Биыл ұлттық валютамыз – теңгенің айналысқа енгеніне 30 жыл толды. Бұл күн қаржы секторы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Қаржыгерлер күнімен де тікелей байланысты. Осы отыз жыл ішінде Махамбет ауданының қаржыгерлері де ел экономикасының темірқазығы саналатын теңгенің тұрақтануына елеулі үлес қосты.
Осы орайда аудандық мәдениет үйінде Ұлттық валюта — Теңге күні мен қаржыгерлер күні мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. “Ұлттық теңге – экономикамыздың діңгегі” атты шараға аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Қайыржан М а ж и е в а р н а й ы қ а т ы с ы п , қаржыгерлерді төл мерекелерімен құттықтады.
— Бүгінгі күн тек қаржыгерлердің ғана емес, Ұлттық валютаны, яғни теңгемізді күнделікті қолданатын барша қазақстандықтың мерекесі деуге әбден болады. Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1993 жылдың 15 қарашасында Егемен еліміздің төл теңгесі айналымға енді. Осы уақыт аралығында біздің ұлттық валюта әртүрлі сындардан өтті, бірақ соған қарамастан, біздің экономикалық модель қабілеттілігін көрсетті. Қаржы саласының барлық қызметкерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Сала мамандарының жемісті еңбегінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – бюджет кірістерінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Мемлекеттік жүйенің маңызды бөлігін дамыту мақсатында аянбай еңбек етіп, алға қойған жоспарларды іске асыруға атсалыстыңыздар. Қаржыгерлердің жоғары білімі мен әлеуеті еліміздің қаржы игілігін қамтамасыз етуге келешекте де ықпал етеді деп сенемін,- деді аудан әкімі.
Аудандық мәслихат төрағасы да ел экономикасын дамыту туралы сөз қозғағанда оның күретамыры қаржы жүйесін айналып өту әсте мүмкін емес екендігін айта келе, мемлекетіміздің рәміздері бейнеленген ұлттық теңгеге деген құрмет қашанда жоғары болуы керектігін атап өтті.
Кейін ауданымыздың экономикалық дамуы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан бір топ қаржыгер облыс және аудан әкімінің, мәслихат төрағасының Алғыс хатымен марапатталып, құрметке бөленді. Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, патриоттық әуезді әндердің қызығына батқан көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Қ.БАҒЫТ