Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев Махамбет ауданында өткен Атырау облысы аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерінің оқу-жаттығу жиынына қатысты. Әскери жиын «ҚазТранс Ойл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының «Карманова» мұнай жылыту стансасы маңында өтті.
Тактикалық эпизод бойынша «содырлардан» құралған екі топ Карманова мұнай жылыту станциясы маңына өрт қойып, шабуыл жасады. Дереу «төтенше жағдай» жарияланып, бақылау-өткізу бекеттері күзет роталарымен күшейтілді. Жүк көлігіндегі «содырлар» екі жақтан шабуыл жасады. «Зардап шеккен» әскери қызметкерлерге жедел жәрдем шақырылды. Көру мүмкіндігін азайту үшін жеке құрам ұрыс алаңында арнайы түтін гранаталарын пайдаланды. Осы сәтте полиция департаментінің жедел әрекет ету жасағы (СОБР) аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамымен бірге «содырларды» қоршауға алды. Қашып кетпек болған көлікті полицияның арнайы жасақтары тоқтатып, «содырлар» ұсталды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары тактикалық-арнайы оқу-жаттығулардың сәтті өтуі үшін белсенділік танытқан лауазымды тұлғалар мен әскери қызметкерлерді жоғары тәртіп пен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін Алғыс хатпен марапаттады.
- Бейбіт заман аспанында күніміз атқанымен, әскери қызметкерлер кез келген оқыс оқиғаға дайын болуы керек. Бүгінгі оқу-жаттығу жиынының мақсаты да сол. Ел басына күн туса, бірінші кезек қатарында осындай әлеуметтік маңызы бар нысандардың күзеті күшеюі тиіс. Дәл бүгінгідей әскери форма киіп, тек оқу-жаттығуда кездесейік. Отанға деген адал қызметтеріңізге алғыс, - деді Қ.Нұртаев.
Шара барысында жедел медициналық жәрдем қызметкерлері мен өрт сөндірушілер де жедел әрекет етті.
Тактикалық - арнайы оқу - жаттығулар әскери борышын өтеуге міндеттілердің салтанатты маршымен аяқталды.
Бірнеше күнге созылған оқу- жаттығу барысында әскери қызметшілер Сарытоғай ауылындағы «Арай» лагерінің базасында орналасты.
Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ,
Махамбет ауданы