Торқалы тоқсанға келген ұлағатты жан

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Міне, сондықтан мұғалім құрметті тұлға ретінде ерекшеленеді. Жалпы ұстаз әлемді көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана тәрізді. Иә, ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Сырттай қарағанда қарапайым болғанымен, тарихта ұлы істерді атқарып жүрген бар жұмыс – ұстаздікі. Білімге баулып, биікке ұшыратын оқушылардың оқуда озат, өмірде патриот болуы ұстаз ұстанымына байланысты.

Мейлі сіз ғалым, дәрігер, ғарышкер, депутат болып кетсеңіз де осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Мұғалім еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету – сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп бекер айтпаған. Ұстаз қаншама ұлы адамдардың тұлға болып қалыптасуына септігін тигізген ұлылық иесі десек те болады. Ұстаздың жолы – дара жол.

Ортақшыл ауылында тұратын ұлағатты ұстаз Нұрбетай Жұмабаева апай 90 жасқа толып отыр. Нұрбетай апа 1935 жылы Талдықорған облысы, Көксу ауданы Алғабас деген жерде өмір есігін ашыпты. Мектептегі он жылдықты бітірген соң Алматы мал дәрігерлік-зоотехникалық инсти­тутына оқуға түсіп, оны зоотехник мамандығы бойынша аяқтаған. Жоғарғы оқу орнын аяқтар тұста өз курстасы, Ортақшыл ауылының тума­сы Бағытжан Биғазиевпен 1957 жылы шаңырақ көтеріп, киелі шаңыраққа келін болып түскенін айтады.

Жас маман ретінде алғашқы еңбек жолын 1958 жылы Нұрбетай апай мен Бағытжан аға Индер ауданы, Бөдене ауылындағы Сталин атындағы колхоздан бастайды. Нұрбетай апа сауыншылардың сауған сүтінің күн сайынғы есебін шығару, қой қашыратын пунктті дайындау, көктемде қозы санау, оны күзде айыру сынды жұмыстарды абырой­мен атқарған. Бағытжан аға екеуі колхозда бірі бас зоотехник, екіншісі зоотехнигі болып, бес жылдай еңбек еткен. Осы жылдар ішінде біраз тәжірибе жинақтап, Бағытжан аға 1963 жылы Сарайшық ауылындағы облыстық ауылшаруашылық ғылыми- зерттеу стансасына ғылыми қызметкер ретінде қабылданады. Осылайша отбасымен Сарайшыққа қоныс аударған олар тағы да бір мекемеде еңбек етеді. Кейін Бағытжан аға бір жылдық директорлар курсын аяқтап, Заурал кеңшарына бас зоотехник бо­лады. Отбасымен Ортақшылға көшіп келіп, апай балабақшада меңгеруші болып, жұмыс істеген. Ағай Заурал кеңшарында директор лауазымын да абыроймен атқарған. Ол кісі 1994 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін біраз жыл кеңшарда еселі еңбек етті. Апай мен ағай мағыналы ғұмыр кешіп, шаңырақта 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол балалары өсіп-өніп, немере, шөбере сүйді. 2001 жылы Бағытжан аға өмірден озып, артында жан жары мен ұрпағы қалды.

