Заңгер – жастар ортасында

 «Жеті жарғы» қоғамдық қорының бастамасымен Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, заңгер Абзал Құспан ауданымызда болып, жа­стармен кездесті.

 -Мен екі санаттағы адамдармен кез­десуден ешқашан бас тартпаймын. Олар – жастар мен көпбалалы аналар. Өйткені, жастар – еліміздің болашағы. Көпбалалы аналар – қазақтың санын көбейтуге атсалысып отырған нағыз батырлар.

Қазақта «Дала заңы», «Яассы заңы», «Жеті жарғы» секілді заңдар болған. 19 ғасырдың ортасынан бастап бізге дәл қазіргі сіз бен біз өмір сүріп жатқан еуропалық үлгідегі заң жүйесі келіп кірді. Ол біздің басымыздан еркіндік кетіп, бодандықтың қамытын киген за­ман болатын. Бұл заманда біздің ұлы Абай өмір сүрді. Абайдың өзі де бо­лыс болған адам. Сол ел басқарған кезінде еуропалық үлгідегі заң жүйесін дала заңына, халықтың ұстанымына лайықтап 74 түзету енгізген. Қазіргі қолданыстағы заңнаманың негізі сол кезден бастап қаланған.

Бізде қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады. Қазіргі кезде қылмыстық топтар мектеп оқушыларын пайдаланып, қылмыстарын жүзеге асы­рып жүр. Осындай топтардың алдауына еріп, құрықтарына түсіп қалудан сақ болыңыздар,- деген А.Құспан одан әрі залдан түскен сауалдарға жауап берді.

Жастар тарапынан «Заңгер мамандығын бітіріп жатқандар көп, бірақ неге жұмыс аз?», «Прокурор, адвокат, судья болу үшін еліміздегі қай жоғары оқу орнына баруға кеңес бересіз?» т.б тақырыптарда сұрақтар қойылды. Бұл сауалдарға жауап берген заңгер заман өзгерген сайын қылмыстың да түрі өзгеретінін, қазір елдің барлығы қаржысын счетта сақтайтын болғандықтан киберқылмыстың көбейіп жатқанын, қылмыстың осы түрімен күресетін кибертергеуші, киберпрокурор, кибе­радвокат секілді мамандықтарға әлем бойынша сұраныс өте жоғары екенін айтты. Заңгер мамандығына сапалы білім беретін жоғары оқу орны ретінде М.Нәрікбаев университетін, полиция болғысы келетіндер үшін Қарағанды по­лиция академиясын ұсынды.

Бұдан бөлек, депутат сыбайлас жемқорлық, діни идеология бағытында да ойларын ортаға салды.

Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT