың шығыны өтеледі деп үміттеніп отырмыз. Мен тек өз атымнан емес, осы жиынға қатыса алмаған шаруагерлердің де атынан сұраймын. Министрліктің жаңа бұйрығын түсіндіріп өтсеңіз? Қандай құжаттар жинау керек? Қай мерзімнен бастап төленбек?»-деп шығынға қалған шаруалардың атынан сұрақ қойды. Оған Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Бибігүл Тоғызова жауап берді:
– Өздеріңіз білетіндей, су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын өтеуге қатысты ережені Ұлттық экономика министрлігі шығарып отыр. Біз сол бұйрықты іске асырушы орган ретінде яғни кәсіпкерлік басқармасы заң аясында жұмыс жасаймыз. Осыған дейінгі шығынды төлеу ережесіне 18 ақпандағы №6 бұйрықпен өзгеріс енгізіліп, ағымдағы жылдың 3-31 наурызы аралығында құжат қабылдау уақыты ұзартылды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, 2024 жылдың 1 наурызына дейін жеке кәсіпкерлігі тіркелген, техникалық құжаты жасалған, қабылдау актісі тіркелген шаруагерлердің өтініші қабылданады. Осы заңдылыққа айрықша назар аударуды сұраймыз,-деді кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы.
Аталмыш мәселе төңірегінде бас көтеріп, пікір айтқандар, сұрақ қойғандар қарасы көп болды. Барлығының дерлік мәселесі ұқсас. Жаңа ережеде көрсетілгендей, құжаттарын заңдылықпен уақытылы жасатқандар саусақпен санарлық. Яғни 2017, 2020 жылдары жеке шаруашылық ашып, қора-жайын салып, бірақ тиісті құжаттамасын алмаған азаматтар енді шығынын мемлекеттен қайтару үшін кәсібін дәлелдеп, сотқа жүгінуі де мүмкін. Жиынға қатысқан жауаптылар осы тұста құжатқа салғырт қарамауды тапсырды.
Екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін шағын бизнеске арналған несиенің шарттарымен «Халық банк» АО АФ шағын бизнесті несиелеу орталығының менеджері Маннапова Қанағат таныстырды. Жалғансай ауылдық округінің тұрғыны несиеге техника алып, тұрып жатқан баспанасын кепілге қоймақшы болғанда «Халық банк» өтінішін кері қайтарыпты. Себебін жауапты маман анықтап берді. «Халық банктің» шағын бизнеске арналған несие бағдарламасында ауыл- аймақтарға белгілі бір шектеулер қойылмаған. Сомаға сәйкес, кепілге үйді, көлікті, тіпті жеке бизнес ғимараттарын да салуға болады. Алайда қамыстан салынған, 1980 жылдан бұрын тұрғызылған ескі үйлер кепілге алынбайды. Жалғансайлық азаматтың да өтінішін кері қайтаруға осы себеп болған.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының бас маманы Дулат Атоллаұлы да кәсібін жаңадан бастағалы жүрген кәсіпкерлерге тиімді бағдарламаларды таныстырып, жеңілдіктерді түсіндірді.
Біздің корпорация арқылы жүзеге асатын бағдарламаларға тоқталып өтсем. Ең алдымен «Агробизнес» бағдарламасы ауыл шаруашылығын дамытуға, мал басын көбейтуге, ауыл шаруа- шылығы техникаларын сатып алуға беріледі. Бағдарлама болған соң 22,75 %-бен беріледі. Оның 6%-ын тұтынушы төлейді, 16,75 % субсидияланады.Несие мерзімі 10 жылға дейін, ал сомасы 1 миллион теңгеден жоғары болады. Жеңілдік мерзімі 2 жылға дейін болса, төлем тәртіптерін жылына бір рет немесе екі рет қоюға да мүмкіндік беріледі. Төрт түлік малға да несие беріледі. Әлбетте жас ерекшеліктері ескеріледі. Мәселен, жылқы малы 24-72 ай аралығында бағаланады. Аналығына 480 мың, айғырына 550 мың теңгеге дейін төленеді. Біздегі бағдарламаның барлығы да кепіл саясатымен жүзеге асады. Орналасқан аймағына қарай оның да есептеу бағаны бар. Атырау қаласында орналасса, алған құнының 80%, аудан орталығына 70%, ауыл-аймақтарға 60 % дейін алынады. Кепілге қойылған үйдің уақыты салынғанына 60 жылдан аспауы тиіс. Екінші – «Іскер» бағдарламасына да биыл өзгерістер енгізіліп отыр. Атап айтқанда өткен жылы аталмыш бағдарлама қалыптасқан жеке кәсіпкерлігіне 3 жыл болған азаматтарға ғана арналса, енді бұл шектеу алынып тасталды. Демек, кәсібін жаңа бастап жатқандар да 6 % жеңілдікпен осы бағдарламаға қатыса алады. Басты талап – жеке кәсіпкердің бір ғана табыс көзі анықталады, қосымша жұмысы болмауы керек. Мал шаруашылығына 5 миллион теңгеге дейін, кәсіпкерлік мақсатқа 6 миллионға дейін беріледі. «Агробизнес» бағдарламасының тиімді бір тұсы «Іскерде» мал шаруашылығы бағытында несие алсаңыз, мал бағатын жер телімі болуын міндеттемейді. Сонымен қатар тек кәсіпкерлік бағытта берілетін «Іскер» бағдарламасының жергілікті бюджеттен қаржыландыруы да тиімді ұсыныс деп айта аламыз. Ауылдық жерде дүкен, фаст-фуд, көлік жөндеу орталығын ашуға немесе айналым қорына қаржы салуға дәл осы 7 пайыздық несие бағдарламасын ұсына аламыз. Жаңа атап өткен 6 пайыздық бағдарламада несиеге өтініш білдіруші өз-өзін қамтып отырған кәсіпкер болуы керек деген нақты талап қойылса, 7 пайызбен алушылар жұмыс жасайтын немесе зейнеткер болса да өтініш қабылданады. Өтініш берушінің несие тарихы мен салықтық берешегі де ескеріледі. Кепіл қарыз алушының атында болуы шарт емес, Қазақстанның қай қаласында орналасқан болса да кепілі қабылданады,-деп бас маман «Аграрлық несие корпорациясының» кәсіпкерлер мен шаруагерлерді қолдауға арналған бағдарламаларын жіті түсіндіріп берді.
Көшпелі семинарға қатысушыларға баяндама жасаған басқа да ресми өкілдердің қатарында облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Дина Абишева, «Атырау» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясынан Гүлден Асғатова, Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы туризмді дамыту бөлімінің бас маманы Динара Тоқсанова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламаларды ілгерілету бойынша бас менеджері Роза Байсалихова да болды. Мамандарға тұрғындар тарапынан қосымша сұрақтар қойылып, ауызша түрде жауап алынды. Жиын соңында аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев барша қатысушыларға алғысын білдіріп, елімізде басымдық берілген ауыл шаруашылығы саласындағы мәселе көпшілікке ортақ екенін атап өтті. Осы тұста түсінік жұмыстарын жүргізетін семинарлар мен кездесулер жиі өткізілсе, халыққа дұрыс бағыт-бағдар беруге мүмкіндік болатынын түсіндік.
А.САТАЕВА