Нұрбетай апа Гурьев педагогика институтының химия-биология мұғалімі мамандығы бойынша сырттай білім алып, Қосарал орта мектебінде көп жылдай биология пәнінен сабақ берді. Өз пәнінің білікті маманы тәртіп пен тәрбиені қатар қоя білген педагог болды. Он жеті жыл бойы жас ұрпаққа саналы, сапалы білім беруге зор үлес қосты. Нұрбетай апа 1985 жылға дейін мектепте дәріс бергенін, талай та­лантты, дарынды шәкірттер тәрбиелеп шығарғанын айтады. Бүгінде ол кісіден тәлім алған шәкірттері еліміздің әр саласында еселі еңбек етіп жүр. Атап айтсақ, Ерсайын Құлмағанбетов, Самат Жайлашев, Света Нұрғалиева, Ғалия Мамбетова, Гүлжамал Есенжанова, Зоя Құсанова, Дина Стамғазиева, Сәнім Қошқарбаева, т.б. Қашанда мектептің, ауылдың қоғамдық жұмыстарынан ешқашан тыс қалмаған апайымыз қай іске болсын етене араласып жүрген. 1970-1973 жылдары ауылдан алғаш рет әйелдерге арналған сауат ашу курсын да ашқан. 1972 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының редак­торы Ш.Бисенова Ортақшылға келіп, Нұрбетай апамен сұхбаттасып, ол жетекшілік еткен курс туралы журналға көлемді мақала жариялаған. Сонымен қатар апай 1980-1985 жыл­дары ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, түрлі мәдени шараларда, әжелер ансамблінде өнер көрсеткен. «Шаңырақта жолдасым Бағытжан өмірге келген 11-12 баладан қалған жалғыз еді. Кезінде отбасында бәрі шетінеп, жалғыз өзім ғана қалдым деп отырушы еді жарықтық. Ағаң екеуміз 4 ұл, 2 қыз өсірдік. Олардан қазір 26 немере, 30 шөбере сүйіп отырмын. Жапырағы жайылды деген осы емес пе? Тұңғышым Гүлжамал Қосарал мектебінде 20 жылдай еңбек етіп, ауыр дерттен 2006 жылы өмірден өтті. Ұлым Серік Атырауда жеке фирмада еңбек етсе, Бекзадам қаладағы мектептерде ұстаздық етеді. Ұлым Ерлан құқық қорғау саласынан зейнетке шығып, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ер­бол да қаладағы фирмада жұмыс істеп жүр. Кенже ұлым Қауыс жүргізушілік қызметте жүріп, 2008 жылы көлік апатынан көз жұмды. Келінім Гүлжан екеуі 2 ұл, 2 қыз өсірген-ді. Бүгінде олардың үшеуі оқу орындарын бітіріп, жұмыс істеп жатыр. Кенжесі Елназ мектеп бітіріп, Алматы қаласындағы Қ.Сатпаев университетіне грантқа оқуға түсті. Гүлжан келінім мектепте ұстаздық етіп жүр. Қара шаңыраққа төрт келін түсіріп, екі қыз ұзаттық. Аллаға шүкіршілік етемін. Бүгінде мен жасым 90-ға аяқ басып отырған жайым бар. Бір ғасырға жақындап жатқан бақытты әжемін. Аман жүріңдер, айналайындар!» деп торқалы тоқсанға келген ұлағатты ұстаз ақ батасын берді.

Ардагер-ұстаз туралы әріптесі Ділдаш Туралина былай дейді: « Бүгінде білім саласының ардагері Нұрбетай апай асқаралы 90 жасқа толып отыр. Мен Қосарал мектебіне 1988 жылы жаңадан оқу орнын бітіріп, жұмысқа келгенімде апай зейнеткерлікке шығып жатыр екен. Ол кісі жаны жайсаң керемет жан. Адам баласына қабақ шытып, дауыс көтеріп, жамандық ойламайтын жан. Біз ол кісіден тек «айналайын» деген сөзден басқаны естімедік. Ешқашан балаға зекімейтін. Оқушылар Нұрбетай ұстаздың сабағын аса бір қызығушылықпен тыңдайтын. Ол кісі бала жүрегіне терең үңіліп, шынайы сөйлесе алатын абзал ұстаз болды. Жас ұстаздардан ақыл-кеңесін аямай­тын. Екі қызы да өзінің жолын қуып, ұстаздықты таңдады. Мен ол кісіден өмірге дән риза, бай – қуатты әдемі қартайған әже бейнесін көріп келе жатырмын» дейді ұстазы жайлы жақсы ойларымен бөлісіп..

Иә, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие, жақсы қасиеттерді бойына молынан дарытқан, адамгершілік игіліктеріне бағыттаған Нұрбетай ұстаздың еңбегі зор. Осы еңбегін елі де, есболдықтар да, шәкірттері де жақсы біледі. Жуырда ғана торқалы 90-ға келген апайымызды аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев арнайы құттықтап барып, Алғыс айту күнінің қарсаңында құшағын гүлге толтырды. Осы жасқа келгенде тек жастардың алғыс-ілтипатын күтетін анамыз бір марқайып қалды. Ұстаз болып, ұлттың баласын тәрбиелеген, ана болып, өз ұрпағын қамқорлаған Нұрбетай сынды қайсар қазақ әйелдері қоғамның алтын діңгегі іспеттес.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